in

Архивке көшкен мәңгі сөз

«Тарих ұмытқанды ұнатпайды» дейді Әбіш Кекілбаев. Осы сөзді біз өзінің мұрасына да қатысты деп түсінейік. Өйткені қаламынан туған әр шығарма – бізге тарих. Заңғар қаламгердің жеке архиві енді Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде мемлекеттік сақтауда тұрады.

Жақында осы ғимаратта Әбіш Ке­кіл­баевтың ізін жалғаған ұрпағы Абыл Кекілбаев атасының жеке архивін тап­сыру салтанаты өтті. Архивке құжат­тарды тапсыру жөніндегі келісімге жазу­шының немересі Абыл Кекілбаев пен Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина қол қойды. 

– Біз осы қолжазбалар мен папка­лар­дың арасында өстік, олар бізбен бірге бір үйден екінші үйге көшіп жүрді. Атамыз қайтыс болған соң архив тағдыры жайлы сұрақ туындады. Ар­хивке тапсыру туралы ой келгенде атамыздың 1999 жылдан бастап ешқай­да жарияланбаған өлең-кітаптарын тапқанбыз. Ол былтыр атамыздың 85 жылдығында табысталды. Бүгін архивке тек шығармалары емес, қайраткерлігі туралы еңбегі, тәуелсіздік қарсаңында сөйлеген сөздері мен баспада басылған мақалаларының түпнұс­қалары тап­сырылды. Архивпен келіссөзді екі жыл бұрын бастадық, – дейді жазушы­ның немересі А.Кекілбаев. 

 

Архивке өткен Әбіш Кекілбай­ұлы­ның 22 мыңнан астам парақтан тұратын 308 жеке мұрасы мұқият жинақталған. Бүгінде Президент Архивінде1,5 мил­лионнан астам сақтау бірлігі тіркелген. Президент архивінің директоры Әлия Құсайын­қызының айтуынша, қорға қосылған Әбіш Кекілбайұлының жеке архиві – жаңа ғимаратта қабылданған алғашқы қор. 

– Бүгін Президент архиві үшін ай­тулы күн, тарихи сәт. Дәуір данасы Әбіш ағамыз әдебиет әлемінде де, егемен ел шежіресінде де ерекше орны бар жасампаз тұлға. Оның мұрасын көздің қарашығындай сақтау – біз үшін зор жауапкершілік. Архивке жүктелген аманат. Оның жеке архиві – егемен Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі саяси шешімдер мен тарихи оқиғаларды терең зерделеуге мүмкіндік беретін құнды дереккөз, – деді Әлия Мұс­та­фина. 

Салтанатты шараға бір топ зиялы қауым өкілдері де келді. Олар Әбіш Кекілбаев туралы бірге өткізген уақыт­тарынан естелік үзіктерін айтты. Мем­лекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы Қуаныш Сұлтанов жазушының қаламгерлік қасиеті жо­ғары екенін айрықша атап өтті. 

– Архив – ғасырларға, мыңжылдық­тарға жұмыс істейтін ғимарат. Адам­заттың рухани игілігінен асыл, одан қымбат сақтаулар жоқ шығар. Әбекең бір шабыты келіп төгілгенде телегей теңіз болушы еді. Әбекең ерекше құр­мет­тейтін ұстазы академик Зейнолла Қаб­долов Әбекеңнің ойы терең екеніне таң қалып «Мен Әбіш Кекілбаевты оқы­ттым деуге өзім ұялып тұрмын» дей­тін. Астарында қандай ойлар жатыр?! – дейді Қ.Сұлтанов.

Ал мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев қаламгердің адамгершілігі туралы сөз қозғады. Өзі Маңғыстауда әкім боп жүргенде Әбіш Кекілбаевтың 70 жылдық мерейтойын ұйымдастыру ісі жүктеліпті. Халық­аралық ПЕН-клубтарда бірталай іс-ша­ралар жүзеге асырылса да, туған ауы­лын­дағы жағдай жазушыны елжіреткен екен.

– Әбекеңнің 70 жылдық мерей­тойында туған жері Оңды ауылының кіреберісіндегі биікке Айсәуле әжеміз­дің ескерткішін қойдық. Өзінің шығар­масында жазылған «Білегі – ерінікі, тілегі – елінікі» деген сөзін қосып жаз­дық. Өйткені анамыз өмірін арнамаса, ағамыз Әбіш Кекілбаев болар ма еді. Айсәуле әже қайтыс боларының ал­дында Клара апаға «Саған ризамын, ба­тамды беремін. Бірақ Әбішті ренжіт­пе, оның қан қысымы бар ғой» деп айтыпты. Кейін Клара апамыз бірнеше келінмен иіліп тұрып жаңағы ескерт­кішке қарап сәлем берді. Оны көрген Әбіш ағаның көзінен жас ыршып шығып «Әй, қу бала, ақыры дегендеріңе жет­тіңдер ғой, мені жылатып» деді. Әбіш аға мәңгі халқымен бірге. Әбіш аға­ға шәкірт болу біздің маңдайымызға жазылған үлкен бақыт деп есептеймін, – деп жылы естілігін айтты Қырымбек Көшербаев.

«Кекілбаевтану» енді басталады деп сөз бастаған Сауытбек Әбдірахманов Әбіш Кекілбаевтың Архивке өткен еңбектері енді ғалымдардың жаңа ізде­нісін оятады деген пікір айтты. 

– Бауыржан Момышұлы «Көкте құ­дай бар, жерде архив бар» деп айтып­ты. Енді сол архивті ұқыпты қып ұстай­тын ел бар кезде, қадірін білетін халық бар кезде асылдар, небір ғажайып қа­зыналар жоғалмайды да, шаң да бас­пайды. Бұдан кейін Әбіш ағаның ал­дынан жаңа көкжиек, жаңа кеңістік ашылады. Кекілбаевтану енді бастала­ды. Ғалымдарға Кекілбаевтың тілін, стилистикасын, метафораларын, фра­зеоло­­гизмдерін зерттеуге, қай кезде қай тақырыпқа көшкенін, оның қалам­гер­лік эволюциясының қалыптасқанын зерттеуге мүмкіндік туады, – дейді мемлекет және қоғам қайраткері Сауыт­бек Әбдірахманов.

Жеке қордың салтанатты ашылуы­нан кейін қонақтар назарына тақырып­тық көрме ұсынылды. Онда архивтік сирек құжаттар, фотосуреттер, жазушы­ның жеке заттары мен бейнематериал­дары қойылды. Бұлар алдағы уақытта электронды форматқа көші­ріліп, жазу­шының рухани мұрасы цифр­лық кеңіс­тікте сақталмақ. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