Қор құру туралы бастама алғаш 2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжан Республикасының Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес елдері мемлекет басшыларының IX саммитінде көтерілген болатын. Бұл бастама жоғары бағаланып, 2012 жылдың 23 тамызында Түркі мемлекеттері ұйымының Бішкек қаласында өткен саммитінде Қазақстан, Түркия, Қырғызстан мемлекеттері басшыларының қолдауымен Қор құрылып, Жарғысы қабылданды.
Қордың басты мақсаты – Түркі әлемінің бай мұрасын және көпғасырлық тарихын зерттеу, сақтау және насихаттау. Сонымен қатар түркі халықтары арасындағы мәдениет көпірі рөлін атқарып, ортақ тарих пен рухани құндылықтардың жаңғыруына, рухани ынтымақтастықтың кеңеюіне және түрлі мұрасын әлем елдеріне таныстыру бағытында үздіксіз жұмыс істеп келеді. Қор құрылған күннен бастап, Түркі әлемінің бірлігі мен мұрасы – болашақ ұрпаққа қалдырар ең ұлы аманат ретінде қарастырылып, материалдық және рухани мұрасы, көне дәстүрі мен ұлттық құндылықтары туралы бағдарламалар мен деректі фильмдер көрсетілетін Turk Discovery YouTube платформасын құру, TurkHeritage мәдени мұра нысандарының каталогын жасау, ағартушылық және ортақ тарихты оқыту, халықаралық ғылыми жобалар ауқымын кеңейту секілді мәселелер қолға алынды.
Штаб-пәтері Баку қаласында орналасқан Қор Кеңесінің алғашқы отырысы 2024 жылы Түркі мемлекеттерінің Мәдениет министрліктері басшылары деңгейінде Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Әділ Кәрімлінің төрағалығымен өтті. Отырыста Қордың 2025 жылға арналған қызметінің стратегиялық бағыттарын айқындау мәселелері талқыланып, іс-қимыл жоспары мен бюджет бекітілді, сонымен қатар Қор жанынан Консультативтік-сараптамалық комитет құрылды. Қордың Жарғысына сәйкес, 2025 жылы Қордың Кеңесіне төрағалық ету Қазақстан Республикасына өтті. Қордың II Кеңесі 2025 жылдың ақпан айында Астанада өтеді деп жоспарланды.
Қабылданған шешім бойынша 2025 жылы 7 ақпанда Астана қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасының төрағалығымен ұйымға мүше елдердің Мәдениет министрлерінің қатысуымен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры Кеңесінің II отырысы өтті.
Кездесуде Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова Түркі мемлекеттері басшыларының «Түркі әлемінің келешегі-2040», TURKTIME және басқа да стратегиялық құжаттарында көрсетілген бастамаларға сәйкес түркі мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және халықаралық аренада ілгерілету жөніндегі ұйымның стратегиялық бағыттары туралы айтты. Жиында Қордың 2025-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары егжей-тегжейлі таныстырылды.
Кездесу қорытындысында ұйымға мүше елдердің өкілдері Хаттамаға қол қойды. Хаттамада Қордың 2024 жылға арналған қызметіне жоғары баға беріліп, ұйымның 2025-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарларын бекіту және басқа да ортақ мәселелер қарастырылды. Қор Кеңесі отырысының нәтижелері Түркі елдері арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға, мәдени мұраны сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және Түркі әлеміндегі халықаралық жобаларға жаңа серпін беруге жасалған маңызды қадам екені даусыз.
Қор басшысы Ақтоты Райымқұлова бауырлас елдердің мәдени-рухани бай мұрасын насихаттау, ынтымақ-бірлігін сақтау мақсатындағы жиындарға қатысып, түркі әлемінің болашағы туралы ой-пікірін бөлісіп отырады. Мәселен, Ақтоты Райымқұлова «TURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі» ұранымен өткен Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясының (TÜRKPA) 14-пленарлық отырысына қатысып, «Парламенттік дипломатияны бай түркі мұрасын сақтайтын көпірге теңей келе, мұндай ынтымақтастықтың түркі мемлекеттері арасындағы сенім мен ынтымақтастықты арттырумен қатар, өңірлік тұрақтылық пен өркендеуге қуатты серпін беретінін ерекше атап өтті.
Қазір Қордың жұмысы кеңейе түсіп, 2024 жылы Түрікменстан бақылаушы ел болуы жайлы, Өзбекстан Қорға мүше болу туралы шешімдерін жариялады.
