in

Ардаби Мәулетұлы, күйші-зерттеуші: Абайдың күйіне күмәнмен қарайтындар көп

Сонда Кетбұға домбырасын алып, күй тартып отырып, күй арқылы Жошының қазасын білдіреді. Күйдің ішкі мұңы мен драмалық иірімдерінен Шыңғыс хан ұлының қазасын түсінеді. Бұл күй кейін «Ақсақ құлан» деп аталып кеткен. Осылайша, күймен түсініскен ата-бабаларымыз үшін домбыра– қазақтың жанына, күй – мұрасына айналған. Біз қазақтың жоғалған күйлерін зерттеп жүрген белгілі күйші Ардаби Мәулетұлымен сұхбаттастық. 

– Атаңыз бен әкеңіз де құсбегі, ел аузында аты аталған халық күйшісі болыпты. Сіздің өнер жо­лын таңдауыңызға не әсер етті?  

– Мен атамды көрмедім. Бірақ атамның көзін көргендер «сенің атаң керемет күйші еді» деп там­санып айтады. Сонымен қатар әкеме құсбегі өнері атамнан және арғы нағашыларынан беріліпті. Бұл өнер атадан балаға жалғасқан дүние болғандықтан, бізге дарыды деп ойлаймын. Қазір ағам Жетісу облысы, Ақарал ауылында құс салып, саятшылықпен айналысып жүр. Қаршығасын жыл бойы қолынан тастамайды. Қаршыға немесе бүркітті түзден ұстап әкел­ген кезде ұйықтатпай бап­тайды. Мұны құстың «ұйқысын алу» деп атаймыз. Құсты арқанмен байлап, ұйықтай бергенде сол арқанды қайта-қайта қозғап, ұйықтат­пай­ды. Міне, құсбегілікте де осындай қиындықтар бар. Соның бәріне шыдау да ерлік. Ал құс салмаса ағамыз ауырып қалады. Жалпы, өнер мен құсбегілік адамға қонса, оны балаша аялап ұстау керек. Сондай ортада өскеннен кейін күйші болмау мүмкін емес қой. Әкем де домбыраны, аккордеонды керемет тартатын. Бала күнімізде татардың халық әндерін нақы­шы­на келтіріп жырлайтын. Ауылдағы тойдың бәрінде біздің әулеттен бір адам міндетті түрде күй тартатын. Мен өскен ортаны сипаттасам, көз алдыңызға XVIII ғасырдағы көшпелі мәдениет елестейді. Өнерге, мәдениетке келуіме орта да әсер етті. 

Күй – адамзаттың жанды мұрасы

– Қазақ халқының күй өнерінде бес негізгі күй мектебі қалыптасқан. Әрқайсысының өзіне тән орындау­шылық ерекшелігі, тілдік мәнері, тақырыптық сипаты бар. Жалпы, күй мектебі сол өңір халқының дүниетанымымен байланысты ма? 

– Қазақта күй мектебін ака­демик Ахмет Жұбанов бастап жазды. Ақселеу Сейдімбек ағамыз да докторлық дисертациясын күй­шілік туралы қорғаған. «Қазақтың күй өнері» деген еңбегі бар. Күй­тану, өнертану саласы бұл кітапты әлі күнге дейін пайдаланып жүр. Сол ғалымдарымыз зерттеген 5 күйшілік мектеп қазір 7 мектеп болып қалыптасты. Қазақтың этникалық рулық қоныстану ерекшелігі бар. Қазақстанның қай территориясын қарасаңыз да рулық қоныстануды айқын бай­қайсыз. Батыста кіші жүз, Жетісу­да ұлы жүз көп дегендей. Бесік жырдан бастап, тұрмыста айтыла­тын кез келген әндер біздің кәсіби өнерімізге әсер еткен. Орта, табиғат, төрт түлік сынды қазақпен қатар өмір сүрген факторлардың барлығы күй өнеріне ықпал еткен. Мысалы, Моңғолия, Қытай, Шы­ғыс Қазақстандағы қазақтың күй­лерінде тау, жылқы, жан-жануар, аң-құс туралы «Ақсақ марал», «Кербұғы», «Ақсақ аю», «Жорға аю» сынды өздері қоныстанған өңір­лік ерекшеліктеріне байла­нысты туған күйлер бар. Тақырып­тық және мазмұндық жағынан да сондай. Тіпті, «Бүркіт», «Аю» биі де бар. Мысалы, Өзбекстанда, Маң­ғыстауда өмір сүретін қазақ­тарда түйеге, құмға байланысты күйлер бар. Мағыстаудың күйлері­нен соғыстың, көтерілістің қайғы-қасіреті бірден білініп тұрады. Көкшетау, Арқа жерінде өмір сүрген Ақан Сері, Біржан салдың әндері кең жазира сахарада шық­қаны білінеді. Міне, музыкаға адамның өмір сүрген аймағы осы­лай әсер етеді. 

