Жанды жұтты, заңды құртты
Президент осы жаман әдетке, әсіресе жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмаройындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырған еді. Мемлекет басшысы елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті. «Соңғы жылдары елімізде құмаройынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», – деп атап өтті Президент.
Статистикаға сүйенсек, лудоманияға шалдыққан науқастардың 60 пайызы құқық бұзады. 40 пайызға дейіні өзіне қол жұмсайды, 32-70 пайызында суицид жайлы ой келеді. Лудомания немесе ойынқұмарлық, гэмблинг (лат.тілінен Homo ludens – ойнаушы адам) – субъектінің өмірінде басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойынқұмарлық. Жалпы, лудоманияның қоғамға төндіретін қаупі орасан. Құмаройындар мен бәс тігуге тәуелді адамдардың ішінде бар ақшасын ұтылған соң таныс-тамырынан қарыз алып, несиеге батып, үйіндегі дүниесін сатып, ақыры қылмысқа баратындары аз емес.
Бас прокуратураның деректеріне сәйкес, 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқықбұзушылық жасалған, оның 20 пайызы құмаройындар негізінде жасалған. Ал шарасыз күйге түскендері өзіне қол жұмсауға дейін барып жатады. 2022 жылғы статистикалық деректерге сәйкес, 3 676 суицид фактісі тіркелсе, оның әрбір бесіншісін құмаройынға әуес адам жасаған.
Бұл дертке ұшыраған адамның бойында әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтар құлдырап, адамгершілік қасиеттері жойыла бастайды. Бұл проблеманың біздің елде де өткір тұрғаны белгілі. Соңғы үш жылда қазақстандықтар құмаройындарға 1 трлн теңгеден астам қаражат салған. Соңғы уақытта ойын автоматтарының кең таралуына, көптеген онлайн-казиноның, букмекерлік кеңсенің пайда болуына байланысты проблеманың ауқымы кеңейе түсті. Жалпы, ойын автоматтары әлемде бұрыннан кең таралып, адамдардың арасында үлкен қызығушылық тудырған еді. Мәселен, 1970 жылдарда Англияда ойын автоматтары залдары кинотеатрларға келушілер санының күрт азаюына әсер еткен. Тіпті, кинотеатрларды жабу қажеттілігі туындаған. Ал 1990 жылдардың бірінші жартысында Канадада құмаройындарға тәуелділер саны 75 пайыздан асып кеткен. Осыған байланысты сол кезде зерттеушілер құмаройындарды халықтың бір бөлігі үшін қауіп төндіретін өткір әлеуметтік мәселе деп санайды.
Күмәнді үміт – құмардың кілті
Кезінде белгілі кеңестік психиатр Цезарь Короленко адамның мінез-құлқындағы құмаройындарға тәуелділікті көрсететін бірқатар белгіні атап өткен болатын. Атап айтсақ, үнемі ойынға елігу, ойында өткізетін уақыттың ұзаруы. Қызығушылықтардың өзгеруі, бұрын ынталандырған дүниелердің ысырылуы, әрдайым ойын туралы ойлау, ойын комбинацияларымен байланысты оқиғаларды елестету және осындай ойдың басым болуы. Ойынға кезекті рет қатысқаннан кейін қысқа уақыт аралығында дамитын психологиялық дискомфорт. Ол бас ауруы, ұйқының бұзылуы, ашушаңдық, алаңдаушылық, көңіл күйдің түсуі, зейіннің бұзылуы секілді бірқатар белгілер бойынша есірткі/алкогольге тәуелді тұлғалардың абстиненциясына ұқсайды. Ойынға жиі қатысу, жоғары тәуекелдерге талпыну. Қарсыласу қабілетінің тез төмендеуі. Енді ойнамауға бел буғанымен, сәл арандатушылық болған жағдайда (бұрынғы таныстарын кездестіру, ойын тақырыбында әңгімелесу, ойын мекемесі жанында болу т.б.) ойынға тәуелділіктің оралуы.
АҚШ-та құмаройынға тәуелді адамдарға алғашқы болып кәсіби көмек көрсеткендердің бірі – медицина ғылымдарының докторы Роберт Л.Кастер. 1972 жылы психиатр АҚШ-тың Вирджиния штаты Брексвилл қаласындағы ауруханада ойыншыларды емдеуге арналған алғашқы стационарлық орталық ашқан. Дәрігер – құмар-ойындарға патологиялық тәуелділікті емделетін ауру деп болжаған алғашқы адам. Оның арқасында 1980 жылы америкалық психиатрлар қауымдастығы патологиялық құмаройындарды психикалық бұзылыс ретінде жіктеді. Роберт Л.Кастер құмар-ойындарға тәуелділіктің дамуын үш кезеңнен тұрады деп анықтады: ұтыс кезеңі, ұтылыс кезеңі, түңілу кезеңі.
Елімізде лудоманияны мемлекеттік емханаларда тегін емдейді және емделушінің аты-жөні құпия сақталады. Қазір олар еліміздің барлық өңірінде бар. Бірақ бұларға жылына жалпы саны 20 адам ғана келеді. Ал букмекерлік кеңселердің жұмысы қызып тұр. Былтыр жылдық айналымы 1 триллион теңгеге жеткен. Биылдың өзінде 2 миллион адам онлайн ойыншы ретінде тіркелген. Соның 400 мыңы осы кеңселердің клиентіне айналған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны психикалық сырқаттар санатына қосты. Былтыр ойынқұмарлық елімізде де ресми түрде ауру қатарына қосылды.
Cондай-ақ Үкімет құмар-ойынмен күрестің екі жылдық жоспарын бекітті. Ол үшін жыл сайын кемінде 14 мың онлайн казино мен букмекерлік сайттары бұғатталады. Ал лотерея ойындарын жарнамалағандар ең аз дегенде 200 мың теңге айыппұл төлейді.
Асыл ЖИЕНБАЙ, ЕҰУ студенті