Америкалық newatlas.com сайты аллергендерге қарсы күрестің жаңа тәсілі табылғанын шабыттана жазды. Сол материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz , қазақ ғалымдарының ғылыми жаңалығымен таныстырады.
Аллергия белгілері: мұрынның бітелуі, көздің қышуы, түшкіру. Фото tottoriallergy.com сайтынан алынды
Маусымдық аллергиялық ринит – әлемдегі миллиондаған адамның өмір сапасын төмендететін дерт. Бірақ Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (KazNARU) ғалымдары оларға жаңа үміт сыйлап отыр. Ғалымдар мұрын арқылы қолданылатын «молекулалық қалқан» жасап шығарды. Бұл инновациялық әдіс – дәрісіз, инъекциясыз, аллергендерге қарсы күрестегі революциялық қадам.
АҚШ-та ғана 81 миллион адам ауадағы аллергендерге (мысалы, гүл тозаңына) сезімтал. Аллергия белгілері көпшілікке таныс. Бұлар – мұрынның бітелуі, көздің қышуы, түшкіру. Қазіргі антигистаминдік препараттар толық көмектеспейді. Бұл жағдай климаттың өзгеруіне, ластану және иммундық жүйеге әсер ететін заманауи өмір салтына байланысты ушығып барады.
KazNARU ғалымдары жусан тозаңына қарсы бағытталған моноклоналды антидене жасап шығарды. Бұл антидене аллергиялық реакцияның алғашқы сатысында – тозаң мұрын қуысына түскен сәтте-ақ іске қосылады. XA19 деп аталатын антидене IgE антиденелерімен байланысқанша аллергенді бейтараптандырып, реакцияның алдын алады.
Профессор Қайсар Табыновтың айтуынша, «бұл – тозаңнан пайда болатын аллергенге қарсы антидененің алғаш рет мұрын арқылы беріліп, жоғары және төменгі тыныс жолдарын аллергиядан қорғауы».
Қазақ ғалымдарының әдісінде инъекция қажет емес, антидене тез әсер етеді, аллергенмен жанасқан сәтте іске қосылады. Фото tottoriallergy.com сайтынан алынды
Неліктен бұл әдіс ерекше? Өйткені, инъекция қажет емес, мұрынға тікелей жағу арқылы қолданылады. Антидене тез әсер етеді, аллергенмен жанасқан сәтте іске қосылады; жергілікті қорғаныс – мұрын шырышты қабығындағы реакцияны тоқтатады; қабынуды төмендетеді, иммундық жасушалардың реакциясын әлсіретеді.
Зерттеу барысында тышқандарға жусан тозаңы енгізіліп, аллергия реакциясы қоздырылған. Содан кейін XA19 антиденесі мұрын арқылы берілген. Нәтижесінде, өкпе қабынуы мен аллергия белгілерінің айтарлықтай төмендегені тіркелген.
Профессор Табыновтың айтуынша, екі-үш жыл ішінде клиникалық сынақтар басталуы мүмкін. Бірақ бұл үшін антидене «гуманизациялау» процесінен, яғни адам ағзасына бейімдеуден өтуі қажет. Жалпы, нарыққа шығу мерзімі 5-7 жыл деп болжанып отыр.
Бұдан әрі зерттеушілер басқа тозаң түрлеріне, мысалы, амброзия мен шөптерге қарсы аналогиялық антиденелерді жасауды жоспарлап отыр. Бұл тозаңға байланысты демікпе ауруына қарсы жаңа емдеу әдісіне жол ашады.
Мұрын арқылы қолданылатын молекулалық қалқан – аллергияға қарсы инновациялық, тиімді және қауіпсіз шешім болмақ. Егер болашақта клиникалық сынақтар сәтті өтсе, бұл әдіс аллергиядан зардап шегіп жүрген әлемдегі миллиардтаған адамдардың өмірін жеңілдетеді.8 шілде – Дүниежүзілік аллергиямен күрес күні
А л лергиялық аурулар қазіргі уақытта маңызды медициналық-әлеуметтік мәселеге айналды. Соңғы 20 жылда әлем бойынша аллергиялық аурулардың эпидемиясы байқалуда. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда аллергиялық аурулардың таралу көрсеткіші шамамен халықтың 35%-ын құрайды. Бұл – еліміз бойынша 7 миллион адам. Дүниежүзілік аллергология ұйымының «Аллергия жөніндегі Ақ кітабында» келтірілген мәліметтерге сәйкес, жер шарындағы халықтың 40%-ына дейін аллергиялық аурулардан зардап шегуде. Бұл дегеніңіз – 8 млрд халықтың 3,2 млрд-ы аллергиядан зардап шегетінін көрсетеді.
Қазақ ғалымдарының жаңалығы клиникалық сынақтардан сәтті өтіп, қолданысқа енгізілетін болса, миллиардтаған адамның денсаулығына оң әсер етер еді.
Осы материал дайындалғанда KazNARU ғалымдарының жаңалығы бүгінде қандай деңгейде іске асырылып жатқанын білу мүмкін болмады. Біз ғалымдардың жаңалығын беделді швейцариялық Frontiers in Immunology (Q1) ғылыми журналының биылғы 16-санында жарияланған мақаласынан таба алдық. Әзірше мақаланың қысқаша нұсқасымен төмендегі сілтеме арқылы танысуға болады. Ал толық нұсқасы келесі аптада жариялануы мүмкін: Frontiers in Immunology
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.