in

Миллиардтаған роботтар жұмыс істейтін болашақ

Гуманоид роботтармен айналысуға бел буған компания туралы Quartz сайтының материалына сүйенген Aikyn.kz бұндай өзгерістердің себебін талдайды.

Nvidia-ның бас директоры Дженсен Хуанг: «Біз өзімізді әлдеқашан жай ғана чип өндіруші компания деп қарауды қойдық». Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Chesnot / Getty Images

Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг акционерлердің жыл сайынғы жиналысында: «Біз өзімізді әлдеқашан жай ғана чип өндіруші компания деп қарауды қойдық», – деген.

Хуанг енді компанияның қызметі тек жасанды интеллектпен (ЖИ) шектелмейтінін айтқан. Оның ойынша, робототехника, соның ішінде жүргізушісіз көліктер, компания үшін мульти-триллион долларлық табыс әкелетін тағы бір бағыт болмақ.

Осы айда Nvidia қысқа уақыт болса да әлемдегі ең қымбат жария компания аталып, Microsoft-ты басып озды. Бұл таңғаларлық жетістік ЖИ төңкерісінің алдыңғы шебінде тұрған чиптерге негізделгенімен, Дженсен Хуанг компанияның енді желілік чиптер мен бұлтты қызметтер сияқты ЖИ инфрақұрылымына ерекше мән беріп отырғанын мәлімдеген.

«Біз миллиардтаған роботтар, жүздеген миллион автономды көліктер және жүздеген мың роботтандырылған зауыттар Nvidia технологияларымен жұмыс істейтін күнді жақындату үшін жұмыс істеп жатырмыз», – дейді ол.

Маусым айының басында Nvidia компаниясы Hexagon-мен серіктестік орнатқанын жариялады. Hexagon – өндірісте кең ауқымды операциялар орындай алатын гуманоид роботтар жасайтын компания. Сондай-ақ Хуанг Cosmos атты тағы бір гуманоид роботтар шығаратын компаниямен ынтымақтастықты да атап өтті.

2024 жылдың мамырында, Nvidia-ның автомобиль және робототехникалық бөлімшесі табысын 27%-ға өсіріп, 567 миллион долларға жеткізді. Фото innovationatwork.ieee.org сайтынан алынды

Toyota (TM) өз көліктерінің жаңа буынында жүргізушіге көмек көрсету үшін Nvidia-ның DRIVE AGX Orin жүйесін қолданбақ. Aurora (AUR) және Continental компаниялары да ұзақмерзімді стратегиялық серіктестік аясында жүргізушісіз жүк көліктерін іске қосу үшін Nvidia-ның DRIVE платформасын пайдаланатын болады.

2024 жылдың мамырында, Nvidia-ның автомобиль және робототехникалық бөлімшесі табысын 27%-ға өсіріп, 567 миллион долларға жеткізді. Бұл Nvidia үшін салыстырмалы түрде шағын сома. Өйткені компанияның нарықтық құны $3,75 трлн-ға жетті. Соңғы екі жылда оның ЖИ-чиптерінің сатылымы 4 есе өскен. Ал аналитиктердің болжауынша, биыл сатылым көлемі 53%-ға артып, $200 млрд болады деп болжануда.

2024 жылдың қаңтарында тұтынушылық электроника көрмесінде Nvidia-ның бас директоры Дженсен Хуанг былай деген: «Жалпы, робототехника үшін ChatGPT-дей даму сәті алыс емес».

Ол компанияларға роботтандырылған жұмыс күшін модельдеу және орналастыруға көмектесетін жаңа құралдарды таныстырды. Бұл жүйенің өзегі – Omniverse Mega Blueprint жүйесі. Ол компанияларға виртуалды ортада робот паркін жобалауға, сынауға және оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Isaac GR00T Blueprint деп аталатын жаңа платформа да аса маңызды рөл атқарады. Ол гуманоид роботтарды үйрету үшін қажет қозғалыс туралы деректердің үлкен көлемін генерациялау мәселесін шешеді.

Деректерді нақты әлемнен жинау тым қымбат және көп уақыт алатындықтан, GR00T аз ғана адам қимылдары негізінде үлкен синтетикалық деректер жиынтықтарын жасауға көмектеседі.

Нарықтағы тағы бір жаңалық. Дженсен Хуанг өз үлесін нақты ақшаға ауыстырып жатыр. 2024 жылдың маусымында ол өзінің Nvidia акцияларын $14,4 млн-ға сатса, 2025 жылдың соңына дейін акцияларын $865 млн-ға дейін сатуы мүмкін деген пікірлер айтылуда.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.