in

Қор сарқылса, мол сарқылады…

Шындығын айтқанда, Қазақстанның жер пайдаланушылары осы қиындық пен шығыннан 30 жыл бойы қашып келді. Еліміздің барланған минералды шикізат базасы – Кеңес Одағы ғалымдарының еңбек-мұрасы. Бірақ енді бұл жұмыстарды кейінге ысыра беруге болмайды.

Геология саласында жетістік те, оқылық та бар 

Әуелі сөз басын жетістіктерден бас­та­лық. Қазақстанның геология саласы даму мен инвестиция тарту бағытында айтарлықтай нәтижелер көрсетіп отыр. Елімізде соңғы 30 жыл ішінде темір, марганец, алтын, уран, мұнай және газ сияқты пайдалы қазбалар қорының өсуі байқалады. Минералдық-шикізат базасында қатты пайдалы қазбалардың 987 кен орны бар. Оларды барлау қар­қыны оң нәтижелер көрсетуде. Былтыр ірі халықаралық компаниялар геология­лық барлауға шамамен 41 миллиард теңге инвестициялаған. 2018 жылдан бері 2 906 барлау лицензиясы және 111 өндіру лицензиясы берілген. Соңғы бес жылда геология саласына 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде жеке инвести­циялар тартылды. Мем­лекеттік геология­лық зерттеу аясында жер қойнауын зерттеу жұмыстары жалғасуда, оның ішінде Құйрықтыкөл учаскесіндегі іздес­тіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл учаскедегі қорлар шамамен 800 мың тонна сирек жер металдарын құрайды. Десе де, геология саласында жетістіктер­мен қатар кем­шіліктері де бар екенін мемлекеттік орган өкілінің өзі де мой­ын­дап отыр.

«Алайда геология саласы бірқатар мәселеге тап болуда. Олардың ішінде ғылыми кадрлардың тапшылығы, инфра­құрылымдардың жоғы немесе нашарлығы, болжамды қорлардың жүзе­ге асырылу деңгейінің төмендігі және геологиялық барлау жұмыстарын жеткіліксіз қаржыландыру бар. Расында да, басқа елдермен салыстырғанда Қазақ­станда мемлекеттік геологиялық барлауға бөлінетін қаржы көлемі төмен. Шетелдік инвесторлар геологиялық ақпаратқа қол жеткізуде қиындықтарға тап болуда. Бұл жер қойнауын пайда­лану­ға инвестиция тартуды қиындатып отыр.

Осы мәселелерді шешу үшін ел аумағының геологиялық зерттелу дең­гейін арттыру, геология саласының инфра­құрылымын және геология ғы­лым­ын дамыту, сондай-ақ өндірістік-техникалық процестерді цифрландыру мен автоматтандыру жоспарлануда. Бүгінде Қазақстан аумағының геология­лық барланған көлемі 2 миллион шаршы шақырымнан асады, бұл жалпы аумақ­тың шамамен 74%-ы. 2026 жылға қарай зерт­теу аумағын 680 мың шаршы ша­қы­­рым­ға дейін ұлғайту көзделуде. Ал 2029 жылға қарай пайдалы қазбаларды өн­діру­ді 40%-ға арттыру жоспарлануда. Осылайша, бар қиындыққа қарамастан, Қазақстанның геология саласы дамуын жалғастырып, инвесторлар тартып, ел­дің тұрақты экономикалық өсімі үшін жаңа тәсілдер енгізілмек», – дейді Өнер­кәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының орын­басары Марғұлан Байбатыров.

