Айта кету керек, биылдан бастап Қазақстанда орта білім беру ұйымдарында педагог-кәсіптік бағдар беруші лауазымы ресми түрде бекітілді. Бірақ еліміздегі 7 724 мектепке кәсіби профориентологтер жете ме? Бізді алаңдатқан сауалға Халықаралық профориентаторлар бірлестігінің мүшесі Динара Төлеуқызы жауап берді.
– Қазақ қоғамы профориентацияны енді ғана зерттеп бастағандай. Бұған дейін түлектердің мамандық таңдауына ата-ана, қоғам пікірі көп ықпал ететін. Жалпы, профориентолог деген кім? Оның міндеті қандай?
– Қазақстанда кәсіби бағдар беру (профориентация) саласы соңғы жылдары ғана жүйелі зерттеле бастады. Бұған дейін көп жағдайда мектеп бітірушілердің мамандық таңдауына ата-ананың көзқарасы, қоғамдағы беделді мамандықтар туралы стереотиптер немесе материалдық жағдайлар әсер ететін. Бұл өз кезегінде көптеген жас мамандардың өз саласына көңілі толмай, басқа жол іздеуіне себеп болды. Профориентолог – бұл адамға оның қабілеттеріне, қызығушылықтарына, құндылықтарына және еңбек нарығындағы сұранысқа сүйене отырып, болашақ мамандығын дұрыс таңдауға көмектесетін маман. Профориентолог психология, педагогика және еңбек нарығының негіздерін жақсы меңгерген болуға тиіс.
Профориентологтің негізгі міндеті – жеке тұлғаны зерттеу: Арнайы тесттер (қабілет, қызығушылық, құндылықтар бойынша); Әңгімелесу, бақылау арқылы баланың немесе жасөспірімнің бейімділігін анықтау. Кәсіптер туралы ақпарат беру: Қазіргі заманғы мамандықтар мен олардың талаптары туралы түсіндіру; Жаңа мамандықтар мен еңбек нарығындағы трендтерді таныстыру. Білім беру жолдарын түсіндіру: Қандай оқу орындары мен бағдарламалар сәйкес келетінін ұсыну; Гранттар, стипендиялар, оқуға түсу жолдарын көрсету.
Қазір көптеген мектептерде, колледждерде және ЖОО-ларда кәсіби бағдар кабинеттері ашылып жатыр. Сонымен қатар жеке профориентологтер мен онлайн платформалар да белсенді жұмыс істей бастады. Бұл жастардың сенімділікпен қадам жасауына көмектеседі.
Шетелде кәсіби бағдар ерте жастан басталады
– Дамыған елдерде профориентация жолға қойылған ба?
– Иә, дамыған елдерде профориентация жақсы жолға қойылған және бұл – білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі. Мұндай елдерде кәсіби бағдар тек мектеп бітірушілерге емес, барлық жастағы адамдарға ұсынылады. Бұл бағытта мемлекет те, мектептер де, жеке ұйымдар да белсенді жұмыс істейді.
Дамыған елдердегі профориентация жүйесінің ерекшеліктері сан алуан. Атап айтсақ, Финляндия, Германия, Ұлыбритания сияқты елдерде кәсіби бағдарлау бастауыш немесе орта мектептен басталады. Оқушылар өз қабілетін, қызығушылығын ерте жастан зерттей бастайды. Мектептерде карьера кеңесшілері (career counselors) тұрақты жұмыс істейді. Әр оқушының жеке кәсіби даму жоспары (Individual Career Plan) жасалады.
Job shadowing, internship, mentorship сияқты бағдарламалар арқылы оқушылар түрлі кәсіпорындарда жұмыс істеп көреді. Бұл арқылы олар нақты мамандықтың ішкі қырын көріп, шешім қабылдай алады. Жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар бірлесіп бағдарламалар дайындайды. Жасөспірімдерге өндіріс орындарында экскурсиялар, практикалар ұйымдастырылады.
Профориентация тек жастарға емес, мамандық ауыстырғысы келетін ересектерге де ұсынылады. АҚШ пен Канадада lifelong career guidance деген ұғым кең тараған.
Қорыта айтар болсақ, дамыған елдерде профориентация – білім беру мен еңбек нарығы арасындағы көпір. Бұл жастардың дұрыс таңдау жасауына, қоғамда тепе-теңдік сақтауға және жұмыссыздықты азайтуға көмектеседі. Қазақстан үшін де осы үлгілерді ескеріп, ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, тиімді жүйе қалыптастыру маңызды.
– Сіздің профориентациямен айналысуыңызға не әсер етті?
– Еңбек жолымды жоғарғы оқу орындарында жұмыс істеуден бастап, әлі де білім саласында еңбек етіп келемін. Сол бастапқы кезден бері алдыма келген студенттердің өз мамандықтарын дұрыс анықтамай, адасып жүргенін көп көріп, оларға көмек қолын созуды жөн деп санап, профориентация саласына деген қызығушылығым осылай арта берді. Сонымен бірге, кеңес жасау үрдісіме ЖОО мен колледжерде, мектептер мен мамандардың біліктіліктерін арттыру курстарында, білім сапасын бағалайтын аккредиттеу мекемелерінде жұмыс істеуім де әсер етті деп ойлаймын. Себебі осы салалардың ішінде жүріп, қоғам мен мамандарға деген сұраныс мәселесін, білім беру жүйесіндегі артықшылықтар мен осал тұстарды ішкі жағынан көріп, зерттеп, сол тәжірибеммен бөліскім келгені де шығар.
Сондай-ақ адамдарға көмектесу ниетім, психология мен білімге қызығушылығым, еңбек нарығы мен қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамауым да әсер етті деп ойлаймын. Себебі жастардың өмірлік жолын дұрыс табуына көмектесу – үлкен жауапкершілік әрі маңызды миссия. Өмірінде өз орнын таба алмай жүрген адамдарға қолдау көрсету мені қатты қызықтырады. Адамның ішкі әлемін түсіну, қабілетін анықтау, даму жолын болжау – өте терең әрі қызықты сала. Қазіргі заман жылдам өзгеріп жатыр. Жастарға заман талабына сай бағыт-бағдар берудің маңызы зор екенін түсіндіргім келеді.
Оқушылар өз қабілетін нақты білмейді
– Қазір тек Астанада ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен сізге хабарласып, өз бағытын анықтайтын жоғары сынып оқушылары көп. Олардың ортақ проблемасы қандай? Сіз олардың бағытын анықтағанда, қандай әдістеме қолданасыз?
– Бүгінгі білім беру саласындағы өзекті мәселеге тікелей қатысты. Иә, қазір Астана ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша және де шетелдің жоғары сынып оқушылары өздерінің болашақ бағытын табу үшін кәсіби көмекке жүгініп жүр. Мен де олардың сұрақтарына жауап беріп, бағыт-бағдар бойынша кеңес беремін.
Жоғары сынып оқушыларының ортақ проблемалары: өз қабілетін нақты білмеуі. Яғни, «Қай пәннен жақсы оқимын – соны таңдай салам» деген қате түсінік жиі кездеседі. Ішкі мотивация мен қабілеттерін анықтау қиын. Ата-ана мен қоғам қысымы. Ата-ананың «дәрігер бол», «заңгер бол» деген таптаурын кеңестері. «Сұраныс бар мамандық қана маңызды» деген қасаң көзқарас. Мамандықтар туралы нақты ақпараттың аздығы. Көп оқушы тек 5-6 кәсіпті ғана біледі (мұғалім, дәрігер, заңгер, ІТ-маман). Сонымен бірге, заманауи, сұранысқа ие, аралас салалар туралы білмейді (UX-дизайнер, Data Analyst, генетик т.б.). Өзін-өзі бағалау мен сенімсіздік бар. «Менің қолымнан келе ме?» деген ішкі күмән көп. Қоғамдағы табысқа жеткендермен салыстыру да балалардың бойында бар құбылыс. Осыған қоса, еңбек нарығын түсінбеу де баршылық. Қандай мамандықтар болашақта керек болады, қайсысы автоматтандырылуы мүмкін – бұл сұрақтар беймәлім.
Мен психотиптік және қызығушылық тесттерін, мотивациялық сұхбат үлгісін (коучинг тәсілін), еңбек нарығын зерттеу және болжау әдісін, жеке даму картасын құру методикасын қолданамын. Осы арқылы оқушының қызығушылығына қарай оқу бағытын, қосымша курстарды жоспарлауға көмектесемін.
Бүгінгі жастар өте қабілетті, біз ішкі әлеуетін ашуға көмектессек, олардан талай мықты білікті маман шығатыны сөзсіз. Менің мақсатым – олардың өз таңдауын саналы әрі сенімді түрде жасауына көмектесу.
– Биылдан бастап Қазақстанда орта білім беру ұйымдарында педагог-кәсіптік бағдар беруші лауазымы ресми түрде бекітілді. Бұл қоғам үшін қаншалықты тиімді?
– Бұл Қазақстандағы білім беру саласы үшін тарихи әрі өте маңызды қадам болды. 2024 жылдан бастап мектептерде «педагог-кәсіптік бағдар беруші» (немесе педагог-профориентолог) лауазымының ресми түрде енгізілуі – оқушылардың кәсіби болашағына жүйелі түрде қолдау көрсетуге арналған нақты шешім. Бұл өзгерістің қоғамға берер пайдасы зор.
Себебі кәсіби бағдар жүйелі және тұрақты түрде жүргізілетін болады деп ойлаймын. Бұрын профориентациялық жұмыс тек ата-аналар жиналысында айтылып, сирек ұйымдастырылатын іс-шаралармен шектелетін. Енді бұл жұмыс жүйелі түрде, оқу процесінің бір бөлігі ретінде жүргізіледі деген сенімдемін. Мамандардың көмегімен оқушылардың жеке қабілеттері мен қызығушылықтары ескеріліп, әр оқушыны жеке зерттеп, оның бейімділігіне сай бағыт ұсынуға мүмкіндік туады. Бұл болашақта кәсіби қателіктердің (мамандық таңдаудағы өкініш) азаюына себеп болары һақ. Профориентаторлармен мамандықтар туралы дұрыс, заманауи ақпарат беріліп, жаңа кәсіптер, сұранысқа ие мамандықтар, еңбек нарығындағы трендтер туралы нақты мәлімет ұсынылатын болады. Ауыл мен қала арасындағы ақпарат теңсіздігі біртіндеп азаяды. Бағыт-бағдар берушілер ата-анамен тығыз жұмыс істеп, оларға баланың бейімділігі жайлы кәсіби қорытынды беріп, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Бұл ата-ананың өз көзқарасын баланың болашағымен ұштастыруына ықпал етеді. Ең маңыздысы, жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын алуға көп көмек болады. Яғни, жастар сұранысқа ие, өзіне лайықты мамандық таңдаса, жұмыссыздық пен кәсіби қанағаттанбаушылық азаяды. Қоғамда білікті мамандар саны артады, бұл ел экономикасына да оң әсер етеді.
Педагог-профориентолог лауазымының енгізілуі – оқушының кәсіби болашағын алдын ала жоспарлауға, саналы түрде таңдау жасауына мүмкіндік беретін үлкен қадам. Бұл – тек жеке тұлғаның емес, тұтас қоғамның сапалы дамуына негіз бола алатын шешім.
Ауылда профориентологтер тапшы
– Кәсіптік бағдар беруші педагогтер барлық мектепке жетіспейді ғой. Олардың кәсібилігін қалай шыңдау керек?
– Иә, расымен де, педагог-кәсіптік бағдар берушілер (профориентологтер) барлық мектепте жеткілікті емес, әсіресе ауылдық және шағын елді мекендерде бұл маман тапшылығы қатты сезіледі. Оның үстіне, жаңа лауазым бекітілгенімен, бұл бағытта әлі де кәсіби кадрларды даярлау мен олардың біліктілігін арттыру жұмысы жүйелі жолға қойыла қойған жоқ.
Профориентолог мамандардың кәсібилігін қалай арттыру керек?
Біріншіден, педагогтерге арнайы курстар мен қайта даярлау бағдарламаларын ұйымдастыру керек. Мұғалімдерге (әсіресе, психологтер, сынып жетекшілер, тәлімгерлер) арналған сертификатталған қайта даярлау курстарын әзірлеу қажет.
Екіншіден, заманауи әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету керек. Профориентологтерге арналған әдістемелік жинақтар, диагностикалық тесттер, жұмыс дәптерлері, оқушы бағыттамалары әзірленіп, барлық мектепке жеткізілуі тиіс. Онлайн платформа құру: тест тапсыру, мамандықтар туралы ақпарат алу, бағыт-бағдар картасын жасау мүмкіндігі бар жүйе керек (мысалы, Kasipker Bol, MyFuture, Atlas of New Professions).
Үшіншіден, цифрлық білім беру мүмкіндіктерін пайдалану керек. Онлайн вебинарлар, тәжірибе алмасу алаңдары, тренингтер ұйымдастыру – шалғайдағы педагогтер үшін өте тиімді. Республикалық немесе өңірлік деңгейде профориентологтер қауымдастығы құрылып, тәжірибе бөлісетін орта қалыптасуға тиіс.
Төртіншіден, ЖОО-да жаңа бағыттарды енгізу керек. Педагогикалық жоғары оқу орындарында «Кәсіптік бағдар және мансаптық кеңес» пәнін міндетті етіп, арнайы бакалавриат немесе магистратура бағдарламаларын ашса, жақсы болар еді (мысалы, «Профориентациялық педагогика», «Кәсіптік бағдар»).
Бесіншіден, мектеп ішіндегі кадрларды қайта бейімдеу маңызды. Педагог-психолог, әлеуметтік педагог, тәлімгерлерге профориентация негіздерін үйрету арқылы оларды қосымша кәсіби бағдар беруші ретінде дайындауға болады. Бұл – кадр жетіспеушілігін уақытша шешудің тиімді жолы екенін де жеткізгім келеді.
Педагог-профориентолог тек бір маман емес, бүкіл білім беру жүйесінде кәсіби таңдау мәдениетін қалыптастырушы тұлға деп ұғыну қажет. Олардың кәсібилігін арттыру оқушылардың дұрыс таңдауына, ел болашағының сапалы кадрмен қамтамасыз етілуіне тікелей әсер етеді.
Мамандықтар жойылмайды, өзгеріске ұшырайды
– Қазір төрт жыл оқыған дипломын сандыққа салып, жұмыссыз жүрген жастар көп. Олардың мамандықпен жұмыс істемегеніне кім кінәлі?
– «Диплом – сандықта, жұмыс – басқа жақта» деген жағдай, өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда кең таралған. Бұл – жеке адамның, білім беру жүйесінің, қоғамның және еңбек нарығының ортақ мәселесі. Сондықтан кінәні тек бір жаққа артып қою – үстірт пікір. Бұл жағдай – бірнеше фактордың қиылысы мен үйлесімсіздігінің нәтижесі.
Жастардың мамандығымен жұмыс істемеуіне жеке таңдау қателігі де, жүйелік кемшілік те, әлеуметтік қысым да әсер етеді. Бұл – ортақ жауапкершілік. Сондықтан тек «кім кінәлі?» деп емес, «қалай түзетуге болады?» деп қарау – әлдеқайда нәтижелі.
Оған «кім кінәлі?» емес, «не себеп?» деп сұраған дұрыс шығар?!
Оған бірінші себеп – жастардың бейсаналы таңдау жасауы.
Көптеген түлек мамандықты жүрек қалауымен емес, ата-ананың қалауымен немесе қоғамдағы стереотиптерге қарап таңдайды. «Грант болса болды» деген оймен, өз бейімділігін ескермей таңдау жасайды. Университетте оқыған кезде нақты практикадан өтпейді, кәсіптің ішкі мазмұнын түсінбей жататыны да бар.
Екінші себеп – білім беру жүйесінің еңбек нарығынан алшақтығы.
Кейбір ЖОО әлі де ескі бағдарламалармен оқытады, заманауи талаптарға сай дағдылар бермейді. Практика аз, теория көп. Нәтижесінде, түлек – дипломы бар, бірақ дағдысы жоқ маман болып шығып жатыр. Университет пен жұмыс беруші арасында кері байланыстың әлсіздігі, кейде тіпті болмауы.
Үшінші себеп – еңбек нарығындағы тапшылық пен тепе-теңсіздік.
Кей салаларда маман көп, жұмыс аз (мысалы, заңгерлер, экономистер). Керісінше, техникалық, өндірістік салаларда жұмыс көп, маман тапшы болып жатыр. Жастар қалада жұмыс іздейді, бірақ өңірде сұраныс жоғары.
Төртінші себеп – ата-ана мен қоғам қысымы.
«Мамандық – мәртебе» деп түсінетін көзқарас әлі де қоғам ішінде бар. «Қыз балаға ІТ жараспайды», «Ұлым заңгер болсын», «Педагог – табысы аз, мазасыз жұмыс» деген стереотиптер жастардың шынайы таңдауына кедергі келтіреді.
Бесінші себеп – мектепте кәсіби бағдардың болмауы.
Егер бала өз бейімділігін ерте жастан таныса, мұндай проблема болмас еді. Мектеп кезінен дұрыс бағыт берілмеген соң қателік кейін шығады да, бала өз орнын таба алмай, қоғамда жұмыссыздық пайда болып, кадр мәселесінде жетіспеушілік шығып, мемлекет дамуына нұқсан келеді.
– Жастар мамандық таңдағанда, неге баса мән бергені дұрыс?
– Мамандық таңдау – бұл жай оқу бағытын емес, болашақ өмір салтын, ортаңды, табыс деңгейіңді, ішкі қанағат пен даму бағытыңды таңдау. Сондықтан жастар бұл таңдауға жауапкершілікпен қарап, 5 маңызды факторға баса мән бергені жөн. Атап айтсақ, өзінің бейімділігі мен қызығушылығы, қабілеті, еңбек нарығындағы сұраныс, оқу мен даму мүмкіндіктері, өмір салты мен жеке құндылықтар.
– Болашақта қандай мамандықтар жойылып, қандай мамандықтар пайда болады деп ойлайсыз?
– Нақты жойылып кетеді деп те айту қиындау. «Болашақта жойылу қаупі жоғары мамандықтар» деп келтіргеніміз жөн болар. Бұл мамандықтар жаңа дағдыларды қажет ететін форматқа ауысады. Ондай мамандықтарға: кассирлер, кеңсе хатшылары, бухгалтерлік есепшілер, банк операторлары, аудармашылар, қарапайым өндіріс жұмысшылары кіреді.
Ал болашақта пайда болатын және сұраныс арта түсетін мамандықтарға тоқталар болсақ, оларға: қашықтан оқыту методологі, робототехника инженері, медицинадағы цифрлық консультант, VR/AR маманы, Data Scientist / Аналитик, киберқауіпсіздік маманы, жасанды интеллект инженері, экожүйе дизайнері (Eco-designer), биотехнолог / генетик.
Мамандықтар жойылмайды, өзгеріске ұшырайды. Сондықтан жастарға ең басты кеңес: мамандық емес, қабілет пен икемділік таңдаңыздар!
Болашақ маман үнемі үйренетін, бейімделе алатын, креативті адам екенін ұмытпаңыздар!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН