in

Шілдеде Шанхай-Алматы бағытындағы жаңа тікелей рейс іске қосылады

2025 жылы 4 шілдеде Алматыда China Eastern Airlines әуекомпаниясының Шанхай-Алматы бағытындағы жаңа тікелей рейсі іске қосылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап. Бұл оқиға екі мегаполистің туристік, мәдени және іскерлік байланыстарын нығайту жолындағы маңызды қадам болмақ.

Алғашқы рейс арқылы қалаға әуекомпания өкілдері, Қытайдың БАҚ өкілдері мен блогерлері келмек. Бұл жоба Қытайда кеңінен насихатталып, Алматының танымалдылығын арттыруға сеп болмақ. Іс-шараға орай қаланың Туризм басқармасы «Алматының символы сыйлыққа» акциясын ұйымдастырып, шаһарға ұшып келген жолаушыларды естелік кәдесыймен қарсы алуды жоспарлап отыр.

Жаңа әуе бағыты Алматы әкімдігі мен China Eastern Airlines басшылығы арасындағы 2025 жылдың ақпан айында жасалған келісімдердің нәтижесінде жүзеге асқан. Айта кету керек, бұл – компанияның Орталық Азияға алғашқы рейсі.

Жаңа бағыттың іске қосылуы қаланы қытайлық туристер мен бизнес өкілдері үшін бұрынғыдан да қолжетімді ете түспек. 2025 жылы алғашқы тоқсанында Алматыға ҚХР-нан келген туристер саны 20,9 мыңнан асып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 39,9% өскен.

Бүгінде Алматыдан Бейжің, Гуанчжоу, Сиань, Үрімжі, Ханчжоу және Саньяға тікелей әуеқатынасы бар. Жаңа рейс осы бағыттарды толықтырып, екі ел арасындағы әуеқатынасының жиілігін арттырады. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш айына 150 рейстен асады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.