Жиында жоба ұйымдастырушылары байқаудың форматы, қатысушылары және халықаралық қазылар алқасының мүшелері жөнінде ақпарат берді. Ірі жобаның бірі болып келетін музыкалық конкурс Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Қытай Медиа корпорациясы (CMG) арасындағы Silk Way Star халықаралық жобасын құру туралы келісім аясында жүзеге асырылды.
Аталған келісімге 2025 жылдың 6 маусымында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Астанаға ресми сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Қытай көшбасшысының қатысуымен қол қойылған еді. Silk Way Star – Ұлы Жібек жолы бойындағы мемлекеттер мен халықтардың мәдени құндылықтарын паш ететін әрі әлемдік музыка индустриясындағы жарқын оқиғаға айналатын музыкалық байқау болмақ. Өйткені биыл алғаш рет эфирге шығатын байқауға 12 елдің өнерпаздары өтінім беріп үлгерген. Jibek Joly/Silk Way телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуғанның айтуынша, өтінім беру уақыты мәресіне таяса да, Вьетнам, Пәкістан, Тайланд сияқты бірқатар елден қатысуға ұсыныс келіп түсуде. Бұл – аталмыш жобаның алдағы уақытта жалғасатынын білдіреді.
– Jibek Joly телеарнасы 3 жылдан бері эфирде жұмыс істеп келе жатыр. Осы уақытта біз үлкен форматтағы жобаларды қолға алмаған едік. Silk Way Star жобасы – алғашқы ірі жоба, биыл күзгі маусымнан бастап эфирге шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл – қазақстандық мамандардың ойлап тапқан жобасы. Мұндағы негізгі акцент – ел ішіндегі өнерпаздар ғана емес, шетелден де өнерпаздардың қатысуы. Бұл біз үшін жаңа тәжірибе. Мұндай ауқымды жобаны ұйымдастыру мен өткізу үлкен еңбекті, тың шешімдер мен көзқарасты талап етеді. Осы орайда біздің шығармашылық топтың креативтілігі, табандылығымен қатар ерекше құлшынысын атап өту керек. Jibek Joly мен CMG медиакорпорациясын біріктіретін осы жобаның жемісті боларына сенім зор. Миллиондаған көрерменімізді тың жаңалықтар және әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын жандардың бір алаңда ұйысқанын тамашалайтын ғажайып сәттер күтіп тұр.Бұл жоба Қытайдың орталық телеарнасында да көрсетіледі. Қазақстандық өнімнің шетелдік телеарнада көрсетілуі – отандық медиа мамандардың еңбегінің жемісі деп білемін. Біздің сапа, біздің дәреже шетелдік көрерменнің көңілінен шығады деген ойдамын, – деді Jibek Joly/Silk Way телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған.
Әлемде Еurovision Song Contest, Turkvision Song Contest сияқты ауқымды вокалдық конкурстар, шоулар өтеді. Алайда Азияда әсіресе, пандемиядан кейін мұндай байқаулар мүлде болмаған. Ұйымдастырушылар Шығыс Азия елдерінен сұраныс өте көп болуын осындай жағдаймен байланыстырды.
Жоба – Қазақстан мен Қытайдың бірлескен өнімі. Сондықтан биыл Қазақстанда өтсе, келесі жылы Қытай елінде өткізу жоспарланған. Жиында сөз сөйлеген Қытай Медиа Корпорациясы (CMG) Еуразия бюросының директоры Ван Бинь Silk Way Star мегажобасын Қытай медиакорпорациясы мен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі арасындағы ынтымақтастық деңгейін айқын көрсететінін айтты. Сондай-ақ ортақ жоба ұзақмерзімді әрі тұрақты боларына сенім білдірді.
– Медиакорпорациямыздың бас директоры Шэнь Хайсюн мырзаның айтуынша, бұл – аса маңызды стратегиялық құжат. Бұл жобаны жүзеге асыру қытайлық және қазақстандық тарап үшін бірегей тәжірибе болмақ. Қытай тарапы жобаны барынша қолдайды. Біз қазірдің өзінде тәжірибелі мамандардан құралған топ құрдық. Олар жыл сайын көктем мерекесіне арналған гала-концерттерді ұйымдастырады, ал бұл концерттерді жыл сайын әлем бойынша шамамен 2 миллиард көрермен тамашалайды. Silk Way Star жобасында да ең үздік орындаушы таңдалады деп сенеміз. Сондай-ақ байқауға қатысатын қытайлық өнерпаз да Димаштың Қытайда жеткен жетістігіндей жоғары деңгейге жетеді деген үміттеміз. Биыл жоба түсірілімдері Қазақстанда өтеді. Барлығы ойдағыдай болады және келесі маусым Қытайда ұйымдастырылады деп жоспарладық. Осы мақсатқа жету үшін бірлесе жұмыс істейміз, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаға қатысушыларды таңдау үшін әр елдегі елшіліктерімен және Мәдениет министрлігімен тығыз қарым-қатынас орнаған. Оның географиясының ауқымы да кең. Яғни, Жібек жолының аумағымен шектелмей, Малайзия, Оңтүстік Корея сынды Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен де қатысушылар келіп бақ сынайды. Jibek Joly/Silk Way телеарнасының басқарушы директорының орынбасары Айнұр Иманғали елдер мен халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға, өркениетаралық диалогті дамытуға бағытталғанын байқау географиясының ауқымды болуымен байланыстырады.
