Ал денсаулығымыз сау болса, дүниенің уақытша екенін ұмытып, ақ халаттыларға құрметсіздік танытып, зәбір көрсетеміз. Жасаған жақсылықты тез ұмытамыз. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігер, фельдшер, медбикелерге және басқа да денсаулық сақтау қызметкерлеріне жасалған шабуылдардың 170-тен астам фактісі тіркеліпті.
Әсіресе, жедел жәрдем қызметкерлері жиі соққыға ұшырайды. Қоғам назарын аудартқан осындай оқиғаның алғашқысы 2023 жылы тіркелген еді. Желіде ер адамның жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан бейнежазбасы тарап кетті. Оқыс оқиға Қарағанды қаласында болған. Жарияланған бейнежазбдан ер адамның жедел жәрдем жүргізушісіне дауыс көтеріп сөйлеп жатқанын көруге болады. Қала тұрғыны жүргізушіге көлікті дұрыс қоймағаны үшін шүйліккен. Ашуға булыққан ер адам жедел жәрдем қызметкеріне соққы жаудырған. Кейін Қарағанды облысы Полиция департаменті жедел жәрдем жүргізушісіне денежарақаттарын келтірген азамат анықталғанын хабарлады. Бірақ медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау мұнымен біткен жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарында «дәрігерді соққыға жықты» деген ақпарат құтты бір эпидемия сияқты таралып кетті. Айталық, Қостанайда науқастың шақыртуына барған жедел жәрдем қызметкері Әнел Баймурзина соққы алып, ауруханадан бір-ақ шықты. Оған науқастың жақындары шабуыл жасаған. Фельдшердің айтуынша, ол сол күні түнгі ауысымға түскен. Жедел жәрдемге «Демікпе, жүрек» деп шақырту келген. Шақырту бойынша барып, алғашқы көмек көрсетеді. Алайда науқастың жақындары бір нәрсені дұрыс істемесе, қарғап, түрмеге отырғызатындарын айтыпты. «Науқастың демі тоқтаған соң реанимациялық шараларға кірісіп, 30 минуттай аман алып қалу үшін күрестік» дейді. Алайда науқас көз жұмған екен.
– Сол сәтте науқастың жақындары мені теуіп, шашымнан ұстап ұра бастады. Жанымдағы екінші фельдшер мен жедел жәрдем жүргізушісі маған араша түсті. Алайда әйелдерге төтеп бере алмады. Бірақ көршісі келіп, құтқарып қалды, – дейді фельдшер.
Әнел Баймурзинаға мидың шайқалуы, самай аймағының гематомасы, бетінің жұмсақ тіндері сырылған деген диагноз қойылды. Осы мәселелерге байланысты былтыр медицина қызметкерлерінің құқығын қорғайтын заң қабылданды. Құжатта дәрігерлер басы артық есеп беру ісінен де босатылатыны қамтылған. Сонымен бірге медицина қызметкерлерінің балаларын тұрғылықты жерінде мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау кезінде басымдық беріледі. Мамандығы бойынша әскери қызметін өтей алады немесе әскерге шақыртуды кейінге қалдыру құқығы беріледі. Бұдан бөлек, ауылдық елді мекендерге қоныс аударғандарға 8,5 млн теңге бір реттік ақшалай көмек беріледі. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесін арттыру үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы тағайындалды. Алайда, бұл заң қабылданғанына бір жылға жуық уақыт болса да, медицина қызметкерлеріне деген құрметсіздік азаяр емес. Айталық, 2 маусым күні Қарағанды облыстық балалар ауруханасында 38 жастағы облыс тұрғыны дәрігерлермен сөзге келіспей қалып, соққыға жыққан.
– Күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүзеге асырылмақ, – делінген полицияның ресми сайтында.
Елімізде ақ халатты абзал жандарға күш көрсету, тіл тигізу, тіпті соққыға жығу оқиғалары жиілеп кеткеніне Мемлекет басшысы да назар аударды. Президент медицина қызметкерлеріне күш қолданып және қатыгездік танытқан әрекеттерге қатысты жазаны қатаңдату мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу туралы Парламент депутаттарының, денсаулық сақтау саласы өкілдерінің және белсенді азаматтардың ұсынысын қолдады.
Шабуыл жасағандарға қатаң жаза керек
Ал Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дәрігерлерге жасалған шабуыл полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаумен теңестіріліп, қылмыстық жауапкершілік күшейтілуге тиіс екенін айтады.
– Қазақстанда басқа ешбір мамандық медицина қызметкерлеріндей жиі агрессияға тап болмайды. Оның салдары қазірдің өзінде байқалып жатыр. Дәрігерлер жұмыстан кетіп жатыр, өйткені өзін қауіпсіз сезінбейді. Сондықтан біз, бұған дейін үш рет Қылмыстық кодекске өзгерістер ұсындық. Дәрігерге шабуыл жасаған адамға қатысты бөлек бап, қатаң жаза болуы керек. Бұл жаза полицияға немесе орманшыға шабуыл жасаумен тең болуға тиіс. Егер дәрігер соның кесірінен жұмысқа жарамай қалса, кінәлі адам моральдық та, материалдық та өтемақы төлеуі керек. Қажет болса өмір бойы төлесін, – дейді депутат.
Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бұл бастама Үкіметтің қорытындыларында қолдау таппаған. Жақында болған дәрігерлерге қатысты жағдайға үстірт қарауға болмайды. Ең сорақысы, медицина қызметкерлеріне қол көтеру, әсіресе жедел жәрдем мен емхана дәрігерлеріне күш қолдану әдетке айналып барады. Сондықтан оған дереу тоқтау салып, заңмен шектеу қою керек. Халықаралық тәжірибе де біздің ұсынысымыз дұрыс екенін көрсетеді. Еуропа елдерінде дәрігерге шабуыл жасау полицияға шабуыл жасаумен тең. Онда мұндай әрекет үшін нақты, қатаң жаза бар. Мемлекет дәрігерді қатты қорғайды. Бізде де солай болуы қажет.
– Қарағандыда бір азамат аға медбикені жұмыс орнында соққыға жыққан. Медбике басынан жарақат алған, саусақтары сынған, денесі көгеріп, шашы жұлынып, ауыр соққыға ұшыраған. Ал Қостанайда хирург-урологқа шабуыл жасалды. «Мені кезексіз кіргізбеді» деп ашуланған науқас дәрігерді ұрған екен. Салдарынан, ол ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Басынан қан кеткен, сүйегі сынған. Мұны жай ғана «кездейсоқ жағдай» деуге болмайды. Бұл дегеніміз – тек дәрігерлер үшін емес, әрқайсымыз үшін қауіпті шабуыл, – деді депутат.
Ішкі істер министрінің мәліметінше, ауруханалар мен перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлмелерінде тәулік бойғы полиция бекеттері қойылған. Барлығы 115 денсаулық сақтау нысаны қорғауға алынды. Кикілжіңдерге жедел ден қою мақсатында маршруттық патрульдер көрсетілген мекемелерге жақын орналастырылды. Қазіргі уақытта медициналық мекемелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жекелеген шаралар қабылданды.
Әр науқастан сөз естуге мәжбүр
Кардиолог-дәрігер Гүлжан Болатбекқызы қызмет барысында науқастар тарапынан бірнеше рет қысым көргенін айтты. Көп дәрігердің жүктемесі ауыр. Оны түсініп жатқан науқастар да аз. Олар дәрігерлерге дөрекі сөйлеп, тіпті қол көтеруге дейін жеткен жағдайларды көріп жүрміз. Әсіресе, участкелік дәрігерлер баланы да ересекті де қабылдап, үй аралайды.
– Сондықтан науқастар дәрігерлерге сыйластықпен қараса деп ойлаймын. Адам денсаулығына жауапты дәрігерлерге диагноз қою, емдеу, зерттеу әдістеріне қарап науқасқа жедел көмек көрсету оңай емес. Кейде біз 1-2 секунд ішінде науқастың шағымдарына қарап шешім қабылдауымыз керек болады. Алайда көп жағдайда науқас агрессия көрсетіп жатады. Сонда дәрігер науқастардан үнемі қорқып отыруы керек пе? Осыдан 2 жыл бұрын қабылдауыма бір науқас жазылды. Кореядан 2 миллион теңгеге кешенді тексерілуден өтіп келіпті. Бірақ Оңтүстік Корея, Түркия сияқты дамыған елдерде дәрігерлер науқасқа анализ қорытындыларын «жағдайыңыз қалыпты» деп бірауыз сөзбен ғана түсіндіреді. Ал біз алдымызға келген адамға бірнеше қайталап, жіліктеп түсіндіріп береміз. Керек болса, жазып та қолына ұстатамыз. Содан әлгі науқас менің қабылдауыма тапсырған анализ қорытындысын қайта қаратуға келіпті. Неге сол науқастар шетелдің клиникаларында «түсіндірмедіңіз» деп жанжал шығармайды? Өйткені ол жақтың дәрігерлері өздеріне құрметті талап етеді. Ал біздің дәрігерлер аз айлыққа әр науқастан сөз естіп жұмыс істейді, – дейді Гүлжан Болатбекқызы.
Бұл мәселе мемлекетімізде ғана өзекті емес, шетелде де шешімін таппаған түйткіл. Өйткені көп елде науқастың дөрекі қылықтарын дәрігердің қызмет көрсетуіне қанағаттанбау деп қабылдау жиі кездеседі. Алайда дәрігерлердің құқығын қорғауға негізделген заңдар мен ұйымдар аз емес. Мәселен, 1986 жылы АҚШ-тың бір топ дәрігерлері Physicians for Human Rights деп аталатын құқық қорғау ұйымын ашады. Бүгінде халықаралық ұйымға айналған орталық әлем елдерінің, әсіресе Шығыс Азиядағы еңбегі еленбей қалатын әріптестерінің құқығын қорғау, моральдық көмек берумен айналысады. Ұйым дәрігерлердің жағдайынан бөлек, сегрегация, дискриминация, әйелдер зорлығы, қарулы қақтығыс жағдайларында азаматтарды қорғау сияқты мәселелердің шешімін табуға да атсалысады.
– Жалпы қоғамда, отбасында шешілмеген мәселе көп. Науқастар сол ашу-ызасын медицина қызметкерлерінен алуға тырысады. Ал дәрігерлерге науқастарға қарсы шығуға, оған көмек көрсетуден бас тартуға болмайды. Тіпті, дауыс көтеріп ұрса да алмайды. Сондықтан шығар науқастар ақ халаттыларды басынады. Енді медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандар 2 жылдан 7, 15 жылға бас бостандығынан айырылатын жаза шықса, бұл мәселе шешілер. Жалпы, қоғамда мәдениет төмен, ішкі мәдениет жоқтың қасы. Менің ойымша, қандай мәселе болса да оны айқаймен шешу дұрыс емес. Егер науқас білімі төмен дәрігерге кезіксе, оны ұрып-соққанша, одан тәжірибесі мол, лауазымы жоғары маманға жүгінуіне болады, – дейді 48 жылдық тәжірибесі бар білікті дәрігер Матай Есенғалиева.
Оның айтуынша, өз құқығын, басқа адамның да құқығын білген адам ондай қылыққа бармас еді. Ендеше медицина қызметкерлерінің қоғамдағы дәрежесін көтерген дұрыс. Ақ халаттылардың алатын жалақысынан бастап, жұмыс орнындағы жағдайын, денсаулықтарының қорғалуына дейін мән беру керек.
– Менің тәжірибемде 1-2 рет өз баласын дәрігер қабылдауы кезінде ұрып-соққан ана кездесті. Ол да бізге бала арқылы қысым деп ойлаймын, – дейді Матай Есенғалиева.
Кінәні тек бір тарапқа артудан аулақпыз. Десе де, өмір мен өлім арасындағы сәтте көмекке келетін ақ халатты жандарға тіл тигізу, қол көтеру – олардың жанқияр еңбегін жоққа шығару. Аз еңбекақымен-ақ елге қызмет етіп жүрген дәрігерлерге мұндай қарым-қатынас – қоғамда адам өмірінің, адам еңбегінің қаншалықты қадірсіз болып бара жатқанын көрсеткендей.
Көктем ҚАРҚЫН