in

Жастардың жасампаз рухы

Мереке Жақсылық Үшкем­піровтің аңызға айналған жеңісін бейнелеген театрландырылған қойылыммен ашылды. Одан ке­йін спорт ардагерлері, жаттық­тырушылар және денешынықтыру мен спорт саласының мамандары марапатталды.

Облыс әкімі Марат Сұлтан­ғазиев спортшылардың жетіс­тіктері жүйелі қолдаудың нәтижесі екенін атап өтті: «Спорт – ұлт ру­хын көтеретін күш. Өңірде спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жоғары нәти­же­лерге қол жеткізген спортшылар ай сайынғы стипендия алады, ал енді «Алатау» клубы жұмысының арқасында қосымша төлемдер де беріледі. Сонымен қатар спорт саласының мамандары мен үздік спортшылар Отбасы банк арқылы жеңілдетілген ипотекалық несие рәсімдей алады. «Алатау жастары» өңірлік ипотекалық бағдарламасы арқылы 100 жас отбасы өз бас­па­насына ие болды. 2025 жылдан бас­тап бұл бағдарлама «Алатау» ата­уымен жаңартылып, жастар үшін арнайы квота бөлінді. Бұл – олардың еңбегіне берілген лайық­ты баға әрі жаңа жеңістерге ынта­ландыру», – деді өңір басшысы. 

Соңғы жылдар өңір үшін жар­қын жетістіктерге толы болды: Париж Олимпиадасында Демеу Жадраевтың күміс медалі, Хар­бинде өткен қысқы Азия ойында­рында Асет Дүйсеновтің жүлделе­рі, сондай-ақ боксшылар мен ауыр атлеттердің Азия және әлем чемпионаттарындағы алтын же­ңістері. Бұқаралық спорт та қар­қынды дамуда. 2024 жылдан бері «Алатау лигасы» аясында ауылдық округтерде 140 клуб ашылып, футбол, баскетбол, волейбол және үстел теннисі бойынша 318 ко­манда құрылды. Жоба жаңа жұл­дыздарды анықтап, мыңдаған тұрғынды салауатты өмір салтына баулып келеді.

Салтанатты шараға арнайы әлеуметтік қызметтерді қажет ете­тін балаларға арналған облыстық қолдау орталығының тәрбие­ле­ну­шілері де қатысты. Олар үшін бел­гілі спортшылармен кездесу ерек­ше оқиға болды – балалар қуана тілдесіп, суретке түсіп, көр­генде­рінен әсерлі эмоция­ларын бөлісті.

Конаевтағы мерекелік кеш өңірде спорттың кәсіби және бұқаралық деңгейде бірдей дамып келе жатқанын тағы бір дәлелдеді. Ол жастарды шабыттандырып, тұрғындарды мықты, белсенді және салауатты болуға ортақ мақ­сат төңірегінде біріктіріп отыр. 

Алматы облысында 35 жасқа дейінгі шамамен 430 мың жас тұ­ра­ды, олардың 80%-дан астамы – ауылдық жерде, 136 ауылдық округ­те. Ауылдарда жастармен жастар ісі жөніндегі нұсқаушылар жұмыс істейді – олар мемлекеттік саясатты ауыл деңгейінде жүзеге асыратын негізгі буын.

Өңірде алғаш рет үздік маман­дарды анықтап, ынталандыруға бағытталған Umtylys байқауы өтті. Іріктеу кезеңінен кейін 44 қаты­сушы финалға жолдама алды, олардың арасынан комиссия 8 жеңімпазды анықтады. Меценат­тардың қолдауына ие болған олар­дың жобалары жыл соңына дейін жүзеге асырылады. Же­ңім­паздарға салтанатты жағдайда қаржылай сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. 

Облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев белсенді жас­тардың өңірдегі жастар ортасын дамытуға және әлеуметтік капи­талды нығайтуға қосып жатқан үлесін атап өтті.

«Өңірімізде бірқатар маңызды бағдарлама сәтті іске асырылып жатыр: жас мамандарға арналған «Алатау жастары» жеңілдетілген ипотекасы, ғылым, мәдениет, спорт және инновация саласын­дағы жобаларға арналған «Тәуел­сіздік ұрпақтары» және «Заңғар» гранттары, сондай-ақ ауыл жас­тарына төмен пайыздық мөлшер­ле­мемен несие беретін «Ауыл аманаты» бағдарламаларының нәтижелі болғанын ерекшелеп айтуға болады», – деп атап өтті Қуат Байғожаев.

Жастар инфрақұрылымы да дамып келеді: Қонаев қаласында, Кеген, Райымбек және Балқаш аудандарында жаңа жастар ре­сурс­тық орталықтары ашылды, жыл соңына дейін мұндай орта­лық Қарасай ауданында да іске қосы­лады. Бұл алаңдар белсенді жас­тар үшін оқуға, дамуға және өз идея­ларын жүзеге асыруға мүм­­кі­н­дік беретін орталыққа айналды.