Оның айтуынша, 2025 жылы «Қаз­МұнайГаз» компаниясы Атырау, Ақтөбе және Ұлытау облыстарындағы «Береке», «Шығыс» және «Шу-Сарысу» учаскеле-р­інде геологиялық барлау жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ 2024 жылы «Шеврон» компаниясымен Ақтөбе облысында зерттеу жүргізу тура­лы келісімге қол қойылған. Үкімет гео­логиялық барлауды ынталандыру үшін өз қаражаты есебінен жер қойнауын барлаумен айналысатын инвесторлар үшін салық жеңілдіктері мен преферен­ция­лар енгізуді, геологиялық барлаудың практикалық кезеңіне жедел көшуге мүмкіндік беретін сараптама кезеңдерін қысқартуды және әкімшілік кедергілерді жоюды қарастырып отыр. Қазақстан гео­логиялық деректерді белсенді түрде цифрландыруда. Мәселен, OCR және AI көмегімен мұрағаттық деректерді ауқымды цифрландыру, сондай-ақ цифрлық модельдерді құру үшін графи­ка­ны цифрландыру іске қосылды. Елі­міздің геологиялық қорларындағы алғашқы геологиялық ақпараттың жалпы көлемі 4,5 миллионнан астам бірл­ікті құрайды. «Жер қойнауын гео­логиялық-гео­фи­зикалық зерттеудің 2019-2024 жылдарға арналған мемлекет­тік бағдарламасын» іске асыру бойынша негізгі төрт бағыт бойынша 112 учаскеде жұмыстар аяқ­тал­ған. Оның қорытынды­сында бол­жамды ресурстары бар 38 перс­пективалы бағыт анықталды. Олар – 2,6 млн тонна сирек жер метал­дары, 3,7 млн тонна мыс пен никель, 1,1 млрд тонна қоңыр көмір және 19 тонна алтын. Бұдан басқа, мұнай-газ өнер­кәсібі Арал шөгінді бас­сейнінде 266 млн тонна көлемінде алынатын көмірсутек ресурстарын рас­­тады. Енді «Жер қойнауын геология­лық-геофизика­лық барлаудың 2025-2026 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдар­ламасын» іске асыру жалғасатын болады. Ол қал­ған 200 мың шаршы шақырымды қамтиды. Негізгі назар оңтүстік және батыс өңірлерге, соның ішінде Сырдария ба­ссейніне және сирек металдар бойынша перспективалы аймақтарға аударылады.

Қаржы мен қауіпсіздік егіз

Еліміздің ғана емес, әлемнің көптеген елінің тау-кен, қаржы, ақпараттық тех­­но­логия және тағы да басқа салалар­ын­дағы тәуелсіз сарапшылар мен кәсіби мамандардың басын қосқан Қазақстан­ның 3-ші халықаралық тау-кен конгресс-көрмесінде геологиядан бастап қаржы, қауіпсіздік, өндіріс, технология, кадр мә­се­лелері айтылды. Мәселен, соның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының атқарушы директоры Ай­нұр Қаппарова тау-кен саласын қар­жыландыру мақсатында жаңа жобалау кеңселері ашылғанын хабар­лады. АХҚО-да бүгінде 3 мыңнан астам ком­пания тіркелген болса, оның 500-ден астамы қаржылық компаниялар екен. Сондай-ақ тау-кен саласы инвес­тор­­лары­ның да қарасы қалың.

«Бүгінде геологиялық барлау кезең­індегі жобаларды қаржыландыру мә­се­лесі қиындау екенін көріп отырмыз. Мәселен, елімізге қаржыландыратын жоба іздеп келетін көптеген қор, ин­вестор, страте­гия­лық компаниялар бар. Екінші жағы­нан бізде жобасына қаржы іздеп жүрген кәсіпкер де көп. Бірақ неге екенін бе­лгісіз, олар өзара жиі кездесе бермейді. Сондықтан да менің ойымша, әр жобаға жеке-жеке қар­жыландыратын құрал іріктеп шығару керек сияқты. Осы мақ­сатта бүгін сіз­дерге осы концепцияны таныстыруға келіп отырмын», – деді ол.

Өзінің жасап шығарған жобасын инкубатор сипатындағы құрал екенін айтқан қаржы маманы одан бөлек түрлі қормен немесе тікелей инвестиция­лармен жұмыс істеу мүмкіндіктері туралы да түсін­дірді. Жиында сондай-ақ кен орын­дарындағы қауіпсіздік жайы да сөз болды.

