BBC Science Focus журналында жарияланған материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz , жетілдірілген дипфейктердің қаупін талдайды.Жасанды интеллектпен жасалған контенттегі жаңа серпіліс – жүрек соғысын да көрсете алатын дипфейктер. Бұл технология алға кетіп, оларды анықтауға арналған құралдар артта қалған.
Дипфейк – бұл адамның беті немесе денесі цифрлық өңдеуден өткізіліп, басқа біреуді көрсету үшін жасалған видео. Бүгінде олардың шынайы болып кеткені соншалық, тіпті жүрек соғысын да қайталай алады. Бұл жаңалық Frontiers in Imaging журналында жарияланған жаңа зерттеуде егжей-тегжейлі сипатталған. Ғалымдар мұндай дипфейктер адамның бетінде байқалатын қан ағымы үлгілерін талдау арқылы жалғандықты анықтайтын ең заманауи детекторларды да алдайтынын айтады. Бұл – қауіпті контентті тануды одан әрі қиындатады.
Дипфейктер көбінесе «жүргізуші видеолардан» жасалады. Яғни, нақты адамның бейнежазбасын ЖИ өңдеп, адамның бет-әлпеті мен тұлғасын өзгертеді.
Мұндай технология барлық жағдайда зиянды емес. Мысалы, сіздің бетіңізді қартайтып немесе мультфильм кейіпкеріне айналдыратын мобильді қосымшалар дәл осы тәсілдерге сүйенеді және әзілге, көңіл көтеруге арналған. Бірақ теріс ниетпен қолданылған жағдайда дипфейктер жалған материал жасауға, жалған ақпарат таратуға немесе кінәсіз адамдарға жала жабуға қолданылады.
Бұрын дипфейктер нәзік биологиялық сигналдарды жеткілікті дәлдікпен қайталай алмайтын. Бірақ енді олар жетілдіріліп, жағдай өзгерді. Фото BBC Science Focus сайтынан алынды
Зерттеу барысында ғалымдар медициналық визуализация технологиясына негізделген жаңа дипфейк детекторын сынап көрді. Бұл әдіс – қашықтық фотоплетизмографиясы (rФП) деп аталады. Ол теріден өтетін жарық өзгерістерін тіркей отырып, жүрек соғысын өлшейді. Бұл технология ауруханаларда қолданылатын пульсоксиметрлерге ұқсас. Мұндай детекторлар өте дәл нәтиже береді. Жүрек соғысының ЭКГ көрсеткіштерімен салыстырғанда айырмашылығы бар-жоғы 2-3 соғу шамасында ғана болады.
Бұрын дипфейктер мұндай нәзік биологиялық сигналдарды жеткілікті дәлдікпен қайталай алмайтын. Бірақ енді олар жетілдіріліп, жағдай өзгерді.
«Егер бастапқы жүргізуші видеода шынайы адам бейнеленсе, оның жүрек соғысы терісінде тіркеліп, deepfake видеоға да беріледі. Дипфейк барған сайын жетіліп келеді, ал екі жыл бұрын жақсы жұмыс істеген детектор бүгінде толықтай пайдасыз болуы мүмкін», – дейді зерттеу авторларының бірі, профессор Питер Эйсерт.
Зерттеу тобы қазіргі дипфейк видеоларын тексергенде, олар өте шынайы жүрек соғысын тіркеген. Ең таңғаларлығы – бұл сигнал видеоға арнайы енгізілмеген.
Енді интернеттегі видеолардың шынайылығын қалай тексереміз? Профессор Эйсерттің командасы видеолардың шынайылығын жаңа анықтау стратегиялары арқылы анықтауға болады деп есептейді. Мысалы, келешекте детекторлар қарапайым жүрек соғу жиілігін емес, қан ағымының бетке таралу жолын бақылайтын болады.
«Жүрек соққанда қан бетке ағып келеді. Бұл қозғалыс уақытша кідіріс арқылы таралады, ал оны біз шынайы видеоларда тіркей аламыз», – дейді профессор Эйсерт.
Дегенмен Эйсерттің пікірінше, тек детекторларға сену жеткіліксіз. Ол шынайы контентті қорғау үшін «цифрлық саусақ ізі» (яғни, видеоның өзгертілмегенін дәлелдейтін криптографиялық растау) технологияларын қолдану қажеттігін айтады.
«Меніңше, дипфейктер жарысы жақын арада аяқталады. Болашақта олар соншалықты шынайы болады, біз оларды анықтай алмай қаламыз. Сондықтан жалғандықты іздеуден гөрі, бейненің түпнұсқалығы дәлелденетін технологияларға көбірек мән беруіміз керек», – дейді Эйсерт.
Дипфейктердің күрделене түсуі оларды анықтауды қиындатады. Тіпті, жүрек соғысын дәл көрсете алатын технологиялардың пайда болуы, бұл мәселенің тек биологиялық сигналдарға сүйенетін детекторлармен шешілмейтінін дәлелдейді. Болашақта жалғандықты анықтаудан бұрын, видеоның өзгертілмегенін дәлелдеу технологиялары маңызды рөл атқармақшы.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.