Дәл осы мәселелер ALQA BILIM академиясының жиынында да талқыланды. Биыл ұлы хакімнің 180 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған шара тәлім мен тағылымға толы. Өйткені аға буыннан керегін алған жас ұрпақ ойшыл туралы тың дерекке қанық болды.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен ALQA BILIM академиясының Қосшы қаласында жаңа филиалы ашылды. Бұл ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, қала тұрғындары үшін қос қуанышты бір күнде тоғыстырды. Іс-шараның мақсаты – Абай мұрасын насихаттау, қала халқына мәдени-рухани серпін сыйлау. Ашылу рәсімінде сөз алған академия директоры, ғалым Саят Баймұратұлы қазақ руханиятындағы Абайдың мәңгілік орнын көрсетіп, оның өсиетінің бүгінгі қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті.
– Абай – қазақтың ғана емес, күллі түркі жұртының рухани темірқазығы. Оның әр өлеңі – тағылым, әр қара сөзі – өмір мектебі. Біздің ұрпақ Абайдың мұрасын жаттап қана қоймай, оны өмірлік қағидасына айналдыруы керек. Себебі Абай айтқан «Толық адам» ілімі – тек өткеннің емес, бүгінгі және болашақтың да бағдаршамы. Абайдың ең ұлы мұрасы – ұлтты ұйыстыратын және әрбір адамның рухын асқақтататын құндылықтар. Ол «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінезбен озады» деп айтты. Бұл – ғасырлар өтсе де мәнін жоймайтыны ақиқат. ALQA BILIM академиясының миссиясы – дәл осы рухани қазынаны ұрпақтың бойына сіңіру. Біз балаға тек білім беріп қана қоймай, оның бойына ұлттық болмыс, ізгілік пен мәдениетті қалыптастыруды мақсат етеміз. Әр баланың жүрегінде от, көкірегінде сәуле, сөзінде мағына болсын деп еңбек етеміз. Бүгінгі ашылу салтанатына келгендеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Бұл тек бір орталықтың ашылуы емес, бұл – қаланың рухани тынысының жаңаруы, болашаққа салынған алтын көпір. Біз бірге болсақ, талай асуды бағындырамыз деп сенемін», – деді Саят Баймұратұлы.
Салтанатты кеште этнопедагог Нұрболат Кәрібай Абай ілімінің тәрбиелік мәніне тоқталып, адам болмысы жайында дәріс оқыды.
– Абай Құнанбайұлының айтқан ой даналығын жүрекке сіңіріп, бойдан өткізіп барып меңгеруіміз керек. Танимыз, оқимыз, бірақ іске асырмаймыз. Ұлы ақын айтқан ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек бір болмыста болуы керек. Алдымен ақылымызды шыңдаймыз, ол – рационализм. Ғылым, білімді оқып-тоқысақ суық ақылға жетеміз. Бірақ оның өзі зұлымдық тудыруы мүмкін. Сондықтан оған жылы жүректі, яғни мейірім мен махаббат қосылып, өндіріп жасап шыққан дүниені қайратпен жүзеге асырамыз. Сол сияқты Абай атамыздың шығармаларын, өлеңдерін де осылайша талдауымыз керек. Егер адамның жүрек көзі ашылатын болса, кеудемізге ғайыптан сәуле келіп түседі. Сонда ғана адамның кеудесі хикметке, даналыққа толы болады. XX ғасырға дейін медреседе сабақ үш модуль бойынша өтті: арабия, шарғия, хикамия. Арабия – тілдер (араб, парсы, шағатай, түркі), шарғия – шариғат ілімі, яғни заңдылықтар, хикамия – даналық үйрететін сабақтар. Бізге қазір соңғысы жетпей жатыр, – деді Нұрболат Кәрібай.
Іс-шарада Абай Құнанбайұлының өлеңдері оқылып, оқушыларға талдап түсіндірілді. Одан бөлек, ALQA BILIM академиясының мүшелері ойшыл туралы білгендерін жас ұрпаққа көсіліп айтып берді. Соның бірі – Манарбек Ералы. Ол жиылған қонақтарға Абай атамыздың ел ісіне енді араласуынан бастап, өмірінің соңына дейінгі хикметтік сөздерінен мысалдар келтірді.
– Егер адам ақымақ болса, өмір сүру өте жеңіл екен. Ал Абай атамыз жеңіл өмір сүрмеді. Жастайынан әкесінің қасында жүріп ел басқару ісіне араласты. Бір мысал айтайын. Ілгеріде Қареке руының адамдары Тобықтының 5 үйір жылқысын ба-рымталап кетіп, мойындамай қояды. Сонда Абайдың әкесі Құнанбай қасына өзі сенген 40 жігітті, Абайды ертіп Қарекенің ауылына аттанады. Ал қарекеліктер аузы дуалы Қабен атты ақсақалын шығарып, ұрлықты мойындамауды сұрайды екен. Екі рудың адамдары бұл мәселені ауыл басындағы қырға барып шешпек болады. Сонда Қабен ақсақал: «Құнеке, желелеген жалғыз жылқы сіздікі емес, желпінген тақым жалғыз біздікі емес, көрген көз жоқ, басқан із жоқ. Айып кімнен?» депті мойындамай. Сол кезде қаперсіз отырған Абайға әкесі ту сыртынан қарап, жауап бер дегендей көз тастапты. Жұлып алғандай орнынан атып тұрған Абай: «Биеке, желелеген жалғыз жылқы біздікі емес, желпінген тақым жалғыз сіздікі емес. Тай мініп, түйе жетектеген әр елде бар. Бірақ Қараүңгірдің бойымен жылқы қуып, қан сорпа қылған қай елде бар. Көрген Тобықты аз болса, Құдай көріп тұр емес пе?» дейді. Бала сөйлейді деп ойламаған ақсақал: «Тобықтының үлкені тұрып, кішісі сөйлейді екен-ау» десе, Абай тұрып: «Мен дау айтам, үлкенім жөн айтады. Сіз дауыңызды өзіңіз айтып отырсыз, жөніңізді кім айтады?» деген екен. Осы сөзден кейін ақсақал жігіттеріне қарап, жылқылардың басын бастай, тұяғын тұяқтай қып қайтаруды бұйырыпты, – деп даналық сөздерін айтты Манарбек Ералы.
«Жан» театрының әртістері сахналық қойылым ұсынып, бүлдіршіндер ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Сондай-ақ орталықтың жас өнерпаздары Абай әндерін түрлі ұлттық аспапта орындап, көрерменді өткен ғасырдың рухына жетеледі. Мерекелік шара аясында балалар мен ересектерге арналған кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, рухани қазынаға толы туындылар ұсынылды. Өнерпаздарға алғысхаттар табыс етілді. Кеш соңында қала тұрғындары мен ата-аналар орталық ұжымына жылы лебіздерін білдіріп, жаңа филиалдың табысты болуын тіледі.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