in

Күйеуімнің ерен еңбегі, адал қызметі ұмытылмағанына шын жүрегіммен алғыс айтамын – Анель Забикулина

Қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметінің жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулиннің жұбайы Анель Забикулина әлеуметтік желіде жазба жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ол Президенттің алғысы мен құрметі отбасы үшін мәңгі есте қалатын тарихи күн екенін атап өтті. Сонымен қатар бұл бір адамның еңбегіне берілген марапат емес, ел үшін жасаған ерлікке берілген ерекше бағалау екенін айтты.

«Президенттің алғыс хаты – жүрегіме жеткен құрмет. Бүгін менің Асқарыма Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хат табысталды. Бұл-тек бір адамның еңбегіне берілген марапат емес, бұл-ел үшін жасаған ерлікке берілген ерекше бағалау. Күйеуімнің ерен еңбегін, адал қызметін ел де, үкімет те ұмытпағанына шын жүрегіммен алғыс айтамын. Бұл мен үшін-үлкен абырой, өлшеусіз мақтаныш. Президенттің бұл марапаты арқылы тек күйеуім ғана емес, мыңдаған қарапайым отбасыларға, елі үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді деп білемін. Барша ел үшін қызмет етіп жүрген ер-азаматтарға, олардың жанұяларына амандық тілеймін. Алғыс хат-құрметтің бір белгісі ғана, бірақ соның артында қаншама мағына, еңбек, және шынайы ықылас жатыр. Рақмет сізге, Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бұл құрмет – біздің отбасымыз үшін мәңгі есте қалатын тарихи күн», – деп жазды Анель Забикулина.

Айта кетейік, Президент ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің жұбайын марапаттады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.