in

Шымкентте жолаушылар жол ақысын төлеуді өтінген автобус жүргізушісін аяусыз соққыға жыққан

Шымкентте жол ақысын төлеуді сұраған автобус жүргізушісін жолаушылар ұрып тастады. 34 жастағы жүргізуші қазір ғана жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Десе де, дәрігерлер оның жағдайын ауыр халде деп бағалап отыр. Бұл туралы Аikyn.kz сайты Оtyrar.kz-ке сілтеме жасай отырып, хабарлайды.

Полиция қылмыстық іс қозғады, күдікті ретінде 17 жастағы жасөспірім ұсталды. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бабы бойынша іс қозғалып, сот оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды.

Оқиға 12 маусым күні “Бекжан” базарының маңында болған. №52 бағытындағы автобусқа отырған жасөспірім жолақысын төлемеген. Сөйтіп жол ақысын талап еткен 34 жастағы жүргізушіні жасөспірім қасындағы достарымен соққыға жыққан.

Автобус жүргізушінің айтуынша, ол жасөспірімнен жолақысын төлеуді сұраған. Алайда бала оған тіл тигізіп, автобустан түсіп сөйлесуге шақырған.

 – Сыртқа шыққанымда мені үш жігіт күтіп тұрды. Біреуі басымнан балғамен ұрды. Екіншісінің қолында кастет болды. Содан бетімді жырып кеткенше соққылай бастады. Сол кезде есімнен танып, ары қарай не болғаны есімде жоқ”, – дейді Мақсат Жолаев.

Есінен танған жүргізушіге араша түсіп, жедел жәрдем шақыртып, құтқарып қалған аялдамадағы жолаушылар еді. 

Басынан ауыр жарақат алған ер адам ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда ол жалпы палатаға ауыстырылғанымен, дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.