Мәжіліс кулуарында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалім тек балаға білім берумен айналысуы тиіс екенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жақында Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев 9-сынып оқушысы суға кетіп қайтыс болғаннан кейін, мұғалімдерді рұқсат етілмеген жағажайларда рейд жүргізуге тартуды ұсынған еді.
Алайда бұл бастама еңбек демалысында жүрген ұстаздар арасында наразылық туғызған.
Бүгін Мәжіліс кулуарында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы мәселеге қатысты пікір білдірді.
– Мұғалім – мұғалімдікпен, яғни балаға білім берумен айналысуы керек. Бұл заңмен бекітілген. Сондықтан кейбір әкімдіктердің заңды белден басып, мұғалімдерді өзге жұмыстарға тарту мәселесін тоқтатуы керек, – деді министр.