Astana Polytechnic – білім мен өндірісті ұштастырған заманауи орталық. Колледждің басты ерекшеліктерінің бірі – әлемдік деңгейдегі серіктестік. Мұнда TP-Link, GROHE, FESTO, Knauf, Технониколь, ALINA, 1С және Cisco компанияларының жабдықтарымен жабдықталған ресурстық орталықтар жұмыс істейді. Студенттер IT, құрылыс және сервис салалары бойынша халықаралық сертификаттарға ие болып, оқу барысында 7-ге дейін кәсіби құжат алу мүмкіндігіне ие.
Сонымен қатар дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Жастар ірі кәсіпорындарда тәжірибе жинап, еңбек нарығында сұранысқа ие маман ретінде қалыптасады. Колледж қабырғасынан талай WorldSkills чемпиондары да шыққан.
Astana Polytechnic колледжі қазір біршама жетістікке жетіп елімізде үздік колледждердің қатарына кіріп отыр. Атап айтсақ, бұл колледж Қазақстан колледждерінің ТОП-10 қатарына енген; 11 мамандық бойынша 2 000-нан астам студентті қамтиды; 7 заманауи ресурстық орталық жұмыс істейді; 10-нан астам халықаралық білім беру жобаларын жүзеге асыруда және WorldSkills чемпионаттарында үздік нәтиже көрсетіп, жетекші компаниялардан тұрақты ұсыныстар алып отыр.
Колледждің материалдық-техникалық базасы мен оқу бағдарламалары еңбек нарығы талаптарына сай жыл сайын жаңартылып отырады.
– Біздің колледждің 30 жылдық тарихы бар. Қазір 2 000-нан астам студентіміз 11 мамандық бойынша білім алуда. Оқыту дуальды негізде жүргізіледі: 40 пайыз теория болса, 60 пайызы әлеуметтік серіктестердің базасында практикалық оқудан тұрады. Осы тәжірибеден кейін студенттер сол кәсіпорындарда бірден жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Бізде құрылыс мамандығы бойынша BI Group, SAT&S, интерьер дизайны саласында «Атамекен» мемориалдық саябағы, қонақүй бизнесі бойынша – Hilton, St. Regis, Rixos, Radisson сынды серіктестеріміз бар. Ал техникалық қызмет көрсету мен жөндеу саласында Toyota-center, Hyundai-premium-center, Autoland, Astek Auto сияқты компанияларда студенттеріміз тәжірибеден өтеді.
Сондай-ақ бізде GROHE, Technonicol, FESTO, 1С, Alina және Cisco секілді ресурстық орталықтар жұмыс істейді. Бұл орталықтар халықаралық сертификаттар беруге мүмкіндік береді. Жақында студенттеріміз Certiport емтиханын тапсырып, халықаралық деңгейде мойындалған құжаттарға ие болды. Бүгінде түлектеріміздің 90 пайызы мамандығы бойынша жұмысқа орналасып отыр, – дейді колледж директорының орынбасары Сәния Нағметқанқызы.
Теория мен практика ұштасқан мекен
Колледждің өндірістік оқыту шебері Әділбек Әшімұлы студенттердің көлік құрастыру, зерттеуіне толықтай жауап береді. Олардың басты міндеті автомобильді кезең-кезеңімен жіті бақылаудан өткізіп, студенттердің қабілетін шыңдау көрінеді.
– Оқу барысында қозғалтқышты бөлшектеу және қайта жинау, компьютерлік диагностика сынды тәжірибелік жаттығулар жүргіземіз. Қазір мамандыққа байланысты 4-5 оқу кабинеті бар: қозғалтқышты бөлшектеу және жинау, диагностика, тағы басқа. Сонымен бірге теориялық пәндерге арналған кабинеттер де жеткілікті. Студенттеріміз тек колледж аясында емес, әртүрлі орталықта тәжірибеден өтеді. Мысалы, Allur Auto, Астек Авто, автобаза сияқты мекемелермен әріптестік орнатылған. Дуальды дайындық аясында жастарымыз көп жаттығады, кейін сол компанияларда жұмысқа қалады. Өзімнің шәкірттерім қазір Hyundai центрде директор, техникалық директор болып қызмет атқарып жүр, – дейді Әділбек Әшімұлы.
Оның сөзінше, түлектердің көбі теориялық білімді тәжірибемен ұштастыра отырып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарға айналған. «Қазірдің өзінде шәкірттеріміздің бірқатары жетекші қызметтерде жүр. Бұл – біздің еңбегіміздің нәтижесі», – дейді ол.
– Сондай-ақ біз WorldSkills бағдарламасына қатысып келеміз. Қозғалтқыш пен редукторға техникалық қызмет көрсету, кузов жұмыстары бойынша да жігіттеріміз жақсы нәтижелерге жетіп жүр.