Соңғы кезде батыстың күйі тек рухты, жауынгерлікке жақын деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Күйдің түпнұсқа орындауларын тыңдасаңыз сол күйлер сабырлы, баппен, филасофиямен, асықпай көңілге қонымды етіп тартылған. Қазір оркестордың нұсқасын тың­дап, соған құлағы үйренген адам батыстың күйін басқаша түсініп жүр. Динаның, оркесторға дейін сол күйлерді жеке орындауда жет­кізген күйшілердің орындауы мүлдем өзге. Мысалы, «Адай» күйі қызға арналған деген тарих та бар. Оркестор мәдениеті келгелі, ха­лық күйде «ұрда-жық» деп қабыл­дап жүр. Батыстың қазағы тек аттың үстінде жүріп, басқа жақ­тағы қазақ үйде жатты деген қисын­сыз. Осы даланың барлығы да жаугершілікті бастан кешірген. Бір күйде Динаның орындауында, кейін оркестордың орындауында тыңдасаңыз да өзіңіз айырма­шылықты бірден байқайсыз. 

– Ал шетелдегі қазақ күйі несімен ерекшеленеді? Ол жақта да қазақ күй мектебі қалыптасқан ба? 

– Әрине, қалыптасқан. Мы­салы, Қытайдағы қазақтардың ресми саны осыдан отыз жыл бұ­рын 1,5 миллион болатын. Сол статистика қазір де өзгермей 1,5 миллион болып тұр. Не өшпейді, не өспейді. Бірақ мен Қытайда 4,5 миллион қазақ бар деп естимін. Өйткені соңғы отыз жылда ол жақ­тағы қазақтар жаппай шежіре шығарды. Сондай бір қауым елде ежелден қалыптасқан үлкен мәде­ниет, өнер бар. Ол жақтағы аға­йынның күй өнерінің өзі Алтай, Тарбағатай, Іле деп үш аймаққа бөлінеді. Ал Моңғолиядағы қазақ­тарда сыбызғы күйлері де жеке мектеп ретінде қалыптасқан. Қа­зақ­тың әр аймағынан шыққан күйдің айтар ойы, өз тарихы бар. Біреуін артық, біреуін кем көру сауатсыз адамның пікірі. Сон­дықтан күйге тұтас ұлттық біре­гейлік тұрғысынан қарауымыз керек. Күй – қазақтың музыкалық байлығы. Күйдің фактурасына, орындау мақамына, құрлысына байланысты бір-біріне ұқсамай­тын ерекшелік көп. Соңғы кезде «шертпе күй деген жоқ» сынды алыпқашпа әңгімелер шығып жүр. Бұл да қате пікір. Күйді орын­дау ерекшелігіне байланысты «шертпе күй», «төкпе күй» деп бө­ліп қараған. Одан ешкім ұтыл­майды. Керісінше, қазақ күйінің осындай тарихының, түрінің алуан­дығы ешкімге зиянын тигі­зіп жатқан жоқ. Мысалы, әлемде бірнеше нәсіл, жүздеген ұлт болса да, барлығы – адам. Сол сияқты күй қай өңірден шықса да, қалай орындалса да ол – күй. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұрасына қазақтан 14 элемент кірген. Со­ның бірі – күй. Соны олар «адам­заттың жанды мұрасы» дейді. Күй– тірі өнер. 

Рухани мұрамыз кешенді түрде жиналмады

– Музыкатану ғылымына белгісіз болып келген Абай Құнан­байұлының «Ақтолқын», Бейсенбі Дөненбайұлының «Кеңес», Әшім, Тергеусіз Бәлекейұлының «Теріс қақпай» қатарлы көптеген күйін қайта жаңғырттыңыз. Сол жайлы айтып беріңізші? 

