in

«Періштесі қаққан» жандар

Дәл осындай қым-қиғаш қара жол жер бетінде ғана емес, аспан әлемінде де бар. Worldmetrics сайтының мәліметінше, күн сайын әуеде 150 мыңнан астам рейс орындалады. Асфальттағы көлік апаты сияқты, көкте де ұшақ апаты жиі тіркеледі. Бірақ олардан аман қалғандар аз…

Әуекөлігі – қазіргі заманның ең жылдам әрі қауіпсіз транс­порт түрі саналады. Халық­аралық әуекөлігі қауымдастығының (IATA) дерегінше, әуеапатының ықтималдығы шамамен 1,2 мил­лион сапарға бір рет қана келеді. Де­генмен «сирек» деген сөз «бол­май­ды» дегенді білдірмейді. Әлем­де жыл сайын орта есеппен 70-ке жуық ұшақ апаты тіркеледі екен. Ен­деше әрбір апаттың артында нақты себеп бар, ал ол себептерді зерт­теу – болашақта қайталан­бауы­на кепіл береді. Ал статистика әуеа­паттарының 70-80 пайызы адам қателігінен болатынын көр­сет­кен.

Әуедегі апатқа не себеп?

Жалпы, жолаушылар ұшағы әуе­ге көтерілгенде, ол көліктегі сияқ­ты «кез келген бағытпен» ұша ал­майды. Әуеде әр ұшақтың өз «әуе­дәлізі» (airway) болады. Бұл – ал­дын ала белгіленген, картаға тү­сірілген әуежолы. Ал әуеқозғалы­сын басқару орталығы ұшақтардың бағытын, биіктігін, жылдамдығын реттейді. Ұшу барысында дис­пет­чер­лер ұшқыштармен радиобай­ла­ныс арқылы үнемі хабарласып, мар­шрутты, биіктікті және уақыт­ша нүктелерді бекітіп алады. Олар ұшақ­тың траекториясын қада­ға­лап, қажет болса бағытын өзгертеді. Мы­салы, ауа райына байланысты немесе басқа ұшақпен қауіпті жа­қындасу болса бірден диспетчер ұш­қышқа мәлімдейді. Әр ұшақ бел­гілі бір биіктік қабатында ұша­ды. Айталық, бір бағыттағы ұшақ­тар 10 000 метрде, ал қарсы бағыт­тағы ұшақтар 11 000 метрде ұшады. Бұл – соқтығыстың алдын алудың негізгі тәсілі. Радиолокациялық жүйе­лер мен заманауи ADS-B тех­нологиясы арқылы диспетчерлер әр ұшақтың нақты орнын, жылдам­дығын экраннан көреді. Яғни, дис­петчер – әуедегі «жол по­ли­ция­сы» ғана емес, бүкіл әуеқоз­ғалы­сы­ның «дирижері». Оның нұсқауын орындау – ұшқыш үшін міндет. Бір­ақ ұшақ апатына осы адами фак­торлардың әсер етуі әбден мүм­кін. Атап айтсақ, 2002 жылы Гер­ма­ния – Швейцария шекарасында Uberlingen апаты болды. Бордтағы 71 адам, оның ішінде 52 бала қаза тап­ты. Апаттың негізгі себебі, дис­петчер жалғыз жұмыс істеп, дер кезінде екі ұшаққа да қауіп туралы ескертпеді. Салдарынан, Swissair жүк ұшағы мен Bashkirian Airlines жо­лаушылар ұшағы соқтығысты. Бір ұшақтағы TCAS (әуе соқты­ғы­сын болдырмау жүйесі) нұсқау берсе де, ұшқыш диспетчерге се­ніп, соның нұсқауын орындаған. Осы­дан кейін, TCAS жүйесі берген нұс­қаулардың басымдылығы ха­лық­аралық ережелерде бекітілді. Ал 1997 жылы АҚШ территория­сын­да Korean Air 801 ұшағы апатқа ұшы­рап, 228 адам мерт болған. Апат­қа ұшқыштың қону кезінде биік­тікті қате есептеп, ұшақты тау­ға бағыттап жібергені себеп. Адами факторлармен қоса, әуедегі келең­сіз­дікке техникалық ақаулар да әсер етеді. Өйткені ұшақ – жүз мың­даған бөлшектен тұратын аса күр­делі құрылғы. Оны үнемі тек­серу мен қызмет көрсету талап етіл­се де, техникалық ақаулардың ал­дын алу әрдайым мүмкін емес. Со­нымен қатар ұшақ апатына, ауа райы­ның тосыннан бұзылуы, құс­тар­дың қозғалтқышқа түсуі де әсер етеді. 

Апаттан аман қалудың жолы

Соңғы онжылдықта болған әуеапаттарының шамамен 90 пайызында кем дегенде бір адам тірі қалған. Ұшақтағы жолаушының аман қалуына, экипаж нұсқауын орындау, құтқару жұмыстарының жылдамдығы мен отырған орны да әсер еткен. Мысалы, былтыр 25 жел­тоқсанда Azerbaijan Airlines әуе­компаниясының ұшағы Ақтауда құлап, 38 адам қаза тапқаны есте­ріңіз­де шығар. Тірі қалған 29 адам­ның бірі Нурулла Сирад­жов­тың есінде ұшақ құлар алдында не бол­ғаны бүге-шүгесіне дейін қалыпты. Оның айтуынша, Бакуден ұшып шыққаннан кейін шамамен 40 ми­нут өткенде қатты соққыны сезген: гүрс еткен дыбыс естіліп, ұшақ шай­қалып кеткен. Шошып кеткен жолаушылар айғайлап, азан-қазан болған.

– Аяғым қатты ауырып кетті, құд­ды жараланып қалғандай сезін­дім. Қолыммен ұстап көріп едім, еш­теңе байқамадым. Адамдар ор­нынан тұрып, әйелдер жылай бас­та­ды. Стюардессалар: «Қорық­паңыз­дар, орындарыңызға оты­­­­­­­­­­рыңыздар» деп жұртты сабырға ша­­қырды. Бар­лығы қайтадан ор­ны­на отырды, сол сәтте тағы бір соқ­қы сезілді. Бұл жо­лы бірін­шісі­нен де қатты болды. Өзімнен бірнеше метр тұстан ұшақ­та тесік пай­да болғанын көр­дім, «қыр-қыр» етіп ауа кіріп жат­қаны ес­тіл­ді. Ұшақ жіпке ілін­ген зат құсап, біресе жоғары кө­теріліп, біресе төмен тү­сіп, оң мен сол­ға тең­селіп, шайқа­лып кет­ті. Адам­дар айғай-шуға басты. Мен ұшақ­­тың құйрық жағында отыр­ғам, – деді 71 жастағы Нурулла Сирад­жов.

Жолаушының осы сөзінен кейін, Қазақстанда ұшақ­тың артқы орындары бірден қым­баттап, жолаушылар арасында қызу пікірталас тудырған еді. Ақ­­тау­дағы әуеапаты әлемде құпиясы ашыл­маған ірі істер қатарына жа­та­ды. Жалпы, осы уақытқа дейін ұшақ апатына қа­тыс­ты жүздеген іс­тің қорытынды есе­бі жариялан­баған. Халықаралық аза­маттық авиа­ция ұйымында жұ­мыс істеген алғаш­қы әрі әзірге жал­ғыз қазақ Абыл Кекілбаевтың ай­туынша, осын­дай әуеапат­тары­ның бәрін са­нап көргенде, артқы қатарда отыр­ған 60 пайызға жуық адам өз өмі­рін сақтап қалған. 

– Статистика бойынша ұшақ қа­наттарынан әрі қарай отыр­ған­дар аман қалған жағдай көп. Ұшақ аспанда жарылып, бөлшектеніп кетуі мүмкін. Ол кезде қай жерде отырсаң да аман қалу тек Алланың қолында. Бәрін санға әкеліп отыр­сақ, артқы қатардағы орындар ғана қауіпсіз деуге болмайды. Ұшақтың барлық жерінің қауіпсіздігі қада­ғаланған, – дейді Абыл Кекілбаев. 

