Қазақ өнерінің корифейі, төл өнеріміздің төлқұжаты – Асанәлі Әшімов. Тарих бетінде таспаланған «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Сіз кімсіз, Ка мырза?» және тағы басқа фильмдегі рөлдері – Асанәлі Әшімовтің актерлік қуатын танытқан шығармашылық белес. “Айқын” авторы актерден “Жаңа өзгерістерге өнер адамы ретінде көзқарасыңыз қандай?” деп сұрақ қойды
– Ашығын айтқанда, қазір жоғары тараптан өнерге деген көзқарастың төмен екені байқалады. Жылдар бойы жүздеген маман еңбек еткен киностудияда бүгінде санаулы ғана кадр қалған. Бұрын мемлекеттен бөлінетін 100 пайыздық қаржыландырудың орнына қазір 30 пайыз шамасында қаражат беріледі. «Қыз Жібек» сияқты халықтың жүрегіне жол тапқан фильмдерден кейін көрерменді дүр сілкіндіретін бірде-бір сапалы туынды шыққан жоқ. Нағыз өнер тумағаннан кейін көрермен де қабылдамайтыны анық. Кейінгі жарты ғасырда ел есінде қаларлық, ұлттың жүрегіне жол таба алған ұлы кейіпкер жасалған жоқ. Кино өнеріндегі 1970-1980 жылдар – «Қазақфильмнің» алтын ғасыры еді. Себебі әрбір түсірілім алаңында Шәкен бастаған шығармашылық қайраткерлері жиналды. Осының арқасында «Мосфильмнен» кейін «Қазақфильм» қатарда көш бастап тұратын.
Киноның тағдыры режиссерге байланысты. Киноны көркем ойды экран арқылы жеткізе алатын, ұжымды бір бағытқа ұйыстыра білетін режиссерлер жасайды. Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев. Міне, осы төртеуі киностудияның өркендеуіне жол ашты. Мәселен, «Атаманның ақыры» фильмінде ірі планда түсірілген кадр көп. Осындай кадрлар түсіріліп жатқан тұста Шәкен актерге тік қарап тұрады. Шәкен тұрғанда өтірік ойнай алмайсың.
Сұхбатты мына сілтемеден толық оқи аласыз.