Кейбір ашық дереккөздерде былтыр елімізде 1 800-ден астам бала сыныптастары мен мұғалімдер тарапынан буллингке ұшырағаны туралы мәлімет айтылды. Кәмелетке толмағандар өз шағымдарын Бас прокуратураның Telegram-арнасындағы чат-бот арқылы және мектептердегі QR-кодтар арқылы жолдаған. Тексеру нәтижесінде шамамен 200 адам жауапкершілікке тартылған. Буллингке ұшыраған баланың анасымен де сөйлесіп көрдік.
– Жолдасымнан ерте айрылдым. Күйеуім дүниеден өткеннен соң ауылдан қалаға көшіп келдік. Осындағы мектептердің біріне бір ұл, бір қызымды орналастырдым. Жаңа қала, жаңа мектеп, жаңа сынып, жаңа орта. «Білімі мен мүмкіндігі озық қала мектебінде балаларым оқитын болды» деп менің де көңілім тоқ. Бірақ жарты жылдан соң үлкен ұлым «ауылға қайтайықшыға» басты. «Ауылымды сағындым. мектебімді, достарымды сағындым…» дейді. Басында онша мән бермедім. Қыңқылы көбейіп, сылтауы түрленіп, балам мектепке бармай сабақтан қалуды жиілетті. Ақырындап баламды әңгімеге тартып, қалада оқығанның артықшылықтарын түсіндірмекші болдым, – дейді көпбалалы Алтынай Мақсатова (аты өзгертілді).
Оның айтуынша, баласы мектепке барудан үзілді-кесілді бас тартқан. Соңында мектепке келгелі бері буллингке ұшырап жүргенін айтты. Ақшасын тартып алу бер жағы, әжетханаға кіргізіп алып буллингшілер бет қызартар әрекет жасаған да сияқты.
– Өйткені балам «Сізге айтуға болмайды, ұялам, болды» деді. Төбемнен мұздай су құйып жібергендей қаттым да қалдым. Жарты жылдан бері неге сезбегенімді, балаға көңіл бөле алмағанымды ойлап, өз-өзімді кінәладым. Мектеп директоры мен сынып жетекшісіне бардым. «Біздің мектепте мүлдем буллинг жоқ» деп шығарып салды. Кейін баламды басқа мектепке ауыстырып жібердім. Жаңа мектепте балам тапжылмай төрт жыл оқып, бітіріп шықты. Жаңа достар тапты, – деп сөзін аяқтады көпбалалы ана.
Ал 17 жастағы Арайлым мектепте буллингтің түрі де, деңгейі де жас мөлшеріне қарай сан қилы, сан түрлі болатынын айтады. «Кішкентай сыныптарда басқа қыздардан бөлектеп, қатарға қосқысы келмей, кейбір қыздар арықтығымды, аурушаңдығымды мазақтап жүрді. Мектепке барғым келмей жылайтынмын. Орта буын, яғни 5-8-сыныпта буллинг басқаша бола бастады. Киім киісім мен жүріс тұрысым, тіпті отбасымды келемеждейтін. Жоғары сыныптарда буллингке жол бермейтін болдым. Пассив, яғни сөкеттігі жоқ боп көрінер буллингті бірден сезе қоям. Өз-өзіммен жұмыс істеп, өзімді жетілдіріп, жарқырап жүруге ұмтылдым. Қазір қайта қызығып қарайтындар көп. Буллинг туралы, тіпті анама ештеңе айтқан да, білдірген де емеспін. Қысылатынмын», – дейді Арайлым.
Психологтердің пікірінше, әлсізді аямай, мазақтап, қатарласын қорқытып жүретін, буллингке бейім бала әлеуметтік жағдайы түрлі отбасыдан шығуы мүмкін. Яғни, материалдық жағдай басты себеп емес. Бұл тәрбиенің түбі отбасынан екендігінің бір дәлелі. Әлімжеттікке отбасында жете көңіл бөлінбеген бала өзіне назар аударту үшін де барады екен. Сәби кезінен бетінен қақпай, еркін өскендердің үлесі де буллинг жасауға бейімдердің арасында аз емес. Үйінде қатаң қадағалау мен шеттеуді көп көрген балалар да әлсізге күш көрсетуге құмарлардың қатарында жоқ емес. Сонымен қатар отбасында зорлық- зомбылық көріп, үнемі айқай-шу, ұрыс-керістен көз ашпайтын ата-ананың перзенті де буллингке бейім көрінеді.
Мұның бәрі балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллингтің себептерінің бір парасы ғана. Салдары жаға ұстатпас үшін себеппен күресіп, отбасы, ошақ қасынан түтініміздің түзу шығып, тәрбиеміздің оңды екеніне жіті мән берейік.
Диана БАҚЫТ,
173 мектеп-лицей түлегі