Расул мен Полина Саматовтардың отбасында қуанышты жаңалық – үшем дүниеге келді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ақтөбе медициналық орталығының мамандары 30 мамыр күні Амир, Амин және Айшаның дүниеге келуіне себепкер болды.
Медициналық университет кафедрасының профессоры Светлана Шиканованың айтуынша, статистика бойынша үшемге жүкті болу – сирек кездесетін жағдай, әсіресе ЭКО технологияларынсыз.
«Полинаның отбасында көпбалалы жүктілікке тұқым қуалайтын бейімділік бар. Жүктілік пен босану кезеңі сәтті өтті. Үш сәби қанағаттанарлық жағдайда үйге шығарылды», – деді сарапшы.
Расул мен Полинаның ата-ана ретіндегі тәжірибесі мол. Бүгінгі перзентханадан шығару салтанатына үшемнің әпкесі, бес жасар Даяна мен үш жастағы ағасы Ислам да қатысты.
Жас отбасын қуаныштарымен облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері және Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі құттықтады.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 5255 сәби дүниеге келген. Оның ішінде 51-і – егіздер, ал екеуі – үшем.
Қазіргі уақытта өңірдегі перзентханалар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерге медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.