Aikyn.kz жаңа препараттарды ЖИ-дің көмегімен жасау болашағын fortune.com материалына сүйеніп талдайды.
ЖИ жаңа дәрілер ақуыздан осылай жасайды. Фото isomorphiclabs.com сайтынан алынды
Google компаниясының DeepMind зертханасынан бөлініп шыққан Isomorphic Labs зертханасы жасанды интеллект көмегімен жобаланған препараттарды адамға сынақтан өткізуге дайындалып жатқанын мәлімдеді. Бұл жаңалықты Isomorphic Labs жетекшісі, Google DeepMind бизнес бөлімінің директоры Колин Мердок айтқан.
Isomorphic Labs зертханасы 2021 жылы құрылған. Компания 2021 жылдан бері DeepMind-тың AlphaFold технологиясына сүйеніп, 5 жыл ішінде ЖИ платформаны дәрі-дәрмек жасап шығару процесіне енгізді. Олардың ЖИ жүйесі биологиялық деректерді талдау, ауруға әсер ететін дәрілерді анықтау және жаңа молекулаларды жобалау сияқты күрделі тапсырмаларды жылдам орындау үшін жасалған.
Компанияның келесі маңызды қадамы – алғашқы клиникалық сынақтар. Егер олар сәтті өтсе, ЖИ жасаған препараттарды коммерциялық қолдануға рұқсат алады. Бұл дәстүрлі дәрі-дәрмек жасаудағы ұзақ және қымбат процестерден әлдеқайда тиімді болмақ.2024 жылы Isomorphic Labs зертханасы Novartis және Eli Lilly сияқты ірі фармацевтикалық компаниялармен серіктестік орнатқан. Ал 2025 жылдың сәуірінде Thrive Capital жетекшілігімен 600 миллион доллар көлемінде алғашқы сыртқы инвестиция тартты.
Колин Мердоктың айтуынша, олардың басты мақсаты – сынаққа түсу мүмкіндігін арттыру, процесті жылдамдату және нақты нәтиже алу үшін AlphaFold-тың технологиясын барынша тиімді қолдану. Дәстүрлі әдіспен бір ғана препаратты нарыққа шығару үшін фармацевтикалық компаниялар миллиондаған доллар жұмсайды. Ал Isomorphic Labs-тағы ЖИ технологиясы бұл көрсеткішті едәуір арзандатады.
«Біз бұл бағытта жылдамдықты, шығынды төмендетуді және терапиялардың сәттілік мүмкіндігін арттыруды мақсат етеміз. Бір күні «аурудың атын енгізесің де, бір шерту арқылы соған арналған дәрі жасауға болады» деп айтқымыз келеді», – дейді Колин Мердок.
Демис Хассабис: «ЖИ-ді қолданатын ең маңызды сала – адамдардың денсаулығын жақсарту». Фото isomorphiclabs.com сайтынан алынды
Google DeepMind бас директоры Демис Хассабис жасанды интеллект алдағы онжылдықта барлық дерлік ауруды емдеуге көмектесе алатынын айтады. Демис Хассабис пен Джон М.Джампер ақуыздың құрылымын болжауда ЖИ-ді пайдаланғаны үшін 2024 жылғы химия бойынша Нобель сыйлығын алғанын білеміз.
Бұл жолы Демис Хассабис ЖИ келесі он жыл ішінде көптеген ауруларды емдеуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді. CBS телеарнасына берген сұхбатында 48 жастағы британдық ғалым бір ғана дәріні дәстүрлі әдіспен әзірлеуге 10 жыл және миллиардтаған доллар қаражат қажет ететінін айтқан. Ол жасанды интеллектің көмегімен бұл үдерісті бірнеше айға, тіпті апталарға дейін қысқартуға болатынына сенеді.
DeepMind әзірлеген жасанды интеллект алгоритмі таңғаларлық жетістіктерге жеткен. Небәрі бір жылдың ішінде бұл модель 200 миллион ақуыз құрылымын талдап, картаға түсіріп берген. Бұны ғалымдар дәстүрлі тәсілдермен 1 миллиард жыл бойы жасайтын еді. Өйткені бір зерттеушіге бір ғана ақуыз құрылымын зерттеу үшін төрт-бес жыл қажет. Ал ЖИ бір жылда 200 миллион құрылымды өңдеп шыққан.
Ақуыз құрылымдарын түсіну – дәрі-дәрмек әзірлеудегі маңызды мәселе. Хассабистің айтуынша, «егер біз протеиннің қандай функция атқаратынын білсек, ауру кезінде не дұрыс істемей жатқанын түсіне аламыз. Сәйкесінше, оның құрылымын білсек, ақуыздың қажетті беткі бөлігімен байланысатын дәрілер мен молекулаларды жобалай аламыз».
Isomorphic Labs зертханасының артықшылықтары – ЖИ-дің есептеу ресурстарын қолданып, жылдам, тиімді, жоғары дәлдікте препараттар жасау. Фото cnet.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images
Компания туралы қысқаша мәліметтер
Isomorphic Labs – Google DeepMind-тен 2021 жылы бөлініп шыққан стартап. Мақсаты – ЖИ-дің көмегімен барлық ауруларға ем табу. Стратегиясы – AlphaFold негізіндегі ЖИ платформасын жаңа дәрілер жасауға қолдану. Жақын уақытта жаңа препараттарды адамдарға клиникалық сынақтардан өткізуді бастайды. Инвесторлары – Novartis, Eli Lilly серіктестері. Thrive Capital жетекшілігімен $600 млн инвестиция тартқан.
Компанияның артықшылықтары – ЖИ-дің есептеу ресурстарын қолданып, жылдам, тиімді, жоғары дәлдікте препараттар жасау. Қиындықтар – клиникалық сынақтар арқылы жаңа дәрілердің қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдеу, реттеушілердің талаптарын орындау.
Isomorphic Labs-тың жаңа дәрілерді адамдарға сынауды бастауы ЖИ арқылы дәрі-дәрмек жасау саласында серпінді өзгерістер болатынын білдіреді. Олардың амбициясы – ЖИ көмегімен дәстүрлі фармацевтиканы толықтай өзгерту.
Isomorphic Labs-тың дамуы – медициналық зерттеулерде ЖИ-дің зор мүмкіндігін пайдаланудың нақты дәлелі. Егер сынақтар сәтті болса, онда ауруларға қарсы күресте жаңа дәуірге, жылдам әрі арзанырақ терапияларға қадам жасалары анық. Бұл – ғылым мен технологияның адам денсаулығына қызмет ету бағытындағы жемісті синтезі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.