CNN хабарламасына сүйенген Aikyn.kz америкалық жаңа партияның құрылу себептерін талдайды.
Миллиардер Трамптың «үлкен әрі әдемі» заң жобасын қатаң сынға алып, оның федералды бюджет тапшылығын триллиондаған долларға өсіретінін мәлімдеген. Фото edition.cnn.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Chip Somodevilla
Президенттің сайлау қорына 200 млн доллардан көп қаржы бөлген, 4 айдай Ақ үйде қызметте болған Илон Маск президенттің «үлкен, әдемі» заң жобасы қабылданатын болса, жаңа саяси партия құратынын мәлімдеген болатын.
«Елді ысырапшылдық пен парақорлық құрдымға жіберіп жатқанда, біз демократияда емес, бірпартиялық жүйеде өмір сүріп жатырмыз. Бүгін сіздерге бостандықты қайтару үшін Америкалық партия құрылды», – деп жазды өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Трамптың бұрынғы «ең жақын серігі».
Әлемнің ең бай адамы Илон Маск – Трамптың 2024 жылғы президенттік науқанындағы ең ірі қаржылық демеуші болды. Ол мамырдың соңына дейін президенттің үкімет шығындарын қысқарту бойынша бастамаларына (DOGE) жетекшілік етті.
Миллиардер Трамптың «үлкен әрі әдемі» заң жобасын қатаң сынға алып, оның федералды бюджет тапшылығын триллиондаған долларға өсіретінін мәлімдеген. Илон Масктің президент 4 шілде күні қол қойған бұл заңды сынға алуы екеуінің арасында үлкен жанжал тудырды.
Маск бастапқыда Трампқа қатысты әлеуметтік желіде жариялаған ең даулы жазбаларын өшіріп, өкініш білдіргеннен кейін жағдай сәл басылғандай көрінген. Алайда заң жобасы қабылдануға жақындағанда кикілжің қайта күшейіп, Трамп заңға қол қойған соң қайтадан өршіген.Президент Трамп болса, Масктің жаңа партия құратыны жөніндегі мәлімдемесін «күлкілі» деп атап, мұндай әрекет тек түсініспеушілік тудыратынын айтады.
«Үшінші партия құру – мүлдем күлкілі нәрсе деп санаймын. Біз Республикалық партиямен үлкен табыстарға жетіп келеміз. Демократтар бағытынан айырылғанымен, Америка әрдайым екіпартиялық жүйеге сүйенген. Үшінші партия бұл жүйені шатастырып жібереді. Үшінші партиялар ешқашан сәтті болған емес. Сондықтан ол көңіл көтергісі келсе, өз еркі, бірақ мен мұны күлкілі деп санаймын», – деген еді Трамп жексенбі күні (6 шілде) Нью-Джерсиде Air Force One ұшағына мінер алдында.
Түнгі уақытта Truth Social платформасындағы жазбасында Трамп Маскті тағы да сынап, оны «есінен адасқан» деп атады.
«Соңғы бес аптада Илон Масктің мүлдем «ақылынан айырылып», АПАТҚА айналғанын көру – мен үшін қайғылы. Ол тіпті АҚШ-та бұрын-соңды сәтті болмаған үшінші саяси партияны құрғысы келеді», – деген жазбасын Трамп жексенбі кешкісін.
Біз Илон Масктің жаңа партия құру туралы өтінішін АҚШ-тың федералды сайлау комиссиясының (FEC) сайтынан таптық. Онда «Америка партиясын» (The America Party (TAP) тіркеу туралы өтініш бар.
АҚШ-тың федералды сайлау комиссиясының (FEC) сайтында «Америка партиясын» (The America Party (TAP) тіркеу туралы өтініш тіркелген. Скриншот FEC сайтынан алынды
Әлемдегі ең бай адам ретінде Маск қаржылық жағынан консервативті және мемлекеттік шығындарды шектейтін партия құру ниетін білдіргенімен, партия платформасы туралы нақты ақпаратты әлі бермеді. Маск пен Трамп қазіргі әлеуметтік мәселелерге қатысты ұқсас көзқараста. Алайда Маск республикашылдардың саяси бағдарламасын қарызды арттырады деп сынап, мұны «қарыздық құлдық» деп атауда.
АҚШ-тағы екіпартиялық жүйе ұзақ уақыттан бері демократтар мен республикашылар тарапынан сынға ұшырап келеді. Алайда өткен ғасырда үшінші партияны құруға жасалған әрекеттер сәтсіздікке ұшыраған да белгілі. Мысалы, миллиардер Росс Перо 1992 жылы президенттік сайлауға тәуелсіз үміткер ретінде қатысып, сайлаушылардың 19%-ының дауысын жинағанымен, бірде-бір штатта жеңіске жете алмады. Бұл сайлауда Билл Клинтон жеңіске жеткен болатын.
CNN-нің хабарлауынша, сайлау қаржыландыруы мен саяси ғылымдар саласының сарапшылары жаңа партия құру – заңдық және қаржылық жағынан өте күрделі үдеріс екенін ескертуде.
Осы аптада Маск әлеуметтік желідегі басқа жазбаларында өз партиясы келесі жылғы аралық сайлауда белсенді саяси күшке айналатынын жазды. Және бастапқы кезеңде Өкілдер палатасы мен Сенаттағы бірнеше үміткерлерге қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Трамп өз кезегінде бұрын өзінің ең көрнекті кеңесшісі болған Маскке жауап ретінде сес көрсетті. Осы аптада президент үкіметтің миллиардердің компанияларымен жасасқан ірі келісім-шарттарын қайта қарастыратынын айтып, миллиардер басқарған Мемлекеттік тиімділік департаментін (DOGE) «монстр» деп атап, соның өзі «Илонды жеп қоюы мүмкін» екенін мәлімдеген.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.