Осыған орай, Шымкент қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің төрағалығымен кеңейтілген жиын өтті. Басқосуға қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, салалық басқарма басшылары, білім беру ұйымдарының өкілдері мен ата-аналар қауымдастығының мүшелері қатысты.
Жиын қосымша білім беруге бірыңғай мемлекеттік тапсырыс аясында ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу барысындағы өзекті мәселелерді саралауға арналды. Бұл жүйе балалар мен ата-аналарға өздеріне қажет үйірмені немесе білім беру орталығын дербес таңдауға мүмкіндік беріп, мемлекеттік қаражатты сол таңдауға сәйкес тікелей жеткізушіге бағыттауды көздейді. Яғни, қаржы – баланы жетілдіретін ортаға барады. Мұндай әдіс әлемнің дамыған елдерінде кеңінен қолданылып келеді.
Сәрсен Абайұлы өз сөзінде ваучерлік жүйенің басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуына, шығармашылық қабілетін арттыруға, бос уақытын тиімді пайдалануға жағдай жасау екенін атап өтті. «Қосымша білім беру саласына бөлінетін қаражат көлемі соңғы жылдары бірнеше есеге өсті. Бұл мемлекет тарапынан балалардың әлеуетін ашуға бағытталған үлкен қолдау. Алайда мұндай ауқымды қаржыны тиімді әрі заңды түрде пайдалану барлығымыз үшін ортақ міндет. Жүйе сапалы өнім берушілердің іріктелуіне, бәсекелестік орта қалыптасуына негіз болады. Қазір таңдау құқығы – ата-аналар мен балалардың өзінде», – деді қала әкімінің орынбасары.
Шымкент қаласында ваучерлік қаржыландыру жүйесі аясында 344 жекеменшік үйірме мен орталық жұмыс істеуде. Олардың қызметі Artsport.edu.kz платформасы арқылы қадағаланады. Бұл жүйе арқылы ата-аналар баласына қажетті үйірмені онлайн форматта таңдап, өтінім бере алады.
Мемлекеттен бөлінетін қаржылық қолдау мөлшері де нақты белгіленген. Мәселен, қарапайым балалар үшін – ай сайын 15 000 теңге, ал ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін – 22 500 теңгені, мүгедектігі бар балаларға 30 000 теңгені құрайды.
Жиында Сәрсен Абайұлы жалпы бұл бағытқа жыл сайын 10 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылып жатқанын, алайда осы ауқымды қаржының мақсатты әрі заңды жұмсалуы басты назарда болуға тиістігін атап өтті.
Кездесу барысында әкім орынбасары кейбір заңбұзушылық фактілерді де атады. Олардың қатарында бір педагогтің бір мезгілде бірнеше үйірмеде қатар жұмыс істеуі, бір баланың 5-7 үйірмеге бір уақытта тіркелуі және қызмет көрсетпей-ақ қаржы игеру әрекеттері болған. Бұл жағдайлар жүйенің ашықтығын бұзатын, қаражатты тиімсіз пайдалану тәуекелін арттыратын келеңсіздіктер ретінде сынға алынды.
«Мұндай заңбұзушылықтарға жол берген жеткізушілерге қатысты шара қолданылып, тиісті органдарға мәлімет жолданады. Біз тек сапалы қызмет көрсететін орталықтарға қолдау білдіреміз», – деп нақтылады Сәрсен Құранбек.
Кездесуде бәсекелестік ортаның маңыздылығы ерекше атап өтілді. Қаладағы үйірмелер мен орталықтар санының өсуі сапа мен қолайлы жағдайды арттыруда негізгі тетік болады. Ата-аналар мен балалардың сұранысына сай жұмыс істейтін орталықтар нарықта өз орнын сақтап қалса, қызмет сапасы төмен жеткізушілер біртіндеп нарықтан ығыстырылатыны айтылды.
Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті үйірмелердің санын арттыру, білім беру қызметінің сапасын бақылау жүйесін жетілдіру, ұдайы мониторинг жүргізу, оқытушылардың біліктілігін арттыру сияқты міндеттер де алға қойылды.
Жиын қорытындысымен қала әкімінің орынбасары ваучерлік қаржыландыру жүйесінде ашықтықты қамтамасыз ету, білім беру жеткізушілерін аккредиттеу және мониторинг жүргізу механизмдерін күшейту, жалған деректер мен бұрмалаушылықтарға жол бермеу, қоғамдық кеңес пен ата-аналар ұйымдарының қатысуымен тұрақты қоғамдық бақылау орнату және балалар мен ата-аналарға арналған ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынды.
Шымкент қаласында енгізілген ваучерлік қаржыландыру жүйесі тек қосымша білім беруді дамыту ғана емес, балалардың тұлғалық дамуына, жаңа қабілеттерді ашуға жол ашатын маңызды қадам. Бұл жүйе арқылы баланың қызығушылығы бірінші орынға шығып, мемлекет сол таңдау үшін нақты қаржы төлейді. Жаңа бастаманың түпкі мақсаты әр баланың арманына жол ашу, талантын ұштау, әлеуетін арттыру. Сондықтан да мемлекет қолдайды, ал бала таңдайды, сапа басты талап ретінде қала береді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы