in

Колледждерде алғаш рет студенттерді халықаралық сертификаттау басталды

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында техникалық және кәсіптік білім алушылардың кәсіби дағдыларын танудың жаңа құралы енгізілуде, – деп хабарлайды  Aikyn.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандағы алғашқы ресми тестілеу орталығы (CATC) «Talap» КЕАҚ базасында ашылды.

Certiport – бұл цифрлық технологиялар мен кеңсе бағдарламалары саласында кәсіби сертификаттауға бағытталған халықаралық платформа. Ол білім беру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – ұлыбританиялық Pearson компаниясының құрамына кіреді. Certiport сертификаттары әлемнің 152 елінде танылған, олардың қатарында – АҚШ, Канада, Еуропа, Азия, Аустралия және Таяу Шығыс елдері бар. Бұл қазақстандық колледж студенттерінің өз дағдыларын халықаралық стандарттар бойынша дәлелдеп, шетелдік жұмыс берушілер тарапынан танылуына, шетелде тағылымдамадан өтіп, жұмыс табуда артықшылыққа ие болуына және жаһандық еңбек нарығына шығуына мүмкіндік береді.

«Қазіргі таңда колледж түлектеріне тек диплом емес, нақты дағдыларын растауы да қажет болуда. Халықаралық сертификаттау оларға Қазақстанда да, шетелде де жаңа мансаптық мүмкіндіктер ашады», – деді Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.

Аталған емтихан сессиясы ASTANA POLYTECHNIC жоғары колледжі базасында өтті. Нәтижесінде, төрт студент өз кәсіби құзыреттерін растап, халықаралық сертификаттарға ие болды. Олардың қатарында киберқауіпсіздік саласындағы IT мамандар: Дмитрий Карпюк, Арсений Цыплаков, Рашид Хисматуллин, сондай-ақ JavaScript бойынша IT маман   Әдемі Қабдолла бар.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.