Прокуратура Перизат Қайраттың азаматтар мен ұйымдардан мүгедек балаларға, сондай-ақ су тасқыны мен Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккендерге қайырымдылық көрсету желеуімен 3 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырғанын мәлім етті.
Todayinfo ақпаратынша, Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына жіберілді. Күдіктілерге қатысты сот отырысының күні әлі жарияланған жоқ.
Іс материалы 109 томнан тұрады.
Еске салсақ, танымал блогер 2021 жылы қайырымдылық қорын құрып, біраз уақыт ішінде сенімді имидж қалыптастырған. Алайда құқық қорғау органдарының мәліметтері бойынша, бұл қор қарапайым халықтың сенімін пайдаланып, қаржыны жымқырудың құралына айналған.
Ол 2024 жылдың қарашасында ұсталды. Тергеу оның тек жеке өзі емес, туыстары мен жақын достарын да қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру схемасына тартқанын болжайды. Бұл адамдарға «қызметтері» үшін қаржылай сыйақы төленіп отырған.
Перизат Қайратқа қатысты тергеу барысында келтірілген шығын сомасы бірнеше рет өзгергенімен, соңғы мәлімет бойынша ол 3,5 млрд теңгеге жеткен. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, бұл қаражат заңсыз жолмен алынған. Мысалы, Перизат Қайрат бұл ақшаны гүл дүкенін сатып алуға жұмсаған. Ол қоғамға өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсетіп, бизнесті заңды табыс көзі ретінде насихаттаған.
Қазіргі таңда жәбірленушілердің нақты саны әлі анықталмаған. Олардың қатарында Перизат Қайраттың қайырымдылық қорына қомақты қаражат аударғандар да бар. Кейбір жәбірленушілердің мүддесін прокуратура қорғайды.
Биыл желтоқсанда Перизат Қайрат басқарған қайырымдылық қоры «Biz birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігі таратылды.
Тергеу барысында Перизат Қайрат кінәсін мойындаудан бас тартты. Қазіргі уақытта ол уақытша тергеу изоляторында отыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.