in

Оқулық ұлтқа қызмет етеді

Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде айт­ылған бұл сөздің мәні – қазіргі кезеңдегі жаңа технологияның даму үрдісін, білім-ғылым ісін, оның басым бағыттарын, сапалық қыры мен оны оқып үйрету жолдарына ден қойып, кең түрде маңыз беруге саяды. Бұл ретте сөз жоқ қазіргі кезеңнің бағыт-бағдарын айқындайтын, ұлттық-руханияттық мәні мол Һәм өмір танытқыштық қызметі зор – оқу құралы мен оқулықтардың алатын орны айрықша.

Оқулық – ұлттың бағдары, рух­анияттың асыл өзегі. Оқулық  ұлтқа қызмет етеді, сауаттылықты жүзеге асырып, саналылыққа кең жол ашып, ұрпаққа ұлағат дәнін егеді. Оқу-ағарту бағытында – білім стандарты, оқу бағдарламасы басты көрсеткіштер қатарына жа­тады. Осының негізінде тақы­рып­тық бағыттағы әдістемеліктер, оқу құралы мен оқулықтар жазы­ла­ды. Білім мазмұны мен сапасы, автор ұстанымы мен жауапкер­ші­лік жүгі де терең танылады. Осы орайда еске алсақ, бастапқы тұс­та – Бағдарламаны Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы дай­ын­дайды. «Оқулық» орталығы оны таратып, мектептерге талқы­лау­ға жібереді. Арнаулы министр­ліктен бекітіледі. Бұған дейін, әри­не Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практи­ка­лық білім мазмұнын сараптау орталығының бағалау өлшемдері назарға алынып, тақырыптық ту­ын­ды әр алуан арна, басым бағыт­тар бойынша жіті жүйеленіп, зерт­теп-зерделеу, талдап-тексеру, салыстыру сынды бірқатар бақыл­аулар мен сүзгіден өтеді. Атауы мен бағыты, тақырыптық ерекше­лік­теріне қарай әр алуан баспа­лар­дан жарық көреді. Ақиқатында, оқулық көп… Олар – негізінен мектепке дейінгі мекеме, мектеп жүйесі мен жоғары оқу орындары­на арналған оқу құралдары мен оқулықтар.

Оқу құралы балабақшадан басталады

Ұлт құрамының жас өскін­дері – балабақшадағы бүлдіршін-жеткіншектерге көп көңіл бөліп, арнаулы әдебиет, оқу-үйрету құ­рал­дарымен қамтамасыз ету – болашаққа қалтқысыз қызметтің құрамдас бөлігі. Алайда балабақ­шадағы балалар табиғи өсіп-жетіл­генімен, таным­дық-тілдік тұрғыдан жан-жақты дамыма­ға­нын, талап деңгейінен тым төмен екенін жасыру қиын. Отбасында немесе даладағы жүр­іс-тұрысы­нан, әрекет-қимылы­нан, сөзі мен ісіндегі үйлесімсіз­дік­тен, смарт­фонға тәуелділіктен, өзге тілде «жүйрік» те, ана тіліне келгенде мақау-мылқау кейпіне оп-оңай енуі – ел мүддесін жоққа шығар­ып, ұлт болашағына көлең­ке түсіреді. Ұлттық тәлім-тәрбие­ге, отан мен отбасы құндылық­тары­на бұрынғыдан бетер басым­дық беру қажеттілігін сәт сай­ын еске сала­ды. Абай айтқан ақи­қат осыған саяды: «…Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбие­сінде, ақыл­ын­да, өнер-білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады…».

Ұлттық оқулықтың қажетті­лігі, ана тілі мен тәлім-тәрбиенің ал­ғашқы кезекте орын алаты­нын – өмір, уақыт шындыққа шығарып тұрғаны анық. Мектепке дейінгі мекеме (балабақша) санын арттырып, ұлттық бағытты ұстан­ған тәлім-тәрбие өзегін алға шы­ғарып, көргені көп, тәжірибесі мол тәрбиешілердің үздіктерін анықтап, авторлық құқық беріп, танымдық-тілдік бағыттағы оқу-әдістемелік құралдарын, суретті кітапшалар жиынтығын (дайын­дап, құрастырып),  көптеп шығар­ған жөн.

Ақиқатында, мектепке дейінгі мекемелер – бала тәрбиесінде әке-шешесіне көмек етіп, үйден біліп-көргенін әр алуан бағыттар­да дамытып, ақыл-ойын жетіл­дір­іп, дүние дидарына, еңбек бол­мы­сына, өмірге құштарлығын еселеп арттырғаны жөн. Қимыл-қозғал­ыс­тарынан бастап, ұлттық дәстүр мен ана тілін жетік меңге­ріп, орта бі­лімнің қазыналы орда­сы – мек­теп жүйесіне еркін енгені барша­мыз үшін мерейлі мәртебе екені анық. 

