in

Балабақша да бақылауда болуға тиіс

Халық бірлігін сақтау, саламатты, отаншыл ұрпақ қалыптастыру үшін, әрі саладағы жаһан­дық трендтер, сондай-ақ ішкі-сыртқы сын-қатерлер аясында ел Үкіметі болашаққа бағдарланған және қоғам­ның сұраныс­тары­на сәйкес келетін заманауи, қолжетімді білім беру ортасын құруға күш салмақ. Осы орайда бұрын болмаған тың тетіктер, соны өзгерістер өмірге жолдама алды. 

Кезек 5 есе азайды

Балаларды балабақшамен қам­ту үшін ваучерлік жүйе енгізілді. Бұған дейін ол пилоттық жоба тү­рінде сынақтан өтті. Жаңа ваучер­лік қаржыландыру тетігі 19 қалада және 7 ауданда іске асырылды. Ол арқылы 300 мыңға жуық бала мек­тепке дейінгі білімге қол жеткізді. Әрі қарай жүйе біртіндеп бүкіл өңірге таралуға тиіс.

Бұрын балдырғандардың бір ұйымнан екіншісіне ауысуы кезін­де бір бала үшін екі балабақшаның мем­лекеттен қаржы алу оқиғасы тіркеліпті. Үкіметтің дерегі бойын­ша, қайталануды болдырмау есе­бі­нен бюджеттің 27 миллиардтан ас­там теңгесі үнемделген. 25 мил­лиард теңге кезекте тұрған өзге ба­лаларды орналастыруға бағытталыпты. 

Мысалға, 2025 жылы наурыздан бастап Семейдегі 73 балабақшада ваучерлік қаржыландыру жүйесі пилоттық жоба ретінде енгізілді. Қазір қаладағы 7 мыңға жуық бала мектепке дейінгі біліммен қамтыл­ған. Ал балабақша кезегі 20% азай­ды. Жүйеге қатысып жатқан «Бал­дәурен» балабақшасында ваучері бар 320 бала тіркелген екен. Кә­сіпкер жаңа жүйенің оң тұстары барын айтады. 

– Бұған дейінгі жылдары қа­былдау процесінде ата-аналар түрлі қиындыққа тап болатын. Түрлі мекеме «шабуылдап», табалды­ры­ғын тоздыратын. Сондай-ақ бұ­рын балабақшаға жазылу кезінде элек­тронды кезектің жылжуы ұзаққа созылатын. Мекенжай жағынан теңсіздік туындайтын, қаланың о шетіндегі ата-аналар баласын бұл шетіне тасымалдауға мәжбүр­ле­нетін. Орын бөлу жағы да ашық болмады. Ваучерлік жүйе жағдайды түзетті. Енді ата-ана ыңғайлы бала­бақшаны өзі таңдайды. Қабылдау тәртібі ашық, әділ және қолай­лы, – деді балабақша директоры Айгүл Құрманбаева.

Оқу-ағарту министрлігінің мә­ліметіне жүгінсек, бүгінде респуб­ликада 11,8 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым бар. Оларда1 мил­лионнан астам бала тәрбиеленеді. Бұл ұйымдарды кадрлық қамту мәселесі де күн тәртібінде тұр. 12 мыңдай балабақшада 100 мыңға жуық тәрбиеші жұмыс істейді. Мем­лекет жыл сайын 3-5 мың тәр­биешінің біліктілігін тегін артты­руды қамтамасыз етіп келеді. Соң­ғы 6 жылда елде балабақшаны зарыға күткен балақайлардың кезегі бес есе қысқарса, ваучерлік жүйе енгізілгелі бұл көрсеткіш тағы 44% кеміген.

– Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру жұмыстары жалғасады. Президент тапсырмасына сәйкес жаңа балабақшаларды ашу жөнін­дегі 2023-2027 жылдарға арналған жоспар кезең-кезеңімен іске асы­рылып келеді. Биылғы І-ші жарты­жылдық қорытындысында елде 13,2 мың орынды қамтитын жаңа 172 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Бұл 2 жастан 6 жасқа дейінгі ба­лалардың 93,1%-ын балабақшамен қамтуға мүмкіндік ашты, – деп мә­лімет берді Оқу-ағарту министр­лігінің баспасөз қызметі.

Балабақшамен қашан 100% қамтылады?

Ведомствоның дерегінше, бүл­дір­шіндерді балабақшамен қамту үлесін арттыру үшін шаралар ке­ше­ні қабылданады. Ол жаңа бала­бақшалар салуға, қолданыстағысын кеңейтуге, тұрғын үйлердің төменгі қабаттарында шағын орталықтар ашуға, жекеменшік ұйымдарда мемлекеттік білім тапсырысын ор­наластыруға, оның ішінде «ақша балаға ереді» қағидатымен вау­черлік қаржыландыруға бағыттал­ған. Бұдан бөлек, осы жылы 260 мемлекеттік балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізілді және олар­дың материалдық-техникалық базасы нығайтылатын болады. 

Жалпы, «саладағы бұрынғы ре­формалар жаппай жарға жығылды» деп ауызды қу шөппен сүртуге бол­мас, жетістіктері жетерлік. Мә­се­лен, 2019 жылдан бастап Қазақ­стан­да мектепке дейінгі білім беру саласында қолжетімділікті, сапаны және ашықтықты арттыруға бағ­дар­ланған реформа жүзеге асы­рылды. 

Соның нәтижесінде, 2019 жы­лы елде 892 мың бала тәрбиеленген 10,5 мың мектепке дейінгі ұйым жұмыс істесе, ал 2025 жылы мұндай ұйым саны 1 миллионнан астам баланы қамти отырып, 11,8 мыңға дейін өсті. Бұл ретте мемлекет мей­лінше аз баланы қамтитын шағын орталықтардан (мини-центр) ал­шақтап, материалдық-техникалық базасы бар толыққанды балабақ­шаларға басымдық беруге көшкен..

Кезекке қатысты мәселеде ілге­рілеушілік байқалады. 2019 жылы балабақша кезегінде 446 176 бала тұрды. 2025 жылғы қаңтарда бұл көрсеткіш 2 жастан 6 жасқа дейінгі 84 мың баланы құраған. Осылайша, алты жыл ішінде кезек күткендер саны шамамен 5 есеге азайды. Бұ­ған мектепке дейінгі мекеме же­лісін жүйелі түрде өрістету, орын бөлудің жаңа тәсілдерін енгізу, вау­черлік қаржыландыру, процес­терді цифрландыру арқылы қол жет­кізіліпті.

Бұрын балабақшаға жазылу рәсімі тым күрделі еді: шамадан тыс жүктелген электрондық кезек жиі істен шығып қалатын. Соны­мен қа­тар аумақтық теңгерімсіздік, орын­дарды бөлудің күмәнді схе­ма­лары, сыбайлас жемқорлық, жалған қабылдау және қосып жазу сияқты көптеген мәселе қордаланды. 

Бұл проблемалар, әсіресе ірі қалаларда және тез дамып келе жатқан агломерацияларда өткір тұрды. Оқу-ағарту министрлігінің сендіруінше, бүгінде бұл қиын­дықтар цифрлық сервистердің, ба­лаларды есепке алуды автомат­тандырудың және мемлекеттік қыз­меттер көрсетудің ашық рә­сім­дерін енгізудің арқасында біртіндеп еңсеріле бастады. 

Саланы қаржыландырудың тиім­ділігін арттырудағы негізгі қадам – ваучерлік жүйені енгізу бол­ды. 2024 жылғы 9 шілдеде, ең ал­дымен, Тараз қаласында мек­тепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың пилоттық жобасы басталды. Жаңа жүйе ата-аналарға ваучер беруді көздейді. Ол – та­лапқа сәйкес деп танылған кез келген мемлекеттік немесе жеке балабақшада пайдалануға болатын жеке «сертификат». 

Министрліктің мәлімдеуінше, ваучерлік жүйе 2025 жылдың со­ңына дейін бекітілген кестеге сәй­кес бүкіл республика бойынша ке­зең-кезеңімен енгізілетін бола­ды. Негізі, жоғарыда айтылғандай, қазір 2 жастан 6 жасқа дейінгі ба­лалардың 93,1%-ы балабақшамен қамтылған. Мектепке дейінгі білім беруді дамытудың 2023-2029 жыл­дарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, Үкімет бұл көрсеткішті 2025 жылдың қорытындысында 95%-ға жеткізуге, ал 2028 жылға қарай – 100% қамтуға тиіс. 

Бұл тапсырманы Президент «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әр­дайым» атты сайлауалды бағдар­ламасын іске асыру шеңберінде берді. Сөйтіп, еліміз жеткенге тоқ­тап қалмай, жас ұрпаққа мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру са­ласында тұрақты ілгерілеуге ниетті. Дәйекті реформа, цифрландыруға иек арту, ваучерлік қаржыланды­руды жаппай енгізу жүйенің тиім­ділігін әрі отбасылардың қажет­ті­ліктеріне бағдарлануын қамта­ма­сыз етеді деп күтіледі.

Лицензия – қауіпсіздік құралы

Реформа аясындағы тағы бір маңызды бетбұрысқа тоқталған жөн. 2025 жылғы 1 шілдеде «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік наградалар, білім беру және ба­ланың құқықтарын қорғау мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» за­ңының негізгі баптары күшіне мінді. Құжатқа Мемлекет басшысы 2024 жылғы 30 желтоқсанда қол қойып, сол күні ресми жарияланды. 

Әйткенмен, құжаттың бірнеше бабының қолданысқа енгізілетін күні кейінге шегерілді. Соның ішін­де 2027 жылғы 1 қаңтардан бас­тап мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ұйымдарын, яғни бар­лық ба­лабақшаны және шағын орталық­тарды лицензиялау енгізіледі. 

Бұл бастамаға «өзім би, өзім қожа» жағдайда жұмыс істеп жат­қан жекеменшік балабақша қожа­йындары қарсы шығып, өре түре­гелді. Парламентке шағымымен жүгірді, ақпарат құралдарына жү­гінді, «Атамекен» палатасы арқылы сөзін өткізбек болды. Бірқатар депутат та наразылық білдірген. Бірақ Парламентте мектепке де­йінгі тәрбие мен білімге мемле­кет­тік бақылауды күшейтуді жақтау­шылар бәрібір басым шықты. «AMANAT» партиясы фракциясы­ның мүшесі, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Балалардың құ­қықтарын және оларға білім беру мекемелерінің қызметтерін рет­теуді өте маңызды іс санайды.

– Себебі оларда балаларға зор­лық-зомбылық көріністерін күнде болмағанымен апта сайын жаңа­лықтан көріп тұрамыз. Қоғамға белгісіз, «бас жарылса бөрік ішін­де» қалатыны қаншама? Бұл тоқ­тайтын емес. Осыған орай әріптес­те­ріммен бірге мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицен­зия­лауды ұсынғанбыз. О баста Үкімет қолдамады. Негізгі уәжі – жаппай лицензияласақ, олар арнайы та­лаптарға сәйкес болуға міндетті, ал бұл балабақшамен қамту үлесінің төмендеуіне әкеледі. Біз сонда бала құқығын былай ысырып, тек биз­несті қолдауымыз керек пе? Сон­дықтан бастамамызда табанда­дық, – деді депутат. 

Оның айтуынша, лицензия­лаудың енгізілуі мемлекеттік және жеке балабақшаларға талапты күшейтеді. Қайсысы сапалы білім мен тәрбие беріп жатқаны, бала­лардың онда не ішіп, не жеп жүр­гені, балаларының қандай жағ­дай­да, қай жерде бағып-күтілетіні ай­қындалады. Лицензия болма­ған­дықтан Білім департаменттерінің өзі төл аумағындағы осы салада не болып жатқанынан бейхабар. 

Ақыр соңында Парламентте ымыра-компромисті шешім қа­был­данды: лицензиялау енгізіледі, бірақ бизнеске соның қатаң талап­тарына сай болу үшін дайындалуға уақыт беріледі. Өтпелі кезең 2027 жылғы 1 қаңтарда аяқталады. Даяр­ланып үлгермегенге, оған мән бермегенге жабылуға тура келмек. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсем­баев қазірдің өзінде бұл ұйымдарға талап күшейтіліп жатқанын мәлімдеді.

– Балалардың қауіпсіздігі ма­ңызды мәселе екенімен біз де то­лық келісеміз! Осы мәселеде Пре­зи­дент міндет қойды. Сол себепті бұл бағытта үлкен шара қабылда­нып жатыр. Мәселен, балабақша­ларға қатысты қолданыстағы ал­дын ала хабарландыру тәртібі кү­шейтілді. Оның шарттары ли­цен­зиялау тәртіптеріне дейін кө­терілді. Балаларды балабақшамен қамтуда жекеменшік мекемелер үлкен рөл атқарады. Кәсіпкерлер дайындалуы үшін уақыт керек, тиісінше, лицензиялау 2027 жылы енгізіледі. Бүгінде балалардың қа­уіпсіздігін қатаң сақтауға көңіл бө­лініп жатыр, – деп сендірді ми­нистр Ғ.Бейсембаев.

Айтпақшы, Оқу-ағарту ми­нистр­лігінің хабарлауынша, жаңа реформа аясында енді мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау жыл бойы жүргізіледі. Қорыта айтқанда, сала жаңғырып жатыр. Оның не нәтиже, қандай жеміс әкелерін өмір мен тәжірибе көрсетеді.

Елдос СЕНБАЙ