Жыл бойы Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының стратегиялық жобалары мен бағдарламалары аясында бірқатар Түркі елдерінде рухани-мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, қор жұмысын кеңейте түсу мақсатындағы жоспарлар іске асырылды. Қазақстан және Әзербайжан, Польша, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия, Қырғызстан, Мажарстан секілді елдердің тарихи рухани-мәдени бірлігінің маңызын арттыру, түркі және еуропалық халықтар арасындағы өзара түсіністік пен мәдени жақындасу бағытында көптеген игі шара жасалды. Ислам әлемінің Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы, Халықаралық білім беру корпорациясы (ҚазГАСА), Ататүрік орталығы, «Жібек жолы» мәдени-тарихи зерттеулер қоғамдық бірлестігі, Гейдар Әлиев қоры секілді халықаралық ұйымдармен меморандум негізінде ауқымды жобаларды жүзеге асырды.
Түбі бір түркі мұрасын түгендеп, болашақ ұрпаққа мәңгілік табыстау мақсатындағы іс-шаралар жоспары жыл бойы толастаған жоқ. Ұлы мұрат жолындағы айтулы оқиғалар, маңызды жобалар мен келелі кеңестер ұйымдастыру арқылы Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры түркі әлемінің мәңгілік ортақ мақсат-мұраттары мен арман-тілектерінің орындалуы жолында орасан зор үлес қосып отыр.
Биыл маусым айында Түркістан қаласында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және қалпына келтіру әдістері» тақырыбында Түркі әлемінің сәулетші-тарихшылары және реставраторларының II Халықаралық симпозиумы өтті.
Симпозиумның салтанатты ашылуына Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, ICESCO-ның мұра жөніндегі сарапшысы Осама Эльнахас, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысты. Екі күнге созылған Симпозиум жұмысы «Түркі өркениетінің ескерткіштерін зерттеу мен тарихи-мәдени маңызы» және «Сәулет ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру» тақырыптарындағы панельдік сессиялармен жалғасты.
Симпозиум аясындағы ұлы энциклопедист Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің 950 жылдығына арналған көрме және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығында өткен «Мың заман – бір Түркістан» музыкалық қойылымы болды.
Түркі әлемінің ортақ мұрасы мен бірлігін нығайтып, әлемге таныту жолындағы жылдың ең маңызды оқиғасы – «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы 2025» рәсімінің ашылу салтанатына А.Райымқұлова қатысып, бұл жиында да түркі әлемінің бай мұрасын сақтау мен насихаттау, ынтымақ-бірлігін нығайту мақсатында сөз сөйледі.
Ал Қор тарапынан ұйымдастырылған Алтай өңірінің бірегей мәдени-тарихи мұрасына сарапшылардың назарын аудару және оны сақтау бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеу мақсатында «Берел» мемлекеттік музей-қорығына барудың жөні бөлек. Сапар барысында Ақтоты Рахметоллақызы Түркі мәдениеті және мұрасы қоры жанындағы реставраторлар, тарихшылар мен сәулетшілерден құралған Консультативтік кеңес мүшелерінің назарын Берел қорғандарын жан-жақты зерттеуге аударды. «Алтай – Түркі дүниесінің бесігі» халықаралық музыка фестивалі, айтыс және ғылыми конференциялары аясында Берел қорғандарын археологиялық тұрғыда ғана емес, түркі халықтарының мәдени және тарихи сабақтастығын қамтамасыз етудегі маңызы мен өңірдің экологиялық және климаттық осалдығын ескере отырып, археологиялық олжаларды тұрақты сақтау үшін әдістемелік ұсынымдар әзірлеу қажеттігіне тоқталды. Яғни, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры Түркі әлемін біріктіру мен оның мәңгілік ортақ мақсат-мүдделері жолында аянып қалған емес.
Былтыр Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекет басшыларының XI саммиті аясында Махмұд Қашқаридің бай мұрасына арналған көрменің ашылу салтанатында Ақтоты Райымқұлова баяндама жасап, онда Махмұд Қашқаридің «… Алла Тағала бақтың нұрын түріктердің жұлдызына жасырған, олардың сұлтандығын көк жүзімен қосарлаған…» деген қанатты сөзін еске алып, тілге тиек еткен болатын. Осы мақсат биігінен қарағанда түркі әлемінің бірлігі мен жарқын болашағы үшін Түркі мәдениеті және мұра қорына жүктелер жүк жеңіл емес.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