Aikyn.kz Таяу Шығыста басталған қауіпті соғыстың салдарын cnbc.com телеарнасының хабарламасына сүйеніп, талдайды.
Израильдің Iron Dome зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі қауқарсыз болып қалды. Фото ft.com сайтынан алынды
Иран мен Израиль арасында қарулы қақтығыс бесінші күн жалғасуда. Қарулы қақтығыс жұма күні (13 маусым) Израиль Иранға шабуыл жасағаннан кейін басталды. Ирандық бұқаралық коммуникация құралдары соңғы шабуылдар Тель-Авив, Иерусалим мен ірі мұнай өңдеу зауыты орналасқан Хайфаға бағытталғанын хабарлады.
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы түнде «жаңашыл әдістер» қолданғанын және бұл «дұшпанның көп деңгейлі қорғаныс жүйелерін бұзғанын» хабарлады. Салдарынан израильдік әуе кеңістігін қорғау жүйелері бірін-бірі нысанаға алғаны айтылды.
Израиль бұған дейін жоғары тиімділікке ие «Темір күмбез» (Iron Dome) зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне үміт артып келді. Бірақ зымырандар саны тым көп болса, бұл жүйенің қауқарсыз болып қалатыны анықталды.
Ормуз бұғазындағы танкерлер – Иран, Оман және Біріккен Араб Әмірліктерін бөліп тұратын стратегиялық маңызы зор су жолында орналасқан. Қақтығыстың ушығуына қарамастан, Иран мұнай жолын әлі жапқан жоқ.
Инвесторлар мұнайға бай өңірдегі бұл жанжал қалай дамитынын бағалап отыр. Себебі Ормуз бұғазы арқылы өтетін шикі мұнай тасымалы мен сауда жолына қауіп төнуде.
Израиль соққысынан құлаған тұрғын үй. Тегеран, Иран, 13 маусым 2025 жыл. Фото edition.cnn.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Morteza Nikoubazl
Мұнай бағасы соңғы күндердегі өсу үрдісін сақтап қалды. Лондон уақытымен 09:19-да Ice Brent маркалы мұнайының тамыз айындағы фьючерстері бір баррельге $73,81 құрап, алдыңғы сессиямен салыстырғанда 0,57% төмендеген. Ал Nymex-та WTI шілде айындағы келісімшарттары бір баррель үшін $72,7 болды (–0,38%).
Алайда өзге нарықтар дүйсенбі күні әскери іс-қимылдарды елемей отырғандай көрінді. Дәстүрлі қауіпсіз актив алтынның бағасы спот нарығында таңертең 0,42%-ға төмендеп, унциясы үшін $3417,83 болды. АҚШ-тағы алтын фьючерстері де 0,65%-ға құлдырап, $3430-ға дейін түсті.
Тель-Авивтегі қор нарығы өскені. TA-35 индексі 0,99%-ға, TA-125 – 1,33%-ға көтерілді. Еуропа қор нарықтары да дүйсенбіде оң аймақпен ашылды, АҚШ фьючерстері де жасыл түсте болды.
Citigroup Global Markets компаниясының дамушы нарықтардың егемен қарыздары бөлімінің жаһандық жетекшісі Луис Коста нарықтың сабырлы реакциясы қақтығыстың жылдам шешілуіне деген үмітпен байланысты болуы мүмкін екенін айтады.
«Нарықтар барлық ықтимал сценарийлерді ескеріп отыр. Әрине, өте жаман нұсқалар да бар. Бірақ сонымен қатар, қақтығысты тез шешуге немесе Иранды келіссөздер үстеліне отырғызуға үміт бар», – деді ол CNBC арнасының Europe Early Edition бағдарламасында.
Зымыран жарылысынан жарақат алған Тегеран тұрғыны. Тегеран, Иран, 15 маусым 2025 жыл. Фото edition.cnn.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Amir Kholousi
Дүйсенбі (16 маусым) таңертең Израильдің ұлттық төтенше көмек қызметі «Маген Давид Адом» орталығы төрт адам қаза тауып, тағы 87 адам жарақат алғанын хабарлады. Оқиғалар «орталық Израильдегі» төрт нысанда болған. Ғимараттар қирап, өрт шығып, адамдар үйінді астында қалған.
Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Тегеранды «бейбіт тұрғындарға шабуыл жасады» деп айыптап, бұл әрекеттер Израиль армиясының шабуылдарын тоқтатуға бағытталғанын ескерткен. Google арқылы аударылған әлеуметтік желідегі жазбасында ол: «Тегеран тұрғындары бұған жауап береді, әрі бұл жақын арада болады», – деп сес көрсеткен.
Кейінірек жариялаған тағы бір мәлімдемесінде: «Тегеран тұрғындары режимнің әскери инфрақұрылымын көздеуге байланысты өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болады», – деп сөзінің мәнін жұмсартқан.
Жексенбі күні Израиль Қорғаныс армиясы өз кезегінде Иранның Тегеран қаласындағы «Құдс күштері», КСИР (Ислам революциясы сақшылары корпусы) және басқа да әскери нысандарға кең ауқымды шабуылдар жасағанын хабарлады.
Тель-Авивте зымыраннан зақымдалған тұрғын үйлер, 16 маусым, 2025 жыл. Фото edition.cnn.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Moshe Mizrahi
Қазір әлемнің басты назары АҚШ-тың реакциясына ауып отыр. Себебі ол әрқашан Израильге қару-жарақ жеткізіп, саяси қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар, Вашингтон мен Тегеран арасындағы ядролық келіссөздердің соңғы раундының аяқсыз қалуы мен президент Дональд Трамптың Иранға қатысты қатал ұстанымы да назардан тыс қалмауда.
NBC News мәліметіне сәйкес, Трамп Иранмен ядролық келісім жасауға күш салуда. Сонымен қатар, ол Израильдің Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеиге қастандық жасау жоспарына қарсы шыққан.
Президент Трамптың Truth Social Media платформасындағы аккаунтындағы жазбасы. Скриншот truthsocial.com желісінен алынды. Авторлығы: @realDonaldTrump
Қақтығыс салдары Канадада (15-17 маусым) өтіп жатқан кезекті G7 саммитінде (Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания, АҚШ және ЕуроОдақ қатысатын жиын) талқыланды. Ақ үйдің мәліметінше, Трамп дүйсенбі күні (16 маусым) саммиттен Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты бір күн бұрын кетіп қалды. Fox News арнасы президент Вашингтонға бара салып, Ұлттық қауіпсіздік кеңесін өткізетінін хабарлады.
Саммиттегі америкалық президенттің сөздері жұмбақ пен сенсацияға толы болды:
«Иран мен ұсынған «келісімге» қол қоюы керек еді. Қандай масқаралық және адам өмірін бекерге қию. Қарапайым тілмен айтқанда, ИРАНДА ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ БОЛМАУЫ ТИІС. Мен мұны қайта-қайта айтып келемін! Барлығы Тегераннан дереу эвакуациялануы тиіс!», – деп жазды Трамп Truth Social Media платформасында.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.