Құнды оқулық – ұлт мерейі

Орта білімнің басты құралы – оқулық. Оның негізгі қызметі – жас ұрпақты білім нәрімен сусын­датып, кемел келешекке батыл қадам жасатады. Ұлттың басым бағыттарын, яки дәстүр мен дү­ниетаным, білім-ғылым ісі, тарих пен таным, тәлім-тәрбие арналар­ын әр алуын сабақтардың түйінді тұс­тарымен бекітіп, асыл арна­лары айқындалып, нәрлі өзегін көрсетеді. Нәтижесінде, ұлттың жа­ңа болмысын қалыптастыруға, санаға өзгеріс енгізуге әсер ықпал етеді. Адалдық, әділеттілік, бірлік, бірегейлік, достық, мейірім сынды құндылықтар жүйесіне кең жол ашылады. 

Арғы арналарда, атап айтқанда әл-Фараби, Қ.А.Ясауи, Ш.Уәли­ханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнан­байұлы т.б. білім-ғылым ісін – белесті биікке көтерді. ХХ ғ.б. ұлт элитасы, қайраткер-қаламгерлер (Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Ай­мауытұлы, М.Әуезов, С.Сей­фул­лин, С.Мұқанов, М.Шоқай, Т.Рыс­құлов, С.Сәдуақасов т.т.) ел­дік мәселелерге (мысалы, оқу-ағарту, білім-ғылым, мәдени-рухани арналар мен діл-дін, та­рих-таным  салаларына) жіті ден қойды. Әр алуан білім-ғылым салаларына еркін барып, соның жауапты, шынайы адамы ретінде ерен еңбек етті. Қоғамға, ел-жерге қажетті маңызды мәсе­лелермен айналысты. Оқу-ағарту ісіне, мәдени-рухани арналарға батыл барып, ұстаздық-ғалымдық қырларымен кеңінен көрінді. Оқу құралы мен оқулықтар жазды. 

Ал қазір отандық оқулықтар қалай жазылып жүр? Оқулықты кімдер жазуға тиіс? Оқулық – ұлт пен ұрпаққа қызмет етіп, қымбат қазынаға айналу үшін не істеу керек? Оқулықтың басты мұраты мен мәні, қызметі не?

Біздіңше, Отандық оқулықта ұлттық мұрат, елдік мүдде алдыға шығады. Ұлт тарихының арғы-бер­гі кезеңдері, танымал тұлғалар­дың тағдыры мен тағылымы, қоз­­ғалыс-көтерілістердің шын­айы шындығы, империялық-от­ар­шыл­дық һәм әкімшіл-әміршіл жүйенің түп-төркіні кеңінен көр­сетілуі керек. Халық тарихы мен дүниетанымына қарасақ, еліміз әуелден-ақ өткенге құрметпен қарап, келешекке үлкен үміт арт­қан. Ел тарихына жіті ден қойып, үміт-сенім артып, сергек қараған. Өйткені «Сөздің ең ұлысы, ең сипат­тысы – тарих» (А.Байтұр­сынов) екені анық. Бұл – бір.

Екіншіден, оқулық табиғаты мен тағылымынан білім мазмұны (теориялық һәм практикалық тұр­ғыдан тұтастығы мен сабақтастығы нанымды көрсетіліп) терең таны­л­ып, оның өзі елдік мұрат-мүд­де­ден бастау алып, қоғамдық жағ­дай, тарихи шындық, уақыт та­л­ап­тары тұрғысынан кең көлемде қарастырылып, ақиқат жайттарға негізделіп, зерттеп-зерделенуге тиіс.

Үшіншіден, ұлт пен ұрпақтың қымбат қазынасы – оқулықты орта және жоғары мектепте ұзақ жылдар ұстаздық қызметте бол­ған, адами сапасы жоғары, жан-жүрегі мейірім-шапағатқа толы, білім-білігі көп кәсіби маман, яғни тәжірибесі мен тағылымы мол ұлағатты ұстаз, ғибратты ға­лым, тәлімді әдіскер жазуға толық құқығы бары шындық.

Төртіншіден, оқулық – ұлт пен ұрпаққа қызмет ететіндіктен (бірнеше буынды оқып-үйретіп, рухани тұрғыдан өсіп-есейтеді. Қоғамдағы орнын тауып, өмір жол­ын ұсынады т.с.с.), асығыстық пен көзжұмбайлыққа, енжарлық пен тайыздыққа, самарқаулық пен селқостыққа, жемқорлық пен сы­байластыққа, жең ұшынан жал­ғас­қан таныс-тамыр мен  көңіл жық­пастыққа, қысқасы бармақ басты көз қысты сынды ашық қо­ғамға, демократиялық үрдіске, адами сапаға кері әсер етер өрес­кел өктемдік пен жасанды белсен­ділікке, теріс әрекет, жат қылық­тарға жол берілмеуге тиіс.

