Зауыттың іші азан-қазан. У-шу. Бұл жерде ешкім артық сөйлемейді. Тек екі қол ғана қимылдайды. Иә, олардың қолы алтын. Себебі олар – нағыз еңбек адамдары. Міне, азан-қазан зауыт ішімен жүріп өтіп, зауыттың артқы қақпасынан ауласына шықтық. Алдымызда үлкен кеме тұр. Биіктігі шамамен 5 қабатты үйдей болып қалады-ау. Қарасаң көз тояды, сүйсінесің. Қазақстанның, соның ішінде аядай ғана Оралда осындай алып кемені құрастырып жатқаны кеудеге мақтаныш сезімін сыйлайды.
– Бұл – зауыт тарихындағы алғашқы ірі жоба. Бұған дейін 35 кеме құрастырдық. Бірақ олар шағын еді, ал мынау – 750 тонналық, – деп сөзін бастай жөнелді бізді кемеге бастап барған зауыт директоры Қадыржан Мұқанов. – Кеме – шынымен алып. Бұл – төрт қабаттан тұратын кеме, ішінде жеделсаты орнатылып жатыр.
Оралдағы «Зенит» зауыты – Қазақстандағы кеме құрастыратын жалғыз кәсіпорын. Бұл жерде 700-дей адам жұмыс істейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды. Біз қай кезде де өндірісті дамытуды жалғастыра береміз» деген еді.
Бұл сөздің дәлелі осындай ірі зауыттардағы жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар болса керек-ті. Зенит зауыты дайындап жатқан алып кеме теңіз аумағындағы шекара қызметі үшін әзірленуде. Кеме төрт қабаттан тұрады. Оның ішінде қару сақтайтын орын, асханасы, жатын бөлмесі, азық-түлікке орын, жеделсаты бәрі қарастырылған.
– Бұл кеме теңіздегі шекара тыныштығын күзететін мамандар үшін әзірленіп жатыр. Еліміздің шекара аумағының тыныштығын күзету – жауапкершілігі мол іс. Біз кемені 2023 жылы құрастырып бастадық. 2026 жылдың сәуір-мамырында суға түсіреміз. Биыл «Зенит» зауытының ашылғанына 84 жыл толады, келесі жылы 85 жылдық мерейтойымыз, деп атап өтті «Зенит» зауытының бас директоры Қадыржан Мұқанов.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Оны зауыт ұжымы қуана қабылдағанын жеткізді. Себебі бұл жерде жұмыс істейтін 700 адамның 500-і – қарапайым еңбек адамдары.
– Президенттің биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны біздің жұмысымызға дем берді. Біздің ұжымда негізінен қарапайым жұ-мысшылар еңбек етеді. Бұл – ірі өндіріс ошағы. Сондықтан да жұмысшылар жылы дегенді естіп қуанып қалдық. Еңбек адамдарына көңіл бөлінгені өндіріске де серпін береді. Осы алып кемені құрастырып жатқан сол – қарапайым ғана еңбек адамдары, – дейді Қ.Мұқанов.
Андрей Третьяков зауытта 2014 жылдан бері жұмыс істейді. «Зауыт менің екінші үйіме айналды», – дейді. Андрей дайындалып жатқан үлкен кеменің электр желілерін өткізіп жүр.
– Мен бірнеше жылдан бері осы зауытта жұмыс істеймін. Бұл – менің екінші үйім. Біздің ұжым үлкен, адам көп. Соған қарамастан татумыз. Біз – қарапайым жұмысшымыз. Әркім өз жұмысын істейді. Әр цехта әр жұмысшы әртүрлі бөлшектерді бірі қыздырып, бірі иіп, бірі біріктіріп жатады. Соңында осындай кеме секілді ірі жобалар дайындалады, – дейді Андрей өз сөзінде.
«Зенит» зауыты қазір түрік фирмасына сенімгерлік басқаруына берілген. «Елдегі ең ірі кәсіпорынды түріктерге беріп қойғаны қалай болар екен» деп ел ағаларының біраз алаңдағанын білеміз.
– Бірақ бұл ірі өндіріс орнына инвестордың келуі, керісінше оң нәтиже береді, – дейді зауыт басшылығы.
– Инвестор – түрік компаниясы. Қазір келісімшарттар жасалып болады. Зауыттың жұмысы, қызмет бағыты еш өзгермейді. Сол кеме құрастырушы зауыт болып қала береміз. Инвестор зауытты жаңғыртуды қолына алып жатыр. Біздің цехтар әбден ескірген, ішіндегі құрылғылар тозған. Инвестор солардың бәрін ауыстырып, жөндеу жүргізуге міндеттелді. Инвестордың пайдасы болады, – деп атап өтті «Зенит» зауытының бас директоры Қадыржан Мұқанов.
Биыл 16 мамырда «Зенит» зауыты «Семей» шағын күзет кемесін салтанатты түрде суға түсірген еді. Жаңа кеме Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің тапсырысы бойынша жасалды.
Кеме теңіз жағалауын патрульдеуге, браконьерліктің жолын кесуге және теңіз аймағындағы кез келген оқиғаларға жедел қимыл жасауға арналған. Оның жоғары маневрлік қабілеті қиын жағдайларда тез және тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.
Енді «Зенит» зауыты келесі жылы ең ірі кемені суға түсіруге дайындап жатыр.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы