in

Несие төлей алмай жүргендер не істейді?

Бүгінде елімізде мыңдаған адам несиені уақытында төлей алмай, қаржылық қиындықтарға тап болуда. Көпшілігі тұрақты табыстың болмауы, жұмыстан айырылу, денсаулық мәселелері немесе күтпеген шығындар салдарынан төлем қабілетін жоғалтады. Мұндай жағдай кез келген адамның басына түсуі мүмкін. Ең бастысы — бұл қиындықтан заңды жолмен шығуға болатынын білу.

1. Ешқашан жасырынбаңыз

Кей адамдар банк немесе микроқаржы ұйымынан қашып, телефонға жауап бермей, қарызды елемеуге тырысады. Бұл — ең үлкен қателік. Қаржы ұйымымен байланысқа шығып, жағдайыңызды ашық айтсаңыз, екі тарапқа да тиімді шешім табуға болады. Банктер, әдетте, клиенттен мүлдем айырылғаннан гөрі, қайта келісіп, төлем жоспарын өзгертуге дайын болады.

2. Қайта құрылымдау туралы өтініш беріңіз

ҚР заңнамасына сәйкес, әрбір азамат несиені қайта құрылымдау туралы өтініш бере алады. Бұл — несиенің төлем мерзімін ұзарту, пайыздық мөлшерлемені азайту, ай сайынғы төлемді төмендету немесе төлем демалысын алу деген сөз. Өтініш жазбаша түрде, қоса тіркелетін құжаттармен бірге банкке немесе МҚҰ-ға тапсырылады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, егер жағдай объективті түрде дәлелденсе, қаржы ұйымдары бұл өтінішті қарауға міндетті.

3. Заң көмегін алыңыз

Егер банк келісім бермесе немесе қысым жасай бастаса, кәсіби заңгерден кеңес алыңыз. Бүгінде Қазақстанда тегін құқықтық көмек көрсетуге арналған бірнеше ресми әрі нақты мүмкіндік бар:

4. Соттан қорықпаңыз

Егер мәселе сотқа жетсе, бұл – үкім емес. Керісінше, бұл — жағдайды бейтарап әрі әділ түрде шешуге мүмкіндік беретін алаң. Сот барысында сіздің төлем қабілетіңіз, отбасы жағдайыңыз, әлеуметтік мәртебеңіз (мысалы, көпбалалы немесе жалғызбасты екеніңіз) ескеріледі. Нәтижесінде қарызды бөліп төлеу, төлемді кейінге шегеру, кей жағдайларда өсімпұл мен айыппұлдарды алып тастау шешімдері қабылдануы мүмкін.

5. Жеке тұлғаның банкроттығы туралы заңды пайдаланыңыз

2023 жылдан бастап Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Бұл заң азаматтарға белгілі бір рәсімдер арқылы қарызынан заңды түрде құтылуға мүмкіндік береді. Аталған заңға сәйкес, банкроттық үш түрлі жолмен жүзеге асады:
– Соттан тыс банкроттық (ресми түрде жұмыс істемейтін, табысы жоқ және мүлкі жоқ адамдар үшін);
– Сот арқылы банкроттық (қарызы 5 млн теңгеден асатын, табысы бар, бірақ төлеу мүмкіндігі жоқ адамдар үшін);
– Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру (уақытша қиындыққа тап болған азаматтар үшін).

Банкроттық рәсімінен кейін қарыздар кешірілуі мүмкін, бірақ азамат 5 жыл ішінде қайта несие ала алмайды және 3 жыл қаржылық бақылауда болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз