in

«Екі-үш сағат боядым»: полицейлер уланған жас жігітті аман алып қалды

Жетісу облысы Текелі қаласында оқыс оқиға болды, –  деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Текелі қалалық ауруханасы реанимация бөлімінің дәрігері Нұрғазы Тұрдалиевтің айтуынша, жас жігіт уланып қалған. Полицейлер шұғыл көмек көрсетіп, ажалдан арашалап қалды. Оқиға 31 наурыз күні кешкі уақытта болған. 

«Сағат 19:30 шамасында қызмет атқару барысында Әуезов көшесінің бойында бейтаныс азаматты кездестіріп қалдық. Ол кісі бізді тоқтатып, көмек сұрады. Оқиға орнына келгенде қойманың ішінде бір бала есінен танып жатты. Айналасына бояу төгілген болды. Удың иісі шығып тұрды. Есінен танып қалған адамның аузынан көбік ақты. Дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, массаж жасадық», – деді Жетісу облысы ПД патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Елдар Амангельдин. 

Бояу иісінен есінен танып қалған 22 жастағы қала тұрғыны Тимур Абдуллин «Жетісу Resort» кешенінде жұмыс істеген. 

«Шамамен 2-3 сағаттай боядым. Ал есімнен танып қалғаным есімде жоқ», – деді. 

Polisia.kz-тің дерегінше, Тимурдың көлігін кешен маңынан өтіп бара жатқан танысы Әбдібек Молдабеков байқаған. Жігітті таба алмаған ол оған қоңырау шалып, жауап ала алмаған соң дабыл қаққан. Полицейді де осы кісі шақырған. Дәрігерлердің сөзінше, химиялық заттардың адам ағзасына әсері күшті. 

«Ес-түссіз жағдайдан соң адамның жүрегі де тоқтап қалуы мүмкін. Яғни, орталық жүйке жүйесінің қызметі бұзылған кезде адамның тыныс алу функциясы нашарлайды. Алғашқы көмек дұрыс жасалмаса, пациентті жоғалтып алу қаупі бар. Бұл жағдайда айта кету керек, полиция қызметкерлерінің алғашқы көмек көрсетуі өте жоғары деңгейде. Соның арқасында жас баланың өмірі сақталды. Бұл –  бір ерлік. Медицина қызметкерлерінің атынан полиция қызметкерлеріне алғыс білдіреміз, – деді Текелі қалалық ауруханасының реанимация бөлімінің дәрігері Нұрғазы Тұрдалиев. Жігіт өзін ажалдан арашалап қалған тәртіп сақшылары Елдар Амангельдин, Азамат Қазыбаев пен Жанатбек Ахметовке ризашылығын білдірді.