– Абайдың әндерін бүкіл қа­зақ ұйып тыңдайды. Бірақ сол адамдар Абайдың әнін түсінбесе де, түсін­генсіп пікір айтады. Ән жазған Абай – музыкант. Музыка­дан хабары бар адам. Бірақ көп адам Абайдың күйіне күмәнмен қарай­ды. Ол заманда Абайдың ауылында рояль, фортепионо да болмаған. Ол барлық әнді домбы­рамен шығарған. Домбыра тар­тып, ән шығарған Абайдың күй шығарға­нына күмәнмен қарай­тын адам көп. Егер Абайдың му­зы­кадан мүлдем хабары жоқ адам болса, күмәндансақ болады. Ал ән шы­ғар­ған адам, күй де шығара алады. Бұл дәстүр Кенен Әзір­баевтан, Манарбек Ержановтан басталған жоқ. Арғы тарихымызда ән де, күй де шығарған адам көп болған. Абайдың «Ақтолқынын» Қытайда­ғы қазақтардың арасынан таптым. Әшім сынды күйшілер ХІХ ғасыр мен ХІХ ғасырдың бас кезінде Іленің бойында өткен күйшілер. Сол Әшім тартқан Абайдың «Ақтолқын» деген күйі болыпты. Оны осыдан он жыл бұрын экспе­дицияда жүргенде Әшімнің өзінен үйренген шәкірт­терінен видео жазып алып, ютубқа жүктеп қо­йып­пын. «Абай қайда? Іледегі қа­з­ақ қайда? Бұл күй ол жаққа қалай жеткен?» деп күмән­мен қарай­тындар да бар. Абайдың інісі Шә­кәрімнің Зият деген баласы сол Қытай топырағында қайтыс бол­ған. Ол мәдениет та­рат­ты, өнер таратты, ағартушы­лықпе­н айна­лыс­ты. Әсет Най­­ман­баев та сол жаққа барып күй тартқан. Өзі де сол топырақта жер­ленген. Сонау 1920 жылдары Ахмет Байтұрсын­ұлы, Міржақып Дулатов және Райымжан Марсе­ковтардың Тар­ба­ғатайдың Бақты шекарасынан өтіп, Жайырдағы елге барғанын да білеміз. Адам барған жерге өнер де бармай ма? Осы күйді тауып 2020 жылы Egemen Qazaqstan газетіне жария­ладым. Жалпы, газет тари­хында нота баспаған екен. Бірақ Абай­дың мұрасы болғандықтан, Egemen Qazaqstan-ның сол кезде­гі басшысы Дархан Қыдырәлі но­та басты. «Мен «Ақтолқынды» Абай­дың басқа күйлерімен салыс­тырып талдаулар жасадым. Бірақ күмән­мен қараған адам көп бол­ды. Қазақтың ежелгі күйлерінің еш­қайсы қолжазбамен тараған жоқ. Құрманғазы мен Динаның да қолжазбасы қалған жоқ. Олардың күйі шәкірттері арқылы жеткен. Сондықтан мен Абайдың күйіне күмәнмен қарайтын адамдарды, әніне де күмәнмен қарайды деп есептеймін. 

Жоғарыда айтқанымдай, Ал­тай, Тарбағатай, Іле аймақтары бір-бірінен мыңдаған шақырым қашықтықта орналасқан. Әр өңір­дің өз күй мектебі мен күйшілері бар. Күйлері Алтай өңірінде та­раған. Бірақ Санжы облысына жасаған экспедициямда Бейсен­бі Дөненбайұлының күйлерін ­тап­тым. Бейсенбінің күйлері «Кеңес 1», «Кеңес 2» деген атаумен жал­ғаса береді. Сол «Кеңестердің» ішінен диапозоны кең, фактурасы жақсы сақталғаны осы Құтыби жерінен келген Әбікен Халел­ұлы­нан Текеліде жазып алғаным. Ал Тергеусіз Бәлекейұлының Іле бо­йында өмір сүріп, болыс болған, мектеп ашқан. Күйші Әшімнің жолы Тергеусізден кіші болса да, екеуі сыйлас болыпты. Абайдың «Ақтолқынын» осы Тергеусіздің баласы Қуанышбай Тергеусізұлы сексенінші жылы шертіп, магни­тафонға сақтап кетіпті. Ол жерде «Кенесары», «Наурызбай» күйлері де бар. Қуанышбай арқылы әке­сінің «Теріс қақпай» күйі де бізге жетті. Ал мен бұл күйді Өмірбек Садыр­байұлынан жазып алдым. 

– Биыл Ұлы Абайдың туғаны­на – 180 жыл. Қазір әр адам Абайды өз саласынан іздейді ғой. Бізге Абай­дың осы уақытқа дейін жеткен «Май түні», «Майда қоңыр», «Торы жорға», «Абайдың желдірмесі» қатарлы төрт күйі таныс. Осы күй­лердің шығу тарихы мен халыққа таралуы жайлы не айтасыз? 

– Ұстазым Таласбек Әсемқұ­лов «Тал түс» романында күйші болып жаралуыма атам Жүнісбай Стамбаев тікелей әсер еткен дейді. Абайдың «Майда қоңыр» күйін осы Жүнісбай күйші жеткізген. 1965 жылы қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­ваторияның фальклорлық лабо­раториясының қызметкелері экс­педициямен Семей облысы, Шұ­бар­тау ауданына барып, «Май­да қоңырды» Жүнісбай Стамбаев­тың өз қолынан жазып алыпты. Мұхтар Мағауин де Жүнісбайдың күйшілігі туралы жазған. 

Ал «Май түні» мен «Торы жор­ға» күйі Ғайса Сармурзиннің орын­дауында жазып алып, зерт­теп-зерделеп жеткізген Уәли Бекенов те қазақтың күй өнеріне бір кісідей төрелік айтқан күйші-зерттеуші екені бәрімізге аян. Бұл күйлер де сол арнайы ел ішінен іздеу-жинау жұмыстары кезінде табылған олжалар. Абайдың заманында үш ішекті домбыра ұстағаны туралы ақынның көзін көрген көнекөздердің тәлімін алған шежіре ақсақал Шәкір Әбеновтың де айтқан деректері бар екені баршаға белгілі.

– Мен Абайдың күйлері бар екенін жақында ғана білдім. Жал­пы, көп адам бұдан бейхабар сияқ­ты. Абай күйлері қалай наси­хат­талып жүр?

– Абайдың әнін жалпы қазақ біледі. Тіпті, әлемге танылған. Бірақ Абайдың күйлерін іздеу, зерттеу жағы кезінде ақсап қалды. Қазақ музыкасын шынайы жана­шырлықпен зерттеген Б.Ерзако­вичтің өзі Абайдың ән-күй мұра­сын толығырақ жинап, зерттеу үшін әлі де экспедициялар ұйым­д­астыру керектігін баса айтқан. Сондықтан Абайдың музыкалық мұрасы қазақпен бірге жасай бе­ретіні анық. 

– Күйшілікпен ғылым жолын қатар алып жүрсіз. «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антологиясын құрастырушы жұмыс тобының мүшесі де болдыңыз. Күй әлемінде әлі де зерттеуді қажет ететін, тың тақырыптар бар ма? 

– Қазақтың күйшілік өнері өзі бір бөлек әлем. Оны зерттеуге бір адамның ғұмыры жетпейді. Өйт­кені біз үлкен территорияда орналасқан елміз. Қытай, Моң­ғолия, Ресей, Өзбекстан елде­рін­дегі қазақ күйлерін әлі де зерттеуі­міз керек. Соңғы 15-20 жыл бойы жиі экспедицияға шығып жүрмін. Сонда байқағаным, қазақтың рухани мұрасы, қолөнері, жәдігері мен музыкалық мұрасын тәуел­сіздік алғаннан кейін де республи­калық деңгейде емес, облыс бо­йын­ша да кешенді түрде жинау жүргізбедік. А.Затаевичтен бастап әркім, оның ішінде мен де бармын аяғымыз, шамамыз жеткен жерге барып, әр өңірді бір зерттеп жүр­міз. Біз мемлекет ретінде, ұлт ре­тінде кешенді зерттеу жасай ал­мадық. «Мәдени мұра» мем­ле­кет­тік бағдарламасы аясында да бұл жұмыстар қамтылмады. «1000 ән, 1000 күй» жобасы «Мәдени мұ­раға» дейін мұрағатта шаң басып, жиналып тұрған жұмыстың нәти­жесінде шыққан. Мәдени саясат­тың бір бөлігі ретінде осы мәселені қолға алу керек. Сонда әлі талай күйлеріміздің жарыққа шығатыны анық.  