«Соңғы уақыттары адам өліміне алып келген техногендік апаттардың болып жатқанын білесіздер. Сондықтан да Мемлекет басшысының тапсырмасы­мен «Азаматтық қорғаныс туралы» заңға өзгерістер мен түзетулер енгізілуде. Заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр. Онда біздер «Кәсіпкерлік кодексінде» көрсетілген 5%-дық шек­теуді алып тастау жайын қозғап отырмыз. Бірақ бұл барлық кәсіпорынға жаппай тексеріс жүреді деген сөз емес. Айталық, бізде қада­ғалауға жататын қауіпті өндірістік субъекті боп саналатын 10 мың­нан ас­там кәсіпорын, қауіпті өн­дірістік объект боп саналатын 200 мыңнан астам кәсіп­орын бар. Заң қа­былданған жағдайда солардың ішіндегі «ерекше қадағалауда» тұрған­дарын міндетті түрде тексереміз. Сол сияқты құжатқа технологиялық қайта жарақтану, Кәсіби апаттық-құтқару қызметін нығайту мәселелерін енгізіп отырмыз», – дейді Төтенше жағдайлар вице-министрі Серік Төленбергенов.

Стратегиялық шешім қабылдау қажет

Қазақстанның минералды-шикізат базасына қатысты ең үлкен проблема – барланған ресурстардың шектеулі екен­інде. Дәл қазіргідей өндіру қар­қыны­мен металл кені берісі 20 жылда әрісі 40 жылда таусылуы мүмкін. Ал 100 жыл көлемінде түгелдей сарқылып бітпек. Мұнай-газ саласына қатысты да осыны айтуға болады. Көміртегі қоры бүгінгі жылдық 100 млн тонна өн­діру көлемімен ресми түрде 60 жылға дейін жетеді делінеді. Онда да мұндағы ресурстық база тек 3 кен орнының, атап айтқанда Қа­ра­шығанақ, Теңіз, Қашағанның арқасында ғана мол болып көрініп тұр. Елі­міздегі мұнай өңдеу зауыттарын ши­кі­затпен қамтып отырған солар. Одан өзге кен орындарының қоры 5-15 жыл­дан әрі аспайды. Ал геологиялық барлау жұмыстары баяу жүруде. Ендеше мұндағы басты қауіп  мемлекет кірісінің 70%-ын осы сек­тордан түсетін табыс құрайтыны болып отыр. Сондықтан сала­ның орнықты дамуына дұрыс көңіл бөл­ген жөн. «Қор сарқылса, мол сар­қылады» демекші, мамандар бүгінгі бар рес­урстар күткен уақыттан да бұрын тау­сылуы мүмкін екенін айтады. Сол себеп болжамдарға сенбей, минералды-шикізат базасын толықтыру бағытында жедел шаралар қажет. Бір сөзбен айтқан­да, Қазақстан стратегиялық шешім қабылдау қарсаң­ында тұр.

«Мен геологиялық саланың мәселе­леріне ерекше тоқталғым келіп отыр. Соңғы үш жылда металдар мен минер­ал­ды шикізаттың өзге де түрлеріне баға тұрақты өскеніне қарамастан, геоло­гиялық барлауға мемлекет тарапынан да, жер қойнауын пайдалану­шылар тара­пынан да инвестиция бөлу азайып кетті. Оның соңы келеңсіз сал­дарға әке­ліп отыр. Мәселен, саладан білікті ма­мандар жаппай кете бастады, сер­вистік компаниялар дағдарысқа тап болды. Жағдайды қазіргі заманғы жаб­дықтарды, технологияларды және бағдарламалық шешімдерді енгізу арқылы ішінара рет­теуге тырысқанымен, оның әсері әзірге аз болып тұр. Бұл тұста ең қатты алаң­даушылық тудыра­тыны геологиялық барлау саласында кәсіби сабақтастықтың жоғалып бара жатқаны», – дейді Esil-Mining компания­сының бас консуль­танты Николай Каменский.

Білікті маман геологиялық саладағы проблемаларды шешудің бірнеше жолын ұсынып отыр. Соның бірі – бүгінде қоры сарқылып бара жатқан «қара ал­тын­ға» қатысты. Айтуынша, еліміздегі МӨЗ-дерде өңделетін табиғи мұнайды көмірден алынған синтети­калық мұнай­мен алмастыруға болады екен. Ол үшін елі­мізде көмір-химия кешенін осы бас­тан дамыту қажет. Көмір­ді терең өң­деу арқылы ішкі сұранысты, яки бү­гінде жылына 2-3 мил­лион тоннаны құрайтын мұнай өнімдерінің, соның ішін­де негізінен дизельдік отын тапшы­лығын ішінара өтеуге болады. Сонымен қоса, көмір химиясын дамыту жоғары қосылған құны бар экспортқа бағытталған өнім­дерді өндіруде зор перспектива ашпақ. Олар – метанол, синтетикалық майлар, еріткіштер, халықаралық нарықта сұранысқа ие пластмасса және басқа да химиялық материалдар.