Бесіншіден, оқу құралы һәм оқу­лық – дәлдік пен нақтылыққа, шынайы шындыққа негізделеді. Романтизм әуенімен емес, кері­сін­ше ақиқат жайттарға, обьек­тивтілік дәлдік тұрғысынан терең таразыланады.

Алтыншыдан, ұлттық оқулық­т­ы мемлекет атауымен – «Қазақ тарихы» деп атасақ, ақиқат үстем­дік алып, шындық жүзі жарқырай түсер еді. Қалың көпшілікке ке­регі де осы. Қазіргі кезеңнің шын­дығы осыған келіп саяды.

Жетіншіден, оқулық, без­ен­дірілімі мен бейнелілік, көркемдік пен көрнекілік қырлары жағынан айшықты да нақышты,тартымды болғаны нұр.

Сегізіншіден, елдік оқулық – ұлт қазынасы, ұрпақтар жалғас­тығы мен сабақтастығының басты негізі. Кешеден бүгінге жеткен білім-ғылым құндылықтарының жиынтығы. Өмір, тәжірибенің көр­некті көрсеткіші. Тарих пен танымның тұтастығы. Ақыл-па­расаттың айбыны мен айдыны. Ендеше ұлт тарихын зерттеп-зер­делеу, оқыту мен насихаттау, қыс­қасы әдістемесі мен методо­ло­гия­сы, оқыту үдерісіндегі орын-үлесі барынша айқын, бедерлі болғаны керек-ақ. Бұдан сөз жоқ дос – сүйсінеді, дұшпан  – күйінеді. Қазіргі кезеңнің басты талабы, шынайы шындығы – осы.

Тоғызыншыдан, оқулық – ұлтқа қызмет етсін десек, білім-білігі мол ұлағатты ұстаз бен тә­лім-тәжірибесі көп, оқытушылық қызметі зор ғибратты ғалымның жаз­ғаны жөн. Ұлттың жаңа бол­мы­сын, ақыл-парасаттың азатты­ғын, санадағы өзгерісті тереңнен тартып, ақиқат алдында – ұрпақ болашағы мен жауапкершілік жүгін жан-жақты сезіну басты ұстаным етіледі.

Оныншыдан, ең негізгісі оқу­лық – ұлттың басты кітабына ай­налып, болашақ бағдары мен өмір сүру құралы болып, ұрпаққа қыз­мет еткені жөн.

Ұлт оқулығы – жылдар жемісі, тәлімді тәжірибенің негізі мен нәтижесі ретінде ұрпаққа қызмет етіп, ел деңгейін, ақыл-парасат өлшемін, білім-білігі мерейін, дәстүр мен сабақтастық тұтасты­ғын терең танытады. 

Ұстаздық қызметте, ғылыми-педагогикалық тәжірибеде жаңа технологияны, цифрлық плат­фор­маларды, жасанды интеллект мүмкіндіктерін, электрондық нұс­қа­ларды жіті пайдаланумен бір­ге, оқу құралдары мен оқулық­тарды негізгі ұстаным ету – басты борыш-парыздар қатарына жата­ды. Қазір кітап оқу үдерісі төмен­дегенімен, оқулық – ұлтқа қызмет ету функциясынан ажыраған жоқ. Арғы кезеңдерде, қазіргі уақытта да рухани құндылықтардың бас­тауында – оқулықтар тұр. Жарық дүниенің бастауында – сауат ашу, білім нәрімен жан әлемін байыту миссиясы тұрғандықтан, оқулық­тар – ұлтқа қызмет ету бағытында басымдыққа ие.

Жинақтап айтқанда, Мектеп­ке дейінгі мекеме, Орта білім және Жоғары білім беру сатылары оқы­ту жүйесіндегі – оқу құралы мен оқулықтардың бағыт-бағдары, та­қырыптық ерекшелігі, мазмұн­дық мәні, мәдени-рухани Һәм танымдық-тағылымдық қырлары, баршасына қатысты өзекті тұс­тары қазіргі кезеңде де ай­рық­ша болып табылады. Оқулық – ұлт­қа қызмет ету миссиясын атқа­раты­нын ескерсек, оның авторы ел мұраты мен ұрпақ алдындағы абыр­ойлы міндетті, жауапкершілік жүгін терең сезінуге тиіс.

Ендеше оқу құралы мен оқу­лықтар жүйесіне жіті мән беріп, жауапкершілік жүгін арттырып, абыройлы істің даму үрдістеріне серпін беріп, сергек қараған жөн.

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,

филология ғылымдарының

докторы, профессор