BGR сайты жариялаған хабарламаға сілтеме жасаған Aikyn.kz , қытайлық және америкалық ғалымдардың бірлескен зерттеуінің нәтижелерін түсіндіреді.Ғалам қашанға дейін кеңеюін жалғастырады? Тіршілік қашан аяқталады? Бұл сұрақтарды адамзат ұдайы өзіне қойып келеді. Кейбіреулер Жер бетіндегі тіршіліктің ақыры өрт немесе мұз арқылы болады десе, басқалар бұл құпияны ашу үшін ғылымға жүгінеді. Ал кейбіреулер бүкіл Ғаламның қашан және қалай аяқталатынын білгісі келіп, шексіз аспанға көз салады.
Жаңа зерттеу Ғалам алдағы 7 миллиард жыл ішінде кеңеюін тоқтатып, сығыла бастайды деп болжайды. Бұл құбылысты ғалымдар «Үлкен сығылу» деп атаған.
Бұндай болжамды Корнелл университеті мен Шанхайдың Цзяотун университетінің физиктері жариялаған. Олар Dark Energy Survey (Қараңғы энергияны зерттеу) секілді түрлі астрономиялық жобалар жинаған деректерді пайдаланып, Ғаламның жаңа үлгісін жасаған. Бұл үлгі Ғаламның соңы бұрыннан болжанып жүрген «Үлкен сығылу» сценарийімен аяқталатынын көрсеткен.
Модель бойынша, Ғалам Үлкен жарылыстан кейін шамамен 33,3 миллиард жыл өткен соң өз тіршілігін тоқтатады. Зерттеушілер осы болжамға сүйене отырып, кері есептеуді бастады. Қазіргі уақытта Ғаламның жасы шамамен 13,8 миллиард жыл деп есептеледі. Осы сан мен модельдің болжаған соңғы мерзіміне сүйене отырып, Ғалам өзін-өзі жойғанға дейін шамамен 20 миллиард жыл бар деп айтуға болады.
Ғалымдар: «Бізді қоршаған Ғалам бір нүктеге дейін сығылып, бәрі жойылады». Сурет iamfy.co сайтынан алынды. Авторлығы: генеративті ЖИ
Бұл зерттеу мен «Үлкен сығылу» теориясы Ғалам мәңгі кеңейеді деген бұрынғы тұжырымдарға қарсы келеді. Алдыңғы болжам бойынша, Ғалам біртіндеп суып, «Үлкен мұз басу» арқылы аяқталатын еді.
Алайда жаңа зерттеудің тұжырымы басқаша. Ғалам енді тағы 7 миллиард жыл бойы кеңейе береді. Осыдан кейін ол кері процеске өтіп, сығыла бастайды. Ақырында бізді қоршаған ғарыштағы барлық денелер бір нүктеге дейін сығылып, бәрі жойылады. Бұл – өте қызық әрі сәл үрейлі теория. Дегенмен мұның өзі жақын арада болмайтыны қуантады.
Мұны қарапайым түрде түсіндіру үшін Ғаламды үлкен резеңке лента ретінде елестетіп көріңіз. Ғалам кеңейген сайын бұл лента созыла береді. Бірақ бір сәтте ол одан әрі созыла алмайтындай күйге жетіп, созылу күшінен асып түсетін кері күш пайда болады. Сол сәттен бастап ол қайтадан сығыла бастайды.
Бұл Ғалам үшін қайғылы аяқталу жолы. Мұндай құбылысты көзбен көре алатын бір мүмкіндік болса, оның қандай болатынын елестету де қиын. Бақытымызға орай, бұл – бізді қазір алаңдататын жайт емес, әрі бұл зерттеу мұндай оқиғаның болатынына нақты дәлел келтіріп отырған жоқ. Біз білетініміз – теориялар қате болуы мүмкін. Ғалам, расында да, мәңгі кеңеюін жалғастыруы да мүмкін. Бұны бәрі Жаратушының қолында екенін ғылымның тағы бір мойындағаны деп түсінген жөн сияқты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.