«Минералды-шикізаттық базаның орнын толтырудың бірден-бір жолы – жер қойнауының терең горизонттарын барлауды мемлекет тарапынан аямай қаржыландыру. Сондай-ақ борпылдақ шөгінділер астындағы қабатты да зерт­теуді назардан тыс қалдырмау қажет. Дәл қазір Қазақстан үшін пайдалы қаз­ба­лардың барлық дерлік түрінің өндірістік қорын ұлғайту үшін орасан зор мүмкіндік туып тұр. Тек ол ресурстың бәрі қалың жер қабатының астында жас­ыр­ылған. Кем дегенде 300-400 метр­ден төмен тереңдікте жатыр. Бұл мәселені шешу үшін қомақты инвес­ти­ция, білікті кадрлар, геологиялық бар­лауды дамытудың ұзақмерзімді стратегиясы қажет. 

Осы тұста геологиялық барлауға ин­вестиция тартуды ынталандыруға қатысты балама жолдарды ұсынғым келеді. Соның бірі – жер қойнауын пайдаланушыларға ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыс­тарға (НИОКР) бөлетін қаражатының бір бөлігін геологиялық барлау жұмыс­тарының кен іздеу кезеңіне пайдалануға рұқсат беру. Қазір мұндағы жылдық ше­герімдер 157 млрд теңгеден асады, мәселен 2024 жылы 167,2 млрд теңге бол­ған. Ал іздеу жұмыстарына бірде-бір тең­ге бөлінбейді.

Сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстарға бөлінетін қаражаттың бір бөлігін кен іздеу жобаларын жүзеге асыратын кіші компанияларға грант ретінде беру жол­дарын қарастырған жөн. Бұл барлаудың бастапқы сатысына жеке бас­тамаларды тартуға, жаңа кен орын­дарын ашуды жеделдетуге, перспек­тивалы геологиялық идеяларды жүзеге асыру арқылы саланы жандандыруға мүмкіндік береді», – дейді Esil-Mining компаниясының бас консуль­танты Николай Каменский 3-ші халық­аралық «Қазақстанның тау-кен конгрес­інде» сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, қазір әлемдік гео­­­логияда орасан зор ауқымдағы жұ­мыс­тарды қысқа мерзімде орындауға мүм­кіндік беретін көптеген жаңа технология мен мүмкіндік пайда болған. Ал осыдан 20 жыл бұрын ол жұмыстарды жүзеге асыру үшін үлкен ұжымдар айлап-жылдап еңбек ететін. Десе де, мұндай ілгерілеу­шілік негізі­нен гео­логиялық барлау жұмыс­тары­ның соңғы кезеңіне, яки қоры­тынды есептерді жазу­ға ғана қатыс­ты. Оған дейінгі жұмыс­тарға бәрібір де адамның тікелей араласуы керек. Ал ол жұмыс­тар ұшқан құстың қанаты та­латын, адам аяғы баса бермейтін, құла түзде жүргізіледі. Сондықтан да оған қыруар қаржы, қажырлы еңбек қа­жет. Мә­селен, На­мибияда бұрғылаудың ұзына бойғы метрі 200 доллар, Зимбабведе 170-180 доллар тұрады. Ал Қазақ­станда – 70-80 АҚШ доллары. Бұл сервистік ком­паниялардың табысты­лығын қамта­ма­сыз етпейді. Осыған ұқсас жағдай гео­­физикалық, геохимия­лық, геология­лық барлау және басқа да жұмыстарға да қатысты. Саланы тұрақсыз қар­жылан­дыру салдарынан маман­дар­дың шетелге кетуі байқалады, бұл ел ішіндегі білік­тілік пен құзырет­тілік сапасын әлсірете түс­пек. Ал дер уақытында барлау жұ­мыс­­тары­на кіріспесек, 2030 жылдан бастап МӨЗ-дер мұнайды ішкі нарық үшін халық­аралық бағамен сатып алуға мәж­бүр болмақ. Бүгінгі күннің бір шындығы осы.

Нұрлан ҚОСАЙ