Quartz сайты жариялаған хабарламаға сүйенген Aikyn.kz , жасанды интеллектің қызметін этикалық тұрғыда бағалау қажеттігіне назар аударады.
Рим Папасы: «ЖИ адамзаттың ақиқат пен сұлулыққа ашықтығы, шынайылықты қабылдау және түсіну қабілетіне байланысты мәселелер тудырады». Фото apnews.com сайтынан алынды. Авторлығы: Vatican Media
Жұма күні (20 маусым) өткен Жасанды интеллект жөніндегі Екінші жыл сайынғы Рим конференциясында Рим Папасы XIV-ші Лев ЖИ-дің даму бағыты туралы пікірін білдірді. Іс-шараға Ватикан өкілдері, америкалық ғалымдар мен Google, OpenAI, Anthropic, Meta және басқа да Кремний аңғарындағы ірі компаниялардың басшылары қатысты. Жаңа сайланған Рим Папасы ЖИ-дің «этикалық тұрғыда ішкі өлшемі» мен жауапты басқарылуы туралы терең ойлануға шақырды.
XIV-ші Лев ЖИ-дің «ерекше әлеуетін» мойындай отырып, оның «адамзаттың ақиқат пен сұлулыққа ашықтығы, шынайылықты қабылдау және түсіну қабілетіне» төндіретін мәселелерді де атады.
Дәл осы уақытта Трамп әкімшілігі жазғы демалысқа дейін Сенат қабылдамақ болған «үлкен әрі әдемі заң жобасының» бөлігі ретінде ЖИ-ді штат деңгейінде реттеуге он жылға тыйым салатын құжатты белсенді насихаттауда. Бұл бастама екі партия тарапынан да қарсылыққа ұшыраған. Тіпті Трамптың Марджори Тейлор-Грин секілді жақтастары да оны қолдамаған.
Anthropic компаниясының бас директоры Дарио Амодей де бұл заң жобасын «өте дөрекі құрал» деп сынға алды. Ол New York Times басылымындағы мақаласында былай деп жазды:
«Мен бұл жүйелер алдағы екі жылда әлемді түбегейлі өзгертуі мүмкін деп ойлаймын. Ал он жылдан кейін не болатыны беймәлім. Федералды деңгейдегі нақты жоспар болмаса, мораторий бізге ең нашар сценарийді ұсынады. Штаттар әрекет ете алмайды және ұлттық саясат жоқ».
Рим Папасы XIV-ші Лев ЖИ-дің дамуы «адамның қадір-қасиетін, әділеттілікті және еңбекті қорғауда жаңа сын-қатерлер туғызатынын» мәлімдеген. Фото bbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters
Рим Папасы XIV-ші Лев ЖИ-дің артықшылықтары мен қауіп-қатері «ең жоғары этикалық өлшеммен» бағалануы қажет екенін атап өтті. Ол ЖИ адамзаттың жалпы қадір-қасиетінің шынайы табиғаты мен ерекшелігі туралы терең ойлануға мәжбүр ететінін айтқан. Сонымен қатар, «мәліметке қол жеткізу қаншалықты маңызды болса да оны зерде немесе интеллектпен шатастырмау керектігін» мәлімдеді.
Ватикан ЖИ технологиясын 2020 жылдан бері мұқият қадағалап келеді. Сол жылы IBM мен Microsoft қатысқан «ЖИ этикасына шақыру» атты құжат жарық көріп, «цифрлық инновация мен технологиялық прогресс адамзатқа орталық рөл беруі тиіс болашаққа» жол ашуды мақсат етті.
2023 жылы Рим Папасы Франциск ЖИ халықаралық міндетті келісімдер арқылы реттелмесе, «технологиялық диктатура» туындауы мүмкін екенін ескерткен болатын. Ол бұл технологияның әскери мақсатта қолданылуына да ерекше алаңдаушылық білдірген болатын.
Биыл АҚШ «Thunderforge» деп аталатын Scale AI бағдарламасын жариялап, ЖИ-ді әскери жоспарлау мен операцияларға енгізуді бастады. Өткен аптада OpenAI компаниясы Қорғаныс министрлігінен 200 миллион долларлық әскери тапсырыс алды.
Компанияның техникалық басшылары әскердің қосалқы офицерлері ретінде ант беріп, ЖИ қолдану бойынша кеңесші ретінде қызметке тартылды.
Рим Папасы XIV-ші Лев өзін индустриялық революция кезінде жұмысшылардың құқығын қорғаған XIII-ші Рим Папасының ісін жалғастырушы ретінде таныстырды. Биыл мамыр айында Рим Папасы болып сайланғаннан кейін алғашқы көпшілікке үндеуінде ол ЖИ-дің дамуымен қоғам «жаңа индустриялық революцияның» ортасында тұрғанын айтты. Бұл жағдай «адамның қадір-қасиетін, әділеттілікті және еңбекті қорғауда жаңа сын-қатерлер туғызатынын» мәлімдеген болатын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.