– Айтпақшы, қазақтың күй өнері ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне кіргенін білеміз. Қазір осы тізім өзгерді ме? 

– 2014 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары тізі­міне ең бірінші «күй» енді. Кейін киіз үй жасау, сұңқармен аң аулау, асық ату, тоғызқұмалақ, беташар сынды 14 элемент бұл тізімге енді. ЮНЕСКО-ның талабы бойынша 2 жылда 1 элемент осылай, кезең-кезеңімен ұсынылып келеді. ЮНЕСКО-ға кірген 14 элементті «репрезентативті тізім» дейміз. Енді материалдық емес мұралар тізімі бойынша «Қазақстанның материалдық емес мұралары» де­ген бар. Ол тізімде осы 14 элемент­ті қоса алғанда 79 элемент бар. Болашақта министрліктің бе­кі­туімен бұл тізім әлі де толыға береді деп ойлаймын. 2014 жылы бұл тізім 49 болатын. 

– Шертпе күй шеберлерінің күйлерін орындаумен қатар, өз жаныңыздан да бірнеше күй шы­ғарыпсыз. Солар жайлы айтып беріңізші? 

– Иә, бірнеше авторлық күйім бар. «Ер аға» деген күйімді елге келгенде ерекше қолдау көрсетіп, өнерімді бағалаған ағама арнадым. Ал екінші күйімді шығарғаннан кейін ұстазым Жанғали Жүзбай нотаға түсіріп беремін деп алды. Әлі аты қойылмаған күйді Жан­ғали аға «Ардабидің шертпесі» деп атады. Бұл қызым дүниеге келген­де, соның тәтті қылығына қарап арнап шығарған күй болатын. Несіпбек Айтұлы ағамыздың қасында көп жүрдім. «Күй тартып бер, жолдас бол» деп қайда барса да қасында ертіп жүретін. Нес ағаңдай тәуелсіздікті жырлаған, 40-қа жуық поэма жазған ақын кемде-кем. «Бостандық жырдың бозжорғасы» деген аты да бекер емес қой. «Несіпбек» деген кү­­­­­­йім­ді Нес ағама арнадым. Күй аттың желгені сияқты жеңіл, жорға. Ақын­дықтың болмысын, қасиетін өзім­ше осы күйге кіргіздім. Ұст­а­зым Таласбек Әсем­құловқа «Та­лас­бекке арнау» деп күй арнадым. 

Музыка пәнінің аты бар, заты жоқ

– Интернетте «Ардаби Мәулет­ұлының домбыра үйрену бейне сабақтары» деп домбыра үйрену­шілерге тегін сабақ ұсыныпсыз. Жалпы, домбыра үйренудің жас шектеуі бар ма? Әлде, қабілеті болса, кез келген азамат үйрене ала ма? 

– Домбыраға қызықпайтын қазақ жоқ. Әр қазақ қолынан кел­генше домбыраны қолына алып, бір әуен болса да тартқысы келеді. Қазақпын деген адамды домбы­раның үні баурамай қоймайды. Бірақ көп адам домбыраны тарта алмайды. Неге? Себебі күйшілік адамға қанмен берілетін қасиет. Домбыраны шынайы сүйіп, жа­нын салып, ниеттенсе домбыраны кез келген адам үйрене алады. 5-6 жастан бастап баланы домбыраға берген дұрыс. Ал оған дейін ол домбыраны «ағаш ат» деп ойлауы мүмкін ғой. 30-40-қа келген адам­ның саусақтағы буындары қатып қалады. Сондықтан домбыраны жастайынан үйренген дұрыс. 

– Қазір мектепке домбыра са­бағын кіргізу туралы жиі айты­лып жүр. Бұған қалай қарайсыз? 

