in

Жазушының жазу лабораториясы

Жоба Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының ұйымдастыруымен іске асып жатыр. Бұл жоба қазақ әдебиетінің классик қаламгерлерінің лекциясын тыңдап, көкейде жүрген сан сауалға жауап алуға мүмкіндік береді. Лекцияны Астана жұрты емес, елдің түкпір-түкпірінде жүрген кез келген жан тыңдай алады. Қарымды қаламгерлердің тұщымды әңгімесі, оқыған лекциясы таспаға жазылып, YouTube арнасында жарияланады.

Алғашқы лекцияны қазақ әдебиетінің классигі Төлен Әбдік «Жазушы лабораториясы» тақырыбынан бастады. Әдебиеттегі аға буын өкілі мен жас жазарман, оқырманның басын қосқан жиын SINTEZ театрында өтті. Алдымен жоба ұйымдастырушысы, ақын Бауыржан Бабажанұлы лекция маңызын түсіндірді.

– Әдебиетіміздің алыптары дүниеден озған сайын «өйту керек еді, бүйту керек еді» десіп, санымызды соғып қалатынымыз бар. Бірде-бір классигіміздің лекциясын жазып алмаппыз. Анда-мұнда жазып алған қысқа сұхбаттарға мәзбіз… Сол олқылықтың орнын толтыру үшін «Классик ұстаханасы» жобасын бастадық. Бүгінгі лекцияда Төлен аға жазуға қай кезде отырады, күніне неше бет жазады, «Оң қолды», «Әке» шығармасын жазғанда қандай күй кешті?» т.б. түрлі сұраққа жауап ала аласыз­дар, – дейді Б.Бабажанұлы.

Ұйымдастырушылар жоба енді-енді тәй-тәй басып, алғаш қадам жасап жатқандықтан, лекцияға шағын топ жиылады деп болжаған екен, тіпті адам аз келеді деп ойлаған. Сол себепті де 75 орынды театрға өткізуді жоспарлаған екен, алайда лекция біз ойлағаннан бөлек деңгейде өтті. Жазушы тәжірибесі жөнінде білгісі келетін жастарда есеп жоқ, бірі баспалдаққа жайғасып, енді бірі есік алдында тұрып жазушының әңгімесін тыңдады. 

Төлен Әбдік алғаш қалам ұстаған сәтінен бастап, «Қонақтар», «Оң қол», «Тозақ оттары жымыңдайды», «Әке», «Көктерек» әңгімесі, «Парасат майданы» сынды шоқтығы биік шығармаларын қалай жазғаны, жазу барысы жайында қызықты әңгімесін айтып, тәжірибе бөлісті. Бала шағынан бастап бүгінге дейінгі ғұмырының жастарға сабақ болар тұсын да сөз етіп, қаламдас достарының шығармашылығы жөнінде тереңінен талдады. Жазушы «Өліара» романын жазуда уақыт жағынан қиналып, қандай тәртіппен жұмыс істегенін де әңгімелеп берді.

– «Өліара» романын жазар кезде қатты қиналдым. Ауырып жүріп, біраз уақытымды өткізіп алдым. Ол кезде кітап жоспарда тұрады, шығарманы уақытылы өткізу керек. Содан кешкі сегізден бастап жазуға отырамын, кешкі сегізден таңғы сағат сегізге дейін жазатынмын. Адам қатты қиналған кезде, жұмыс істеуге деген қабілеті күшейе береді. Солайша 10 күн ішінде жазып шықтым. Кейін ойлансам, әр түнде 10-11 беттей жазған екенмін, бірақ өмір бойы олай жазу мүмкін емес. Жалпы, өте көп жазатын адам емеспін. Жазатын сөзімді іштей толық қорытып, идеяны дәл айқындай алмай, жазу үстеліне отырмаймын, – дейді классик жазушы.

Әлбетте, белгілі қаламгердің шығармашылық жолын бір сағатта тауысып талқылау мүмкін де емес. Бір қызығы, 4 қыркүйек – Төлен Әбдіктің туған күні. Ұйымдас­тырушылар лекцияны кездейсоқ уақытта жоспарлағанын, ерекше сәйкестіктің болғанын да қуана жеткізді. Алда әдеби жоба дами түспек, қарымды қаламгердің лекциясына қайта оралармыз. 

Айсұлу СЪЕЗХАН