in

Абай және еркін ойдың салмағы

Біз Абайға абайсызда бардық. Тереңіне онша телмірген жоқпыз.  Бізді апарған махаббат. Бірақ оған бару үшін бір махаббат жеткіліксіз. Білім керек тағы. Содан амалсыз түркологияның тамырын басып көріп, шығыстың шырын дәмін татуға тура келді. Броккельман, Зайнчковский, Наджип, Севортян, Шербак, Қоңыратбаев, Р.Сыздықова… Алып мұхит. Мына кітап – көпжылғы ізденістің піскен жемісі. Қорытпа нұсқасы. «Китаб тасдиқ» – Абайдың ми сөлі. Абайдың ми сөлін маржандай қып қағазға түсірген – Мүрсейіт. Мүрсейіт – Мұхтар Әуезовтің ұстазы. Абайдың мұрасын Мүрсейіттің қолжазбасымен беру Әуезовтің арманы болған. Іске асыра алмаған. Сөйтіп, шағатаймен бастаған Абай хакім өз шығармашылығын шағатаймен аяқтаған екен. Басқашалап кетпеген. Грек, латын, арап, парсыдан шоқып, керегін теріп алған. Барын Түріктік тамырға байлаған. Ол түріктік тамырды тосырқағандар да бар. Себебі маргиналды ми иелеріне айналып кеткенбіз ғой.

Қарап отырмай әрі-беріден ха­бар алдық. Мұхтар Әуезовтің Голландияда тұратын немересі профессор Зифа-Алуа Әуезова «Сіздер жасаған транслитера­ция – өте құнды дүние. Көпшілік қауым арасында қызығушылық тудырады деп сенемін» деген жылы лебіз білдірді. Facebook арқы­лы хабарластық. М.Қашқари­дің «Диуан луғат ат түрік» еңбегін орыс тіліне тәржімә жасаған маман ғой. Сыни пікірлері де жоқ емес.

Ташкент Шығыстану институтының проректоры, профессор Құдратулла Омонов «Китаб тасдиқ» тілі туралы: «Бу­тун урта осиеда ягона адабий тил булган­ку. Эски узбек тили. Абай хам, Махтум­қули хам шу тилда ижод этган. …Чиғатой тур­кий­си –  эски узбек тили» деп ой өр­біт­ті. Абайдың «Китаб тасдиқты» ша­ға­тайша жазғанын айтады. Шағатайша демекші, Иван Шапен деген орыс зерт­теушісінің бір әдемі пікіріне жолықтым. Онда ол былай дейді: «Слова: Татары и Татарскій языкь дъйствительно нейзвест­ны народамь, которые мы называемь Татарами; они сами именують язык свой: Тюркь-дили. Это общее наръчіе, сь кот­орымь можно проъ­хать оть Китая до Ка­за­ни, до Крыма, а от­сюда до Мароко и черезь  Мекку вь Индію, такь точно, какь сь Французскимь, можно объехать всю Европу. Джагатайское наръчіе есть очищенный, книжный Турец­кій языкь, такь названный оть Джагатая, любимого сына Чингись – Хана. Впрочемь, жители Турана, Крымцы, жители Малой-Азіи и Турціи, говорять одним языкомь, вь которомь замътить можно мъстная раз­личія вь произношеніи, не столько одна­ко же ощутительнаыя, какь русскимь и малороссійском. Не деген ғарыштай кең, таным, түсінік. Түсінік кеңістігі был­ған­баған автор ғой бұл. Ауыл арасын айнал­шықтап біз жүрміз. Өз атымызды жаза алмай. Түрік пе, түркі ме деп. Профессор М.Жол­дасбеков жақсы айтты. Тасқа қаш­ал­ған атымыз түрік деп. В.Радлов, Л.Буда­гов, П.М. Ме­лиоранский, Д.Неметттер солай айтқан. Түрік тілі бар, қалғаны диалект деген олар. Қазан төң­кері­сінен соң ғылым айныған. Түрік тілі­нен тарайтын диалектің бәрі диалект емес,  тіл деген. Мақ­сат –  бұтақтарына жан ашығансып, түріктей алып бәйтерек­тің діңгегіне құрт түсіру.

Француз Шапенге ұқсас пікірді М.Әуезов те айтқан: «Түркі тілі деген бер­тінге шейін келген. Бұл тіл кітап тілі, әдеби тіл болып есептелген. Түркі тілі 1915 жыл­ға шейін түркі елдеріне ортақ тіл бола­тын. Түркі тілінің негізі шағатай әдебиетінен шыққан. Шағатай әдебиеті сол уақыттағы бүкіл түркі еліне ортақ әдебиет болған… Абай үйінде бала кезінде де түркі тілін оқығ­ан. Сондықтан Абайдың түркі тілімен оқығаны тек медреседегі 3 жыл ғана емес. Абай түркіні де, арабиятты да Ахмет Риза­ның медресесінде де оқиды», –  дейді.

Яғни Абайға бір түрікше жазу құдды бір жат, бөтен нәрсе сияқты көргісі келеді бір­еулер. Олай тану кеңестік кездің салқыны. Абайға түрікше жат емес, біте қайнасып өскен, сол қоғамның төл баласы ол. Терісі түлеп түсіп қалған жыландай одан ажырап қалған біз. М.Әуезов Абайдың «Китаб тас­диқ­ты» ерекшелеп, басқаша өрнекпен жаз­ғанын шегелеп, айтып кеткен. Ол: «Жазу тілінің, басқа қара сөздердегі анық қазақтық түрін өзгертіп, кітапшылап (түрікше) тың үлгі, стиль іздейді» деген. Қажеттілік бол­ған. Зәрулік болған. Содан соң солай жаз­ған. Ендігі заманда сол жоғалтқан түрік­шілдігімізді қайта тірілтіп, оны жандандыру керек боп тұр қазір. Шілдің боғындай ша­шыраған түрік баласына бас қосып, бірігіп, баяғы Алып Ер Тоңа заманындай алыптыққа қарай беттеу керек. Түркология ғылымының негізгі міндеті де сол болу керек. Батыс ориенталистерінің қолындағы еуроцентрис­тік ойындардың ермегі болудан қалу керек. Біржола. Шапен сияқтылардың шын айт­қан­дарын пайдаға жарата білу керек. Ең бол­маса түрік балдары бірігіп, ортақ әліпби жасай алмай отырмыз ғой. Пантүрікшіл Мұстафа Шоқай, Мағжандар кезінде бекер­ге шырылдамаған еді. Түрік жұртының көпе көрнеу империялық «Бөліп ал да, билей бер»  жоспарымен құрбандыққа шалынарын білді олар. Оның алдында Абай діңгекке жегі құрт  түскенін анық көрді. Содан соңда шы­ғармашылығының соңында жеке бұлақ­тан гөрі, ортақ бастауға бас қойғаны. 

Қазіргі абайтанудың алыбы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы «Бұрын ешкім түспегенге түстіңдер» деген. Ұстаз жаңалық­ты жылы қабылдады. Жанашырлық танытты. 

Оңай болмады. М.Әуезов кезінде «Абай өз ойын ешбір күшке табындырғысы кел­меген данышпан адам» деп бекер айтпаған, сірә. Қайдан оңай болсын. Абай хакімнің мұрасына бас сұғу үшін таза, азат рух керек. Онсыз ол қабылдамайды. Жүзін теріс бұра­ды сенен. Абай мұрасының мәзірінен азда болса дәм таттық. Сол дәмнен елмен бөлісу. Бар арман сол болды. Елге жеткіздік әйтеуір. Сол көңілге демеу. Барлық нәрсе Құдайдың қолында. Рас. 