– Мектепте салауатты өмір салтын сақтау үшін «дене шынық­тыру сабағы» бар. Сонымен қатар баланы ізгілікке ұмтылдыратын, эстетикалық талғам қалыптас­ты­ратын «музыка» пәніне де маңыз беруіміз керек. 40-тан астам ұлт­тық аспаптың бірін осы мектепте үйрете алмасақ, онда музыка пәнінің не керегі бар? Бүкіл қазақ жақсы көретін домбыраны мек­теп­те тегін үйретуіміз керек. Ата-ана ретінде айтам, мектептердің басым бөлігінде музыка пәнінің аты бар, заты жоқ. Баланы өтірікке тәрбиелеп, конкурспен алдап жүр. Шынайы музыка мектепте де, түрлі байқауда да жоқ. Қазақтың күйі консерваторияда, музыкалық жоғары оқу орындарында ғана үйретілмеуі қажет. Эстетикалық талғам әр оқушыға керек. Мұхтар Әуезов: «музыкаға құмар баланың жаны сұлу болып өседі» дейді. Тарихымыздағы небір классиктер де, Қаныш Сәтбаев та тек өз са­ласымен айналысып қана қоймай, түрлі жиында домбыра да тартқан. Ал күй шерте алмағандары Мұрын жыраудың, Дина апамыздың күй­лерін түсіруге көмектесіп, мұра­ғатқа сақтап отырған. Міне, өнер­ге деген құрмет осындай бо­луы керек. Қазіргі мемлекеттік жүйеге жетіспейтін де – осы. 

– Қазір домбыраның түрі де, түсі де көп. Дегенмен домбыра таңдағанда неге баса мән берген дұрыс? 

–Жоғарыда айтқанымдай, ай­мақтық орналасуымызға байла­ныс­ты ән-күйімізде де, ұстаған аспаптарымызда да ерекшеліктер бар. Арқа, Жетісу, Шығыс Қазақ­стан облыстарында «Абайдың домбырасы» деп айтылатын қалақ домбыралар кең таралған. Батыс Қазақстан, Сыр бойында үш ішекті, шанақты домбыралар болған. Кейін Ахмет Жұбанов атамыз Құрманғазы оркесторын құрып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен әртістерді шақырады. Сонда әр күйші әр өңірдің домбырасымен келіпті. Олардың формасы да, пернелік саны да әртүрлі болған. Содан Ахмет Жұбанов қазақ домбыраларын пернесінің санын 19 етіп, фор­масын бірыңғайлап оркесторлық жүйеге келтірген. Қазір біз ұстап жүрген домбыра да оркестрлік домбыра. Ал ескі форманы әлі де ұстап, тартып жүрген адамдар бар. Кезінде домбыраға ешкінің іше­гінен ішек таққан. Перне­лерінің байлануы да қазіргіге ұқсамаған. Пернелер әр дыбысқа сұранып тұратындай жылжымалы болған. Қазір домбыраның ішегінен бастап, мұндай ерекшеліктерінен айрылып барамыз. Қазақтың домбыра жасау әдісінде қақпақтың астында екі жерден бел ағаш болған. Ондай домбыралардың дыбысы жақсы шықса, ғұмыры да ғасырлық болған. Қазір шеберлер домбыраға бел ағаш салмай, сата береді. Күйден хабары жоқ адамға күмбірлеп тұрғандай көрінге­ні­мен, белағашсыз домбыра бөшке сияқты, дыбысы да қорқылдап тұрады. Сондықтан домбыра мә­дениетіне де талғам керек. Ба­­зарда түрі жылтырап тұрған дом­бы­раны ала беру дұрыс емес. Біл­­­ме­сеңіз, білетін адамға таңда­тып алғаныңыз жөн. 

– Күй әлеміндегі сіздің ұста­зыңыз кім? Ал өзіңіз кімнің ұста­зысыз? 

– Ұстаз деген сөздің аясы үл­кен. Қазақтың күй өнерінде кім­дер өтті, соның бәрін өзіме ұстаз тұтамын. Солардың үнтаспасын, мұрағатын тыңдап, тәлім алып жүрміз. Ал көзін көрген ұстазда­рым да бар. Ол жағынан жолым болған. Іле бойындағы Камал Мақайұлы, Ұран Ахатай, Алматы­дағы музыкалық колледжде сабақ берген Қалдыгүл Бейсенбайқызы, Таласбек Әсемқұлов, Жанғали Жүзбай менің өнердегі ғана емес, өмірдегі де ұстаздарым. Домбы­раны үйреніп жүрген оқушылар бар. Бірақ болашақта жүйелі түрде шәкірт тәрбиелеуді ойлап жүрмін. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН