Іріктеуден өткен 270 бала өздерінің инновациялық жобаларын жұртшылыққа таныстырды. Олимпиадаға қатысушылар тек техникалық қабілеттерін ғана емес, сонымен қатар қоғам мен жаһанға пайдасын тигізетін шешімдер ұсынуға басымдық берді. Республикалық олимпиада алаңында әр өңірдің үздік деп танылған инновациялық жобалары ұсынылды.
Ұлттық байқауға 17 жасқа дейінгі 270 оқушы шақырту алды. Олардың инженерлік ойлау жүйесінен туған тың жобалары әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерді шешуге бағытталған. Олимпиада шарты бойынша болашақтың роботтары адамзат өмірін жақсартуға үлес қосуы керек.
Биыл Ұлттық байқаудың төрешілер құрамына халықаралық сарапшылар да тартылды. Малайзиялық маман әлемдік рейтингте топ ондыққа енген қазақстандық оқушылардың мүмкіндігімен танысты. Ол жаңа модель мен ұтқыр бағдарламалық шешімдерді бағалап, үздік команда жасақтауға көмектеседі.
Республикалық кезең екі күнге жоспарланған. Үздік деп танылған командалар қараша айында халықаралық байқауда бақ сынап, Сингапурда ел намысын қорғайды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.