Көрер жарығы бар екен

Тарихқа көз жүгіртсек, бүкіл әлемді таңғалдырып, апат­тан аман қалғандар баршылық. Оларды «періштесі қақты», «жолы бол­ды» десек те болады. Атап айт­сақ, 1971 жылдың 24 желтоқ­са­нын­да Перу астанасы Лимадан Пукаль­па қаласына қарай ұшып бара жат­қан LANSA Airlines компания­сының Lockheed L-188 Electra ұша­ғына найзағай тиіп, ол Амазония үстінде бөлшектеніп кетеді. Бұл апат­та 91 адамның 90-ы қаза тапты. Тірі қалған жалғыз жолаушы – не­бәрі 17 жастағы неміс-перу қызы Джу­лианна Кёпке. Джулианна ана­­сымен бірге Рождество мере­ке­сін өткізу үшін әкесінің қасына ба­ра жатқан еді. Ұшақ қатты тур­булентті аймаққа кіргенде, төбеден най­зағай ойнап, кенеттен қуатты жарылыс болады. Қыздың есінде қал­ғаны – қауіпсіздік белдігі тағу­лы күйде, орындығымен бірге 3 шақырым биіктіктен құлағаны. Ол ор­ман жамылғысының қалың жа­пы­рақтары соққыны бәсеңдетіп, өмі­рін сақтап қалғанын кейін білді. Қат­ты жарақат алған Джулиан­на­ның бір көзі ісіп, иығы шығып кет­кен, денесі жаралы еді. Қасында тірі жан қалмағанын түсінген соң, ол ата-анасынан үйренген таби­ғат­та аман қалу дағдыларын еске тү­сір­ді. Әкесі биолог болғандықтан, қыз жасынан джунгли өсімдіктері мен өзеннің бағыты туралы жақсы білетін. Ол апаттан кейінгі он күн бойы жаңбыр суын ішіп, жеміс-жи­дек пен ұсақ өсімдіктермен қо­рек­тенді. Үлкен өзенге қосылатын ша­ғын жылғаны бойлай жүрді. Се­бебі адамдардың қонысы мен қайықтар әдетте су көздерінде бо­ла­ды деп ойлады. Оныншы күні өзен жағасында кішкентай қайық көрді. Онда бензин құйылған ыдыс болады. Джулианна бензинді жара­сына құйып, құрт түскен жерлерді дезинфекциялайды. Ал бірнеше са­ғаттан кейін сол маңда жұмыс істеп жүрген балықшылар оны тауып, ауруханаға жеткізді. Джу­лиан­наның оқиғасы бүкіл әлемді таңғалдырды. Кейін ол Германияда зоолог мамандығын игеріп, таби­ғат­ты қорғау ісіне өмірін арнайды. Оның өмірбаяны When I Fell From the Sky (Аспаннан құлаған сәтімде) атты кітапқа айналды, ал оқиғасы ту­ра­лы деректі фильмдер түсіріл­ген.

13 жастағы француз Байя Ба­кари – 2009 жылы Комор маңын­да­ғы ұшақ апатынан аман қалған жал­ғыз адам. 2009 жылы 30 мау­сым­да Байя анасымен бірге Airbus A310 ұшағымен ата-әжесіне ұшып бара жатқан. Ұшақ қонуға бірнеше ми­нут қалғанда Үнді мұхитына құ­ла­ды. Апат кезінде Байя ұйықтап жат­қан, оның ойынша, ол қандай да бір жолмен иллюминатордан құ­лап кетті. Газеттер оның акула­лары бар Мозамбик бұғазында 12-14 сағаттай болғанын жазды, Байя­ның өзі өмірбаянында ол жерде 9 са­ғаттан артық болмағанын айта­ды. Бакариді балықшы құтқарып, оны Комор ауруханасына апарған. Одан басқа бортта 152 адам болған – еш­кім аман қалған жоқ. Ол жайлы Сти­вен Спилберг фильм түсіргісі кел­ді, бірақ Бакари бас тартқан.

Ал 2015 жылдың 20 қаңтарында Жамбыл облысында Олимп Air ком­паниясының Ан-2 ұшағы ке­нет­­тен апатқа ұшырайды. Ұшақта 7 адам болған: 4 жолаушы және 3 эки­паж мүшесі. Бір қызығы әуеа­па­тынан тек геолог Әсем Шаях­метова ғана тірі қалады. Айтуынша, ұшақ құлағанда қардың астына кө­міліп қалған екен. Соған қара­мастан, күлдің арасынан ұшқыш­тың телефонын тауып құтқару­шы­ларға хабар беріп үлгерген. Ай­­­­да­лада үскірік аязда қатты тоң­ған­дықтан әріптестерінің өлі дене­сін құшақтап жылынып отырыпты. 

Осындай түрлі оқиғаны есті­ген­нен кейін көп адам әуекөлігіне отырудан қорқады. Мұны ғылым ті­лімен «авиафобия» деп атап жүр­міз. Мұндай фобиясы бар адам­дар­да ұшар алдында жүрек қағысы жиі­леп, демі тарылып, қол-аяғы діріл­дейді, ал ойына ұшақ апаты тура­лы бейнелер жиі келеді. Бірақ адам­заттың ұшақтан ешқашан бас тарт­пайтыны анық. Себебі әуеке­ме­сі кезінде жыл он екі айда жете­тін құрлықтардың арасын бірнеше сағатта жалғайды…

Көктем ҚАРҚЫН