Біздің оқыту жүйеміз шамамен 30% теория мен 70% тәжірибеден тұрады. Алғашқы курста жалпы мектеп пәндері оқытылса, кейін арнайы пәндерге көшеміз. Арнайы білім алған соң студенттер моторларды бөлшектеп-жинауды, диагностика жасауды меңгереді. Қазір жаңа бағыттарға да назар аударып отырмыз. Мысалы, электромобильдер. Колледжімізге арнайы Nissan Leaf көлігі алынды. Жастар оны тәжірибеде қолданып, электромобиль құрылысын түсінуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар Allur Auto компаниясымен және электроавтобустар паркімен жұмыс істейміз. Біздің студенттер сол жерде де практикалық дайындықтан өтіп, кейін жұмысқа орналасады, – дейді оқытушы.
Astana Polytechnic колледжіндегі директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Керимов Самир Перевичтың айтуынша, бүгінгі студенттер тек теориямен шектелмей, өндірістік процестерді нөлден бастап үйреніп жүр.
Біз кез келген өнімге каскадпен тапсырыс бергенді ұнатамыз. Мысалы, қосымша арқылы қымыз өндіруге тапсырыс беруге болады. Қолданбаға кіріп, қажетті өнімді таңдаймыз. Қымыздың қызыл, қара және күміс түрлері бар. Тапсырыс берілген соң, жүйе автоматты түрде қажетті бөтелкені таңдайды, қақпағын жабады және дайын өнімді жеткізуге жібереді. Мұның бәрі адамның араласуынсыз іске асады. Бұл тәсіл кез келген салада қолданылуы мүмкін: цемент қаптау, азық-түлік өндірісі, тіпті автокөлік бөлшектерін жасау. Ең бастысы технологиялық тізбекті қалай құрастыруды меңгеру.
Оқу орнына түсу үшін техникалық сауаттылық артық етпейді. Дегенмен бастысы – үйренуге деген ынта. «Барлығы нөлден басталады. Біз қажетті дағдыларды үйретеміз. Тек студент компьютермен аздап таныс болса жеткілікті. Өйткені бүгінде бағдарламалаусыз ешбір мамандық жоқ», – дейді ол.
Болашақ жастардың қолында
Astana Polytechnic колледжінде көптеген қызықты мамандық бар. Солардың бірі автомеханик мамандығы. Еңбек нарығында өлмейтін, жақсы бағаланатын осы мамандықта Рахметолла Ерасыл өз білімін шыңдап жатыр. Қазір ол көлікке техникалық қызмет көрсету және жөндеу мамандығы бойынша үшінші курста оқып жүр. Ерасыл бүгінде Hyundai Premium Astana компаниясында тағылымдамадан өтіп жатыр. Айтуынша, оқуда алған білімнің барлығы тәжірибеде толық қолданысқа ие.
– Біз қозғалтқыштарды, редукторларды бөлшектеп, қайта құрастырамыз. Ал білмегенімізді тәжірибе барысында үйренеміз. Ол жерде бізге бәрін жан-жақты түсіндіріп, көрсетеді. Маған қозғалтқыштар мен редукторларды бөлшектеу ұнайды. Осы салаға бала кезден әуеспін. Арманым да автомеханик болу еді. Қазір сол арманым орындалып жатыр, – дейді Ерасыл.
Колледждегі зертханалар да студенттердің кәсіби даярлығын арттыруға мүмкіндік береді. Мұнда электроника, іштен жанатын қозғалтқыштар, дизельдік және бензин қозғалтқыштары, сақтандырғыш блоктары, фаралар, қауіпсіздік жастықтары мен шасси бар. Осындай тәжірибелік база болашақ мамандарды нақты өндірістік жағдайға дайындайды.
– Біз алдымен оқу орнымыздағы шеберханада мотор қозғалтқыштарымен, түрлі датчик пен құрылғының жұмыс істеу принципін үйренеміз. Әр бөлшекті толықтай меңгеріп, оның ақауларын анықтауды да тәжірибеде көреміз. Яғни, тек теория емес, іс жүзінде қолмен істеп көреміз. Белгілі бір нәтижеге жеткеннен кейін ғана бізді автоорталықтарға жіберіп, ондағы мамандардың қасында үйренуге мүмкіндік береді. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе әрі болашақта жұмысқа тұрған кезде дайындық ретінде маңызды, – дейді автокөлікке техникалық қызмет көрсету мамандығының 3-курс студенті Рустамбеков Нұрлыбек.
Қорыта келгенде, колледж ұсынып отырған мамандықтардан ертеңгі күннің болашағын жасайтын мықты мамандар шығатынына кәміл сенеміз. Бүгінде бағдарламалау, автокөлікке техникалық қызмет көрсету, заманауи құрылғыларды меңгеру сияқты бағыттар кез келген салада аса қажет. Сондықтан білім ордасы тек кәсіби дағды беріп қана қоймай, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлайтын маңызды мекеме болып отыр.
Әсет ҚАЛИ