Айта кетейік, облыста Жастар күні 10 тамызда – Абай күні бас­талды. Ұлы ақынның 180 жылды­ғына орай шығармашылық кеш­тер, спорттық шаралар, зияткерлік ойындар мен челлендждер, сон­дай-ақ «Ізгі істер марафоны» және «Таза Қазақстан» аясында қа­йырымдылық және экологиялық акциялар өтті. Балқаш, Жамбыл, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудан­дарында белсенділерді марапаттау рәсімімен өтетін фестивальдар ұйымдастырылады. Мерекенің шарықтау шегі – танымал қазақ­стандық орындаушылар қаты­сатын Aspan Fest ашық аспан ас­тындағы концерті болмақ. Жастар күні аясында өңірде 50-ден астам іс-шара – спорттық турнирлерден бастап, тренингтер мен қайырым­дылық акцияларына дейін өтеді. Оларға 50 мыңнан астам қатысу­шы жиналады. Мақсат – талантты әрі бастамашыл жастарды қолдау, көшбасшылық пен волонтерлікті дамыту.

Алматы облысында жастармен өзара іс-қимылдың жаңа моделін қалыптастыру бойынша жүйелі әрі бірізді жұмыс жүргізілуде. Не­г­ізгі басымдық – жастардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасау, ин­фра­құрылымды дамыту, жастар бас­тамалары мен жобаларын қол­дау, сондай-ақ маңызды әлеу­мет­тік мәселелерді шешу: жұмыс­пен қамтуға жәрдемдесу, тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру, NEET санатындағы жастарды тар­ту, кәсіпкерлік пен волонтер­лік­ті дамыту.

Облыстың әкімшілік рефор­маларынан кейін жастар саясаты мәселелері басқармасы аймақ жастарын қолдайтын тиімді экожүйе құру бойынша белсенді шаралар қабылдауда. 2024 жыл­дың басынан бері Қонаев қала­сында, Кеген, Райымбек және Бал­қаш аудандарында заманауи жастарға арналған коворкинг-орталықтар ашылды. Жыл соңына дейін 85 мыңнан астам жас тұратын Қарасай ауданында да осындай орталық іске қосылады. 

Қонаев қаласындағы орталық­тың маңызы ерекше – бұл жаңа облыс орталығында пилоттық жо­балар іске асырылатын алаңға айналды. Мұнда облыстық Жас­тар ресурстық орталығы орналас­қан, ол жастар саясатын үйлесті­ретін орталыққа айналды. Аш­ыл­ған күннен бері орталыққа 12 мыңнан астам адам келіп, күніне 30-40 жас тұрақты түрде қатысуда. 

NEET санатындағы (оқы­майтын, жұмыс істемейтін және кә­сіптік даярлықтан өтпейтін) жас­тармен де жүйелі жұмыс атқа­­рылуда. 2025 жылдың ІІ тоқсаны­ның қорытындысы бойынша NEET-жастар үлесі 6,2%-ға (27 459 адам) дейін төмендеді – бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7% немесе 5925 адамға аз. Мә­селені жүйелі шешу үшін облыс­тық штаб құрылып, NEET-жас­тардың цифрлық картасы жа­сал­ды, әр аудан мен округке нақ­ты KPI және кешенді жос­парлар белгіленді. Басымдық – жастар көп шоғырланған қала маңы аудандарға берілуде. Нәти­желі жобалардың бірі – базарларда еңбек келісімшартынсыз жұмыс істейтін бейресми жастарды тар­туға бағытталған «Мүмкіндіктер керуені». 22 сауда нүктесіне пай­далы ақпаратпен QR-кодтар орнатылып, 578 жас кеңес алып, 112-сі ресми еңбек шартын жа­сас­ты. Маңызды бағыттардың бірі – «Жасыл ел» бағдарламасы. Соңғы үш жылда 3 мыңнан астам жас уақытша жұмыспен қамтылды, оның 2 мыңнан астамы – ауыл жас­тары. 2025 жылы тағы 1000-нан астам жасты еңбекке тарту көзделуде.

2025 жылдың алғашқы жар­тыжылдығында Алматы облысы республикалық «Ізгі істер» мара­фонында 1-орынға ие болды. Бү­гінде өңірде аудандар мен шалғай округтерді қоса алғанда, 10 жастар ресурстық орталығы жұмыс істей­ді. Ауылдық жерлерде 136 әдіскер-нұсқаушы жастар саясатын іске асырумен айналысып, бірыңғай стандартты енгізуге және жоба­ларды үйлестіруге көмектесуде. Алматы облысы жастар саясатын дамытуда жүйелі тәсілді ұстанып, қолжетімділік, тиімділік және бел­сенділік қағидаттарына сүйе­неді. Барлық қабылданған шара­лар өңір мен ел болашағының негізі бо­латын білімді, бәсекеге қа­білетті және белсенді жас ұр­пақ­ты қалып­тастыруға бағытталған.

Асыл ТҰМАР