***

Айтылған әңгімелерге тұздық ретінде біраз мұралардан мысалдар келтіреміз. Мақ­сат мың құбылып, айтылып келе жатқан мың жылдық мұрамыздың түп-тамыры, не­гізі бір, бір-ақ нәрсе, бір тіл, бір жазу ек­ен­дігіне мән беріп, көз жеткізу. Олай болса ежелгі дәуірден мысал, Жүсіп Баласағұни:

Билип сөзләсә сөз билигкә санур

Билигсиз сөзи өз башыны йейур

(«Қудатғу билиг», ХІ ғ.)

Махмуд Қашқари:                        

Қушлар киби учтумиз 

(Мы налетели (на них) как птицы)

Қиз бирлә курашма, қисрақ бирлә йаришма.

 («Диуан луғат ат турк», ХІ ғ., транскрипция З. -А. Ауэзова) 

«Кенә күнләрдән бір күн Ай қағаннуң көзү йарыб бодады, еркәк оғул тоғурды. Ошул оғулнуң өңлүгі чырағы көк ерді, ағызы аташ қызыл ерді, көзләрі ал, сачлары, қашлары қара ерділәр ерді» (Оғыз нама, ХІІІ ғ., И.В.Стеблева транскрипциясы).

Алтын Орда дәуірі. Хорезмиден мысал:

Қарә топрақдин сүнбүл йаратты,

Тикән лар арасында гүл йаратты.

Қатық ташдин қылур гәуһәрни пәйда,

Қуруқ нәй дин қылур шәккәрни пәйда.

Автор жырды Мухаммед -Ходжа-бекке арнап жазғанын айтады:           

Зеһи әрслан йүрәк қоңрат уруғы

Қашан жазғанын айтады:   

Бу дәфтәр ким болуптур Мыср қәнды,

Йеті йүз елли төрт ичрә түгәнди.

Яғни, қазіргі жыл санауы бойынша: 1353 жыл. Мысыр қантындай тәтті деп тұр ғой жырды. Қай жерде жазғанын айтады енді:

Му Муһаббәт-намә сөзин мунда биттим,

Қамуғын Сыр йәқасында биттим.

Кәдімгі Сыр дарияның бойында, Сы­ғанақ шаһарында жазған екен. (Мухаб­бат­наме, XІVғ. Деректер мен транскрипция Э.Н.Наджиптікі). 

Енді  XVІІ ғ. өтейік: «… ешүтгічі ге хуш келіб, ооқуғучы ға ъақл ға файда сы болғай һәм жаддын білмек лік һәр пәндәсіге уажиб болғай». «…дүнийаның төрт бурчын би­леген хан. Халайиқын ъадл лік білән сур­ған хан. Йетім лер ге рахим қылыб, чы­ғай лар ны той­дурған хан. Қыш уа йаз, ай уа йыл хазина да бар малын хақ йолында ихсан қылған хан». «…Оғузның алты оғлы бар ерді. Анлар ның атлары мунундек тафсил да келіб туңур: Күн, Ай, Йулдыз, Көк, Тақ, Деңіз. Оғуз барча уилайатларны алды, ъалақ Иран уа Туран уа Шам уа Миср уа Рум уа йана уилай­атларны алды». 

«…Амма Едіге бек алтмыш үч йашында уофат табды. Қадыр­берді хан ның урушын­да захмлық ерді». «…Мубарак зилхижа айыға дегәч андын соң тарих мын­да сычқан йылы мубарак зил хижа айы­ның онунчы күн ерді. Пенчшәмбә күн Ораз Му­хам­мед хан бин Ондан султан ны ханлық ға олтурғузды лар». «…Аммә алач мыңы ара­сын­да улуғы тарақ тамғали алайыр болғай». (Қадырғали Жалайри, Жамиъат тауарих, 1602 ж., Транскрипция Р.Сыздықова). 

