in

Бірлескен жобалардың берері көп

Жалпы, Сыр өңірінде 2024 жылы экономиканы әртараптандыруда 31 млрд  теңгеге 21 инвестициялық жобасы іске қосылыпты. Негізгі, капиталға 640 млрд  теңге инвестиция тартылып, өсім 21,7 пайызды құрады деген ақпарат таратты облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен. Мұның 70.5 пайызы – жеке инвестиция болып табылады. Негізінен, 2025-2029жылдары аймақта құны 1 трлн 900 млрд теңге болатын 65 инвестициялық жоба іске асырылып,  8 100 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде екен. 

Биыл да өңірдің өрісін кеңейтетін өміршең жобаларды жүзеге асыруға баса мән беріліп отыр. Соның бірі де, бірегейі – санитарлық-техникалық бұйымдар шыға­ра­тын зауыттың құрылысы басталатын болды. Аталмыш зауыт өндіріс саласында өзіндік тәжірибесі қалыптасқан Испания­лық Roca Group компаниясының ықпалы­мен жүзеге асырылмақшы. Бұл жайында қос тараптың байланысы негізінде Қызыл­орда қаласында өткен кездесуде мәлім болды. Ең бастысы, тиісті сала мамандары зауыттың ашылуы ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге жол ашады деп отыр. 

«Биыл Қызылорда облысы үшін ма­ңыз­ды қадам жасалды. Әлемдік деңгейдегі Roca Group компаниясымен бірлесіп, еліміздегі алғашқы санитарлық-техни­ка­лық бұйымдар өндірісін іске қосу бойын­ша Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, облыс әкімдігі және компания арасында негіздемелік келісімге қол қойылды. Осы келісім негізінде 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазір зауыт салуға 20 гектар жер телімі белгіленген. Зауыт Орталық Азиядағы құрылыс саласындағы ең ірі жобалардың біріне айналады. Бұл – өңіріміздің табиғи ресурстары мен инвестициялық әлеуетінің нақты көрінісі. Біздің басты міндетіміз – ин­весторларға барынша қолайлы жағдай жасап, жобаны сапалы әрі уақытылы іске асыру. Жоба тек облыс үшін емес, тұтас Қазақстанның өндірістік әлеуеті үшін маңызды бастама, – деп мәлімдеді бұл жөн­інде өңірлік коммуникациялар қыз­мет­ін­де өткен брифингте Қызылорда об­лыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бас­қар­масының басшысы Дәурен Әбіл­қайыров.

Жалпы, жылына 500 мың бұйымға дей­ін санитарлық-техникалық өнімдер шы­ғаратын жоғары технологиялық зауыт­т­ың болашағынан үміт зор. Зауыт Қызыл­орда қал­а­с­ындағы «Өндіріс» индустриялық аймағында орналаспақшы. Жалпы құны 70 млн еуроны құрайтын бірегей жобаға арна­йы жер телімі белгіленген. Келешекте осы­ның негізінде аймақта 300 жаңа жұмыс ор­н­ын ашу көзделіп отыр. Кәсіпорын өнімдері ішкі нарыққа  және Орталық Азия елдеріне экспортқа шығаруға бағыт­талған. Ең бастысы, өндіріске қажетті негізгі бес компоненттің үшеуі Қызылорда облысы­ның өзінен қамтамасыз етіледі екен. 

Сонымен қатар аймақта қытайлық инвесторлардың қатысуымен 2 ірі зауыт та іске қосылатын болады. Нақты айт­қан­да, Үкімет тарапынан шыны зауытына көрсетіл­ген мемлекеттік қолдау шаралары­на байлан­ысты қытайлық инвестор құны 55 млн АҚШ доллары болатын қосымша 2 жаңа инвести­циялық жобаны іске асыру­ды жос­парлауда. Яғни, кварц құмын байы­ту және фото­гальваникалық күн шынысын өндіру цех­тары жұмысын бастайды деп күтілуде. 

Негізінен, Қытай Халық Республика­сы – Қызылорда облысының ең ірі сауда серіктесі болып саналады. Былтырғы жыл­дың қорытындысымен өзара тауар айнал­ы­мы­ның көлемі 489 млн АҚШ долларына жеткені мәлім болды. 

Бұған дейін де аймақта қытайлық ин­вес­торлардың қатысуымен 2 ірі зауыт іске қосылған. Атап айтқанда, жылына 1 млн тонна цемент өндіретін кәсіпорын мен 197 мың тонна шыны өндіретін зауыт қарқын­ды жұмысын бастады.

Жыл басында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлының Қытай мемлекетіне барған сапары да көптеген ауқымды жобаның жүзеге асырылуына мүмкіндік болып тұр.  Оның ішінде, көрші елдің 4 өңірінде болып,  34 компания бас­шысымен келіссөздер жүргізгені мәлім. Нәти­жесінде, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларына озық технология­ларды енгізу бойынша құны 10,8 млрд теңге болатын 9 келісімшартқа қол қойыл­ды.

Осы орайда биыл Қытай технологиясын пайдаланатын 10 инвестициялық жоба іске қосылып, 397 жұмыс орны ашылмақ. Атап айтқанда, кірпіш зауыты, қағаз және картон шығару, айна өндірісі, жалпы қуат­тылығы 90 мегаваттық 3 күн-электр стан­сасы іске қосылмақ. Сондай-ақ нан-то­қ­аш, кондитерлік және макарон, түйе сүті­нен құрғақ ұнтақ, күріш және ас тұзын өндіру зауыттары да бар. Оның ішінде, түйе сүтінен дайындалатын құрғақ ұнтақ өнім­дер қытайлық компаниямен жасалған оффтейк келісіміне сәйкес 100 пайыз Қытайға экспортталады деп жоспарланып отыр. 

Жалпы, аймақта жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытқа жоспарланған бірлескен жобалардың әрбірінің өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру ықпалы зор.

 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы