in

Израиль Йемен астанасында хуситтердің әскери нысандарына соққы жасады

Израиль Йеменнің астанасы Сана қаласында хуситтерге тиесілі әскери инфрақұрылымға әуе соққысын жасағанын хабарлады. CNN мәліметінше, шабуыл президенттік сарай орналасқан «әскери нысанды», сондай-ақ Асар мен Хизаз электр станцияларын және жанармай қоймасын қамтыды.

Израиль армиясы бұл объектілерді хуситтер «әскери мақсатта пайдаланып келгенін» мәлімдеді. Израиль тарабының айтуынша, соққы хуситтердің соңғы күндері Израиль аумағына бағыттаған зымыран және ұшқышсыз аппараттық шабуылдарына жауап ретінде жасалған.

Хуситтерге жақын Al-Massirah телеарнасы алдын ала деректер бойынша екі адамның қаза тауып, бесеуінің жараланғанын хабарлады. БАҚ мәліметінше, қаза болғандар жанармай құю станциясында болған. Сонымен қатар, хуситтік ақпарат құралдары бір апта бұрын бомбалауға ұшыраған электр станциясына тағы да соққы жасалғанын жеткізді. AFP агенттігіне сөйлеген дереккөздің айтуынша, нысаналардың бірі – Сананың орталығындағы муниципалдық қауіпсіздік қызметінің ғимараты болған.