Өзбекстан президенті, Ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы Шавкат Мирзиёев Өзбекстан мен Қатар құрамалары арасындағы кездесуден кейін 2026 жылы АҚШ, Канада және Мексикада өтетін футболдан әлем чемпионатына жолдама ұтып алған өзбек футболшыларын марапаттады, – деп хабарлайды Aikyn.kz 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Президент жарлығы бойынша, іріктеу кезеңінде ерлік көрсеткен футболшылар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сонымен қатар оларға президент атынан темір тұлпар – BYD автокөліктері табысталды.
Президенттің баспасөз қызметі бұл сыйлықтар туралы БАӘ құрамасымен өткен (0:0) матчтан кейін-ақ жариялаған болатын. Себебі сол кездесуде өзбек футболшылары тарихта тұңғыш рет әлем біріншілігіне қатысатыны анықталды. Ал кеше командаға 40 автокөлікті сыйға тартты.
Сондай-ақ футболшылар мен бапкерлерге «Өзбекстан мақтанышы» құрметті атағы да берілді.
Бұрынғы бас бапкер Сречко Катанец пен өзге де шетелдік мамандар «Достық» орденімен марапатталды. Айта кетейік, словениялық бапкер қаңтар айында денсаулығына байланысты (онкологиялық диагноз) қызметінен кеткен еді. Сонымен бірге құрама сапындағы физиотерапевттер, аудармашылар және медиа бөлімінің қызметкерлері де мемлекеттік марапатқа ие болды.