Журналист Ербол Мәндібек әнші Қайрат Нұртас жас әншінің әнін ұрлап алғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. Ол бұл туралы Facebook парақшасына жазды.
Оның айтуынша, қазақ эстрадасында дау шықты.
– Қайрат Нұртас жас әнші Самат Жанғазиннің әнін үфтеп кетіпті. Самат Жанғазин “О, махаббат ғажапсың” атты әнге авторлық права алған. Оған дейінгі еңбегін, уақытын, жұмсаған ақшасын жыларман болып айтып отыр. Ал Қайрекең қаз қалпында құдды өз әні сияқты соғып жүр. Бір ауыз рұқсат сұрап адамгершілік танытпады деп ашуланды ән иесі.
Авторлық құқық туралы заң бар. Бұл заңды профессиональный әншілердің барлығы білуі шарт. Қайраттың командасы бар. Оның құрамында жеке заңгерлері және бар. Қайрат заңды білмеуі мүмкін. Бірақ маңайындағы мамандар ай қарап жүр ме? Әлде атағым айға жетеді, маған бәрі рұқсат деген сөз бе?
Ең қызығы сол, Қайрекең әннің иесіне әлі күнге хабарласпаған. Ал оны Самат сотқа берсе қанша ақша талап етуге құқылы? Қалай дегенмен де бұл оқиға қазақ эстрадасына сабақ болуы тиіс.
Америка, Еуропада авторлық құқық заңмен қатаң қорғалады. Ол жақтың жұлдыздары заңға тойып алған. Туынды шығармас бұрын ең әуелі құқықтық тәуекелдерін есепке алады. Себебі олар ақшадан бұрын абыройды ойлайды. Өкінішке қарай, қазақ эстрадасы бір-бірін ашық “тонауды” әлі тоқтатар емес.
Қайреке, ізіңнен ерген інілеріңді қазақы қалыппен құрметтесең дәрежең өседі ғой. “О, махаббат ғажапсың” деп тойдан миллиондап тауып жатсың. Ендеше автордың еншісіне еңбегін берсеңші…, – дейді Ербол Мәндібек.