Бір ғажабы, Атырау облысында ашылған алғашқы вагон-доңғалақ шеберханасы жүк вагондарына арналған доңғалақ жұптарын шығару және оларды толық циклде күрделі жөндеуден өткізу бойынша өндірісті толық автоматтандырған.
Кәсіпорынның ашылуына Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, TEXOL компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазава қатысып, нысанның жұмысымен танысты. Атап өту керек, мұндай шеберхана Атырау облысында бұрын-соңды болмаған. «Махамбет» өнеркәсіптік-өндірістік кешені аумағында орналасқан жаңа кәсіпорын TEXOL компания тобының құрамына кіреді. Заманауи стандарттар бойынша жабдықталған.
– Бұл жобаның маңызы тек өндірісте емес, өнеркәсіпті әртараптандырудың нақты бағыты саналады. Осыған дейін тек сырттан әкелінетін бөлшектер енді өзімізде өндіріле бастады. Жалпы, «Махамбет» өнеркәсіптік-өндірістік кешені индустриалды аймаққа айналды. Мұнда вагон жөндеу, компоненттер шығару, газ терминалдары мен арнайы техникалық қызмет көрсететін нысандар шоғырланған. Жақын арада құйма өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл қадам жергіліктендіру деңгейін 96%-ға дейін жеткізіп, импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайтады. Атырау облысы осындай жобаларға үнемі қолдау көрсетеді. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті мамандардың дамуына мүмкіндік беріп, экономиканың өркендеуіне негіз болады, – деді Атырау облыстық Өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Данияр Орынбасаров.
Осы жылдың мамыр айында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның құзыретті комиссиясы ревизиялық құрылым және вагон шаруашылығы саласының мамандарымен бірге өндірісті кешенді тексерістен өткізді. Нәтижесінде, бірнеше типті доңғалақ жұптарына ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу жүргізу, сондай-ақ жаңа доңғалақ жұптарын шығару үшін «3038» шартты нөмірі берілді. Сол уақыттан бері компания 300 доңғалақ жұбын жасап үлгерген. Дайын өнімді вагон шығаратын Texol компаниясы пайдаланып отыр.
– Жалпы, нарықта вагондарға арналған доңғалақ жұптарына сұраныс жоғары. Өйткені Атырау облысында теміржол инфрақұрылымы дамуда. Біздің салада доңғалақ «вагонның жүрегі» деп аталады. Яғни, ол үнемі үйкелісте, қозғалыста болады. Бір доңғалақ жұбы шамамен 2-3 жыл сайын күрделі жөндеуден өтуі керек. Ал өндіріске келетін болсақ, шеберханамызда 2 сағатта 1 доңғалақ шығарылады. Барлық жұмыс толықтай автоматтандырылған, – деді «ВКМ Атырау» ЖШС бас инженері Ерсұлтан Жамашев.
Қазір мұнда 80-нен астам адам еңбек етеді. Олар арнайы оқудан өтіп, біліктілігін арттырған. Айта кету керек, Атырауда былтырғы жылдан бері жүк вагондарын шығаратын зауыт жұмыс істеп келеді. Атырау вагонқұрылысы зауыты жүк вагондарын және мұнай өнімдерін, сұйытылған газ бен өнеркәсіптік жүктерді тасымалдайтын цистерналар шығаруға мамандандырылған. Зауыттың толық қуатына көшу кезеңі 2027 жыл деп жоспарланып отыр. Осы кезде зауыт жылына 6-7 мың вагон шығарады. Қазір зауыттың өндірістік аумағы 17 мың шаршы метрді құрайтын зауыт аймағы 2027 жылға қарай 62 шаршы метрге дейін кеңейеді. Негізгі өндіріспен қатар мұнда вагонның әртүрлі компонентін жасайтын цехтар бар, алға қарай орта және ұсақ вагон құймаларға арналған құйма цехы да ашылмақшы. Мұндай цехтың ашылуы импортқа тәуелділіктен де құтқарады.
Зауытқа салынған инвестицияның жалпы көлемі – 160 млрд теңге. Ал бастапқы кезеңдегі инвестиция көлемі 170 млн доллар көлемінде болып отыр.
Қазақстан – теміржол тасымалы бойынша Орталық Азияның негізгі транзиттік елдерінің бірі. Енді еліміз бұл салада вагон және қосалқы бөлшектер өндіруші хабқа айналу мүмкіндігін қарастыруда. ТEXOL компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазаваның атап өтуінше, алдағы 10 жылда елімізде жүк вагондарының саны 54 мыңға азаяды, өйткені олар әбден тозған.
«Сондықтан да бізге босаған ескі вагондардың орнын өзімізде шыққан жаңа вагондармен толтыру үшін жақсылап жұмыс істеуіміз керек. Бұл тіпті Орталық Азияны тұтастай алғанда жүк базасының әлеуетін арттырып, қосымша жүк вагондары паркін көбейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан бізге отандық өндірісті дамытуға жақсы мүмкіндік бар», – дейді ол.
Қазақстанда индустриалды саясатты жүзеге асыру жалғасып келеді. Мақсат – өңдеуші өнеркәсіпті экономиканың локомотиві ету. Соңғы бес жылда елімізде өңдеуші өнеркәсіп қарқыны 4,5%-ды құраса, машинақұрылысы 17,6%-ға жеткен. Қалай десек те, Атырауда жұмысын жалғастырып жатқан вагон шығаратын зауыт Қазақстан экономикасының дамуына тың серпін беруде.
Ел Үкіметі қабылдаған индустриаландыру бағдарламасының нәтижесінде соңғы жылдары елімізде машина жасау, химия, металлургия және жеңіл өнеркәсіп салаларында ілгерілеу бар. Бұл жобалар мұнайға тәуелді экономиканың орнын жаңа, әртараптандырылған құрылыммен алмастыруға бағытталған. Атыраудағы вагон жасау зауыты мен доңғалақ өндіру шеберханасы – осы бағыттағы сәтті жобалардың нақты үлгісі.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы