Ал қазір көрермендер қазақ киносының әр премьерасын асыға күтеді. Кинотеатрларға жиналған жұрттың ұзын-сонар кезегі – соның дәлелі. Себебі әр адам өз елінің тарихын, тағдырын, тілі мен болмысын экраннан көргісі келеді. Жалпы, қазақ киносы халықты біріктіретін қуатты мәдени күшке айнала алды ма? Қай фильмдер киносыншылардың оң пікіріне ие?
Былтыр кинонарыққа 100 фильм қосылған
Соңғы бес жылда қазақстандық көрерменнің киноға деген көзқарасы өзгерді. Қазір олар тек жеңіл комедияға емес, сапалы драма мен әлеуметтік маңызы бар фильмдерге де қызығушылық танытады. Отандық киноның жаңа серпінге ие болуына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Оның бірі, мемлекеттік қолдаудың жыл сайын артуы болса, екіншісі – жеке продюсерлік компаниялардың белсенділігі. Кинотанушы Баубек Нөгербектің айтуынша, қазақ киносының әр жанрда дамығаны жақсы. Комедияның да түр-түрі бар. Мысалы, «Асыққан сағат» фильмі комедия мен фантазияны ұштастыра білген. Бұл фильм адамдардың уақытты бағаламайтынын көрсетеді. Көрерменді көп тартатын, қызықтыратын жанрдың бірі – хоррор. Оған мысал, «Дәстүр» фильмі. Бүкіл жанрлар қамтылса, ол қазақ киносының жетілгенін көрсетеді. «Ақтастағы Ахико» фильмі де шынайы оқиға негізінде түсірілген тарихи фильм. 2024 жылы отандық нарыққа 100 жаңа фильм қосылыпты. Бұл – тарихта болмаған үлкен көрсеткіш. Басым көпшілігін жекеменшік киностудьялар түсірген. Бұрын кинотеатрларда қазақша кинолар аз еді. Ал қазір басым бөлігі – отандық туындылар. Мұның өзі үлкен жетістік.
– Экранға шыққан фильмдерден Кенжебек Шайқақовтың «Айқай», Мұрат Есжанның «Оян, Қазақ» фильмдерін атап өткім келеді. Екеуі де қазақтың өткен тарихы жайлы. «Айқай» 1989 жылдары Семей полигоны жабылу қарсаңындағы бір отбасының өмірін көрсетеді. Басты рөлдегі актер – кинода да, өмірде де ерекше қажеттілігі бар адам. Кино қазақтың жанайқайын, экологияға тигізген зардаптың кесірін көрсетеді. Сонымен қатар әлеуметтік мәселелерді де ұштастыра білген. Бұл фильм өз нарығымызда жоғары рейтинг көрсетпесе де, шетелдік байқаулардан бірнеше жүлде алды. Оған маркетингтің әлсіз болғаны да әсер етті. Ал «Оян, қазақ» фильмінің жарнамасы жақсы жүргізілді. Сериалдардан алынған, толықметрлі фильм болса да, кинотеатрда халықтың сұранысына ие болды. Киноның қазақ мәдениетіне, тарихына қосар үлесі зор, – дейді Баубек Нөгербек.
Кинотанушы «Алаш» тақырыбы әлі де ақтаңдақтарға толы, әлі де зерттеуді қажет ететінін айтты. Көрерменге беймәлім тарихты экран арқылы насихаттау ұтымды. Көркемдік жағынан алып қарасақ та, екі фильм жоғары деңгейде жасалған. Қазақстан киносыншылар қауымдастығы да екі фильмге арнайы жүлде берді.
Әлем назарындағы – қазақ киносы
Қазақ киносы тек ішкі нарықта ғана емес, әлемдік деңгейде де мойындалып келеді. Бұған халықаралық кинофестивальдерде жүлде алып жүрген жас режиссерлер мен олардың ерекше туындылары дәлел. Атап айтсақ, Фархат Шәріповтің «Тренинг личностного роста» фильмі 2019 жылы Мәскеу кинофестивалінде Гран-при ұтып алды. Ал режиссер Әділхан Ержанов – Канн, Венеция, Карловы Вары фестивальдерінің тұрақты қонағы.
– Соңғы жылдары қазақ кино өнерінің қарыштап дамып, экранда көрінетін туындылардың саны артқаны айқын. Отандық фильмдеріміздің ортасынан, ұлттық құндылықтарымыздың өзгерістерін терең философиялық оймен саралап, көрерменге экран арқылы терең мағыналы сұрақтар қойып, көркемдік биігімен ерекшеленетін, жанымызға әсер ететін бірлі-екілі ғана туындыны атауға болады. Шынайы өнер туындылары көрерменнің жан дүниесін тербеп, оны жаңа ойларға жетелеуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, көңілді аулап, сананы оятуға бағытталған, жүрекке терең әсер қалдыратын фильмдер қатарында Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын», Дәулетжан Махмұттың «Глобус» және Асхат Кучинчерековтің «Бауырына салу» сынды фильмдері еске түседі, – дейді киносыншы Дана Әмірбекова.
Оның пікірінше, Дәрежан Өмірбаевтың «Ақыны» – капиталистік қоғамның қысымына қарсы тұрып, рухани құндылықтарын сақтауға тырысқан, өнерін сатудан бас тартқан кейіпкермен таныстырады. Ол үшін материалдық пайдадан жоғары тұратын руханияттың ығыстырылуы – түсініксіз әлем. Фильм сонымен қатар технологияның қарқынды дамуының тілімізге тигізіп жатқан ықпалын, жасанды интеллектінің шығармашылықты төмендетіп, өнер иелерін қажетсіз етіп бара жатқандығын ашық айтады. Бұл туынды тек сөз өнерінің шеберлеріне ғана емес, жалпы кез келген шынайы өнер адамына – режиссерге, жазушыға, күйшіге қатысты.
– Дәулетжан Махмұттың «Глобус» фильмі – кедейшіліктің қасіреті мен таршылықтың тауқыметіне терең үңіліп, қоғамды жайлаған жемқорлықтың залалын батыл бейнелейтін туынды. Фильмде ақша үшін туған бауырлардың да бір-бірінен алшақтап, тіршілік үшін күрескен жасөспірімнің тағдыры арқылы заманауи қоғамның күрделі мәселелері көтеріледі. Асхат Кучинчерековтің «Бауырына салу» фильмі – бұл бізге ата-бабамыздан мирас болып қалған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлеріміздің бүгінгі заман ағымымен үйлесімділігін саралап, оларға сыни көзбен қарауға, тіпті заман талабына сай қайта қарастыруға шақыратын терең философиялық сауалдар тастайтын туынды. Бұл фильм сөзсіз, көрерменнің жан-тәнін тербеп, оны терең ойға жетелейді, – дейді Д.Әмірбекова.
Катастрофа жайлы алғашқы фильм
Қазақ киносы тек бір бағытта ғана түсірілмей, әр жанрды қамтуға тырысып жүр. Бұл әрине, шығармашылық топтың ізденісінің арқасында жүзеге асуда. Айталық, 4 қыркүйек күні прокатқа шығатын режиссер Думан Еркінбектің «Қайтадан» фильмі – елімізде түсірілген алғашқы катастрофалық кино. Әлем кинематографиясында кең таралған бұл жанр Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отыр.
– Фильмнің идеясы маған 2020 жылы келді. Сол жылы Алматы облысындағы Күрті ауылында бір түсірілімде жүргенбіз. Сол ауылдың шетінде үлкен дамбыны көріп, «егер жарылып кетер болса, ауылдың түгі қалмайды ғой» деген ой келді. Ақыры, осы идеяны дамыта келе, «Қайтаданның» сценарийін жазып шықтық, – дейді Думан Еркінбек.
Фильм «Қайтадан» аталуының өз себебі бар. Бұл сөздің астарында «адамзат өз қателігінен сабақ ала ма әлде сол қатені қайта-қайта жасай ма?» деген терең философия жатыр. Режиссердің айтуынша, уақытында шешілмеген мәселе міндетті түрде қайталанады. Сондықтан «Қайтадан» – тек табиғи апат жайлы емес, қоғамға жасалған ескерту.
– Бұл фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау Мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді. Кино түсіру – шығыны мен машақаты көп жұмыс. Әсіресе, судың графикасын жасау бізге қиынға соқты. Бұл – киноиндустриясы енді дами бастаған, бізді былай қойғанда, Голливудтың өзі қиналатын іс. Мәселен, атақты Джеймс Кэмерон өзінің «Аватар. Су жолы» фильмінде мінсіз графика жасау үшін жүздеген миллион доллардан асатын қаржы мен ондаған жыл жұмсаған. Өкінішке қарай, бізде ондай қаржы мен уақыт болған жоқ. Сондықтан жеке пәтерімді сатып, қаржысын осы фильмге салуыма тура келді, – дейді жоба продюсері Жалын Тілеуберген.
«Қайтадан» фильмі – қазақ киносының жанрлық тұрғыдан жаңа белеске шыққанын көрсететін еңбек. Ол тек көрерменді қызықтырып қана қоймай, ойландырады, қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аудартады. Ендеше тарихи сәттің куәгері болу үшін 4 қыркүйекте «Қайтаданды» тамашалауға барыңыз!
Көктем ҚАРҚЫН