Енді ХІХ ғасырға Абайдың заманына келейік:  «Аның биук манзублұ уа афзалатлұ һазратләр ғуспудин ғенерал от инфантари Орнбургның ғаскарийа ғубернаторы һәм түрлі жамаиллы кұалері Петр Кирилич Ессен Кічи иуз қырғыз қазақ иуртының тар­хан батыры Иоламан Тіленчі ұғлындан». «…кім ол есірлікдә олғучы есауұл Бұдұрұфны қайтармасдын мақдам ол ұрадник Плешкоф салтанлар Пысчан Абұлғазы ұғлы ила Бай­мұхамед Айчуақ уғлы уә һәм Дәржан Ъаб­дал­мұмин ұғлы уа қырғыз, қазақ Ианкач Оразақұғлы диганлар илан бірга иурұб һәр ауұллардә қонұб ама ұшбұ ъақраб иулдызы­ның 26-інчі иаумында түн ічіндә мәзкур ұрадник Плешкоф илан қонған ерүміздә канд  өзінің мінүб иурі тұрған бұрлы биәсі илан иоғалұб кетібдүр». (Орынбор әскери губернаторы П.Г. Эссенге бас старшын Жола­ман Тіленшіұлының есаул Подуровты босату туралы хабарламасы – 1823 жыл, 28 қазан // Материалы по истории Казахской ССР, 1785-1828 гг.т. 4. Изд. АН СССР, Мос­ква, Ленинград, 1940, стр. 445-446. Транс­крипция А.Б.Қалшабек).     

Енді, Абайдың «Китаб тасдиқ» шығар­масы: «Ъақл көзі менен қара: күн қыздырұб, деңізден булут чығарады екен. Ол булут­лардан йағмур йауыб, жер йүзінде нече түрлі данәләрні өстіріб, йемішлерні өндүрүб, көзге көрік, көңілге рахат гул-байчечак­ләрні, ағач-йафрақларны, қант-қамыс­ларны өндүрүб, нече түрлі нә­бәтатларны өстіріб, хайуанларны  сақ­­­латыб, бұлақлар ағұзұб, өзен болұб, өзен­лер ағұб, дариа бол­ұб, хайуанларға, құсқа, малға сусұн, балық­ларға орұн болұб жатыр екен. Жер мақтасұн, кен­дірін, йемішін, кенүн; гүлләр гүлін; құс­лар жүнүн, етін, йумырқасун; хайуанлар етін, сүтін, күчін, көркін, терісін; сулар ба­лы­ғын; балықлар икрасын; һәтта ара балын, балауызын; құрт  ифәгін – һәм­масы адам баласының файдасына йа­салыб, һеч бірінде бұл менікі дерлік бір нәрсе йоқ, бәрі – адам баласының тау­сыл­мас азығы. Мілион   хикмәт бірлән йасалған машина-фабрикләр адам бала­сының рахаты, файдасы үчүн йасалса, бұл Йасаучы мухаббат бірлән адам баласын сүйгенлігі емес ма?»

Мүрсейіттің 1910 жылғы қолжазба­сын­дағы «Китаб тасдиқ»  сыртында мынадай жазу бар (араб қарпінде): «Китаб тасдиқ. Хай­ырлы сағатда бітіб…  Дайұрбай Хожан­ұғлы­на бағышлаб йаздым, хижраның 1327-­сін­­де, милади 1910-інчі илында,  әпіре­лнің 20-інчі күнінде йазғучы Мүрсейд Бікі марх­ұмұғлы».

ХХ ғасырдан бір мысал:

Болады Торғайский уәләятым,

Таифым – Арғын, Мадияр – асыл затым.

Бұл сөздің мұхаррирі һәм наширы,

Дулат-оғлы Мир Яғкуб – өзім атым.

(Міржақып Дулатұлы. «Оян, қазақ», 1909 ж.)

Осы мысалдар жеткілікті ғой дейміз. Жүсіп Баласағұни мен Міржақып Дулат­ұлының жазба тілі бір боп тұр ғой. 

Тәмәм.

Ақжол ҚАЛШАБЕК,

М.Әуезов университеті «Мұхтартану» ғылым 

орталығының басшысы, ф.ғ.к., доцент