– Silk Way Star – жай ғана вокалдық байқау емес, одан да үлкен, мәні терең мәдени халықаралық жоба. Биыл біз Астанада ежелгі Жібек жолының бойында орналасқан елдердің бай да бірегей мәдени мұрасын паш ететін 12 мемлекеттен өнерпаздарды қарсы аламыз. Астана – Еуразия құрлығының дәл жүрегі. Барлық елден ең дарынды, ең креативті, ең батыл жас орындаушыларды қарсы алады. Бұл тек мәдени диалогті дамыту мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар Астананың заманауи келбетін, ерекше атмосферасын, бай тарихы мен дәстүрін бүкіл әлемге таныстырудың жарқын жолы. Айта кетейік, Silk Way Star байқауы Қазақстандағы әртүрлі медиа платформалардан көрсетіледі. Сонымен қатар шоу халықаралық аудиторияға Silk Way телеарнасы арқылы және байқауға қатысушы елдердің, соның ішінде Қытай, Орталық Азия мемлекеттері, Әзербайжан, Моңғолия және басқа да елдердің аумағында және өз тілдерінде көрсетіледі, – деді Айнұр Иманғали.
Ал музыкалық жобаның техникалық мазмұны жайында Silk Way Star байқауының продюсері, еліміздегі айтулы музыкалық жобалардың ұйымдастырушысы Динара Адам айтты.
– Бүгінгі студиямыз 10 күннен кейін мүлде басқа кейіпке енеді. 700 шаршы метрлік алаңның 560 шаршы метрін LED-экрандар алып жатыр. Шамамен 400 жарық құрылғысы орнатылған. Бұл студияда көптеген жоба түсірдім, ең ірі жобаларда да жабдықтар саны әдетте 200-250 шамасында болатын. Бұл жолы – екі есе көп. Кинетикалық декорациялар, дыбыс, техникалық арнайы эффектілер, жасанды интеллектті қолдану – мұның бәрі аса мұқият болуды талап етеді, – деді продюсер.
Ауқымды байқаудың құрылымы да күрделі. Жобаның бас редакторы Қасымхан Алдаш байқаудың 10 эпизодтан тұратынын тарқатып айтып берді. Алғашқы 9 эпизодта қатысушылар үздік атану үшін бақ сынайды, оларды 12 елден келген халықаралық қазылар алқасы бағалайды.кітілген ережеге сәйкес, әр бағалаушы өз елінің өнерпазын бағаламайды. Әр эпизод белгілі бір тақырыпқа негізделеді. Мәселен, қатысушылар тек өз тілінде емес, қарсыласының тілінде де ән айтуға және қазақстандық поп, танымал әншілермен дуэт болуға міндетті. 10-эпизод – финал. Бұл – тікелей эфир, халықтың да берген дауысы бойынша қорытындыланады. 50 пайыз – қазылар алқасының бағасы, 50 пайыз – 12 елдің көрермендерінің берген дауысы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды қолдау – бұрын-соңды болмаған құбылыс.
Қазылар алқасының құрамында танымал әртістер, композиторлар, продюсерлер мен медиа өкілдері болады. Silk Way Star – азиялық музыканы насихаттау, халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайту және жаңа таланттарға жол ашатын алаң қалыптастыруға бағытталған бірегей жоба әрі әлемдік музыкалық индустриядағы жарқын құбылыс болмақ. Бұл Ұлы Жібек жолы бойындағы елдер мен халықтардың мәдени құндылықтарын паш етеді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, келіп түскен 80 өтінімнің ішінен іріктеліп алынған 12 елдің үздік, танымал әншілері сахнада өнер көрсетеді. Атап айтсақ, Армениядан – Саруар Геворгиян, Әзербайжаннан – Сабина Заде, Грузиядан – Автандил Абесламидзе, Қытайдан – Чжан Хэсюань, Қырғызстаннан – Тамға, Малайзиядан – Язмин Азиз, Моңғолиядан – Мищель Джозеф, Тәжікстаннан – Фахриддин Хакимов, Түрікменстаннан – Давран Шаммыев, Өзбекстаннан – Мадинабону Адылова, Оңтүстік Кореядан KANDIS тобы қатысса, еліміздің атынан бақ сынайтын поп-жұлдыз – ALEM.
Байқауға қатысушылар әр елдің мәдениетіне тән музыкалық стильдердің алуандығын, дәстүрлердің, әуендер мен орындау мәнерінің ерекшелігін көрсетеді. Музыкалық сайыстың түсірілімі 20 тамызда басталады.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