Тағылымы мол кездесуде қазақ әдебиетінің қалыптасу тарихы, жазушылық өнер және қиын-қыстау жылдармен тұспа-тұс келген әдебиет жайы сөз болды. Көшбасшылық дәріске факультеттің 1-курс студенттері мен ұстаздары қатысты.
Жиын шымылдығын ашып берген белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы аталмыш кездесудің маңызына тоқталып, студенттерге руханияттың дамуына сүбелі үлес қосқан қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жайлы аз-кем баяндап берді. Қылышынан қан тамған қилы заманда өткір тақырыпты шығармасына арқау ете білген тұлғаның рухани болмысы мен жан-жақты саланы қамтыған қажырлы еңбегін ерекше атап өтті.
Ұлтты бір қалыпқа түсірген – қазақ дастандары еді
Дәріс барысында Смағұл Елубай қазақтың қазақ болып қалыптасуына ықпал еткен ауыз әдебиетінің рөліне тоқталды. Қаламгер бала кезінде көзімен көрген ерекше естеліктерді ақтарып, әдебиетпен ең алғаш бетпе-бет келген оқиғасын бөлісті. Оның сөзінше, бұл исі қазақтың ауыз әдебиетімен сусындап өскен кезеңі еді.
– 1959 жылы Түрікменстан мен Ауғанстанның шекарасында әке-ағаларымыз ұжымшардың малын бақты. Біз небәрі 12 жастамыз. Бір күні ауыл ішінде «Қазақстаннан жыраулар келіпті!» деген әңгіме дүңк ете қалды. Себебі біз тұрған өңірде жыраулар кездеспейтін еді. Бұл жаңалықты естіген жұрт шапқылап құдықтың басына жиналды. Содан кеш батып, алау жағылды. Қарасақ, қоршай жиналған жұрттың ортасында, алашаның үстінде қолында домбырасы бар жырау отыр. Ол Қызылордадан келген Мұрат жырау екен. Ал оның қасындағы серігі ықшам келген, қолына домбырасын ұстаған – Ағдос жырау. Олардың есімі бала кезімізде құлағымызда қалып қойған ғой. Содан алып денелі Мұрат ақын домбырасын қолға алып, жұртқа: «Қырық жырдың атын атаймын, ағайын. Осы жырлардың ішінен қалағанын таңдаңдар», – деп арнау айтты. Кейін жиналған жұрт «Мұхаммед-Әнафия» атты пайғамбардың батыр немересі туралы дастанды таңдады. Бір қызығы, жырдың әрқайсысы таң атқанша жырлауға жетеді екен. Содан жыраулар жұрт таңдаған дастанды таң атқанша сілтеді. Халық қимылдамай, ауыздарын ашып отырып тыңдады. Бұл біздің өмірімізде ең алғаш рет үлкен әдебиетпен бетпе-бет келуіміз еді. Сол бір сәттен бастап біз әдебиетке, батырлық дастандарға ғашық болдық. Соның арқасында қолымызға түскен әрбір кітапты құныға, құмарта оқи бердік. Көп ұзамай «Көроғлы», «Қырымның қырық батыры», өзбек әдебиетіндегі «Фархад-Шырын» дастаны, қазақ тіліндегі «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын» жыры қолыма келіп түсті. Жазба әдебиеті шыққанға дейін мыңдаған жылдар бойы халқымызды тәрбиелеген, бір қалыпқа түсірген – қазақ дастандары еді, – деді жазушы.
Сөз зергері әрбір халықтың менталитеті, яғни мінезі, ерекшелігі мен бірегейлігі әдебиетінде жатқанын атап өтіп, студенттерге филологияны таңдау – ұлттың рухани насихатшысы, рухани дидары болуға ұмтылу екенін түйреп өтті.
– Кез келген халықтың рухани тарихына үңілсеңіз, дастандарды табасыз. Мәселен, гректің өткеніне қарасаңыз, «Илиада» мен «Одиссеяға», парсылардан Фирдаусидің «Шахнамасына», ал қазақтың рухани тарихынан «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын» жырына куә боласыз. Біз осы дүниеге ой жүгірткеннен кейін мынадай заңдылықты байқадық. Шынтуайында, Абай дәуіріне дейін, яғни, жазба әдебиеті шыққанша бүкіл халық ондаған ғасыр бойы қандай рухани шығарманы азық етті десек, бұл ауыз әдебиетіндегі батырлық дастандар болған екен. Халық өзін-өзі сақтау үшін, жаудың табанында тапталып, жойылып кетпес үшін батыр ұл-қыздарды тәрбиелеу қажет болған. Халықты қырып алмай, аман сақтау үшін елге батырлар керек еді. Міне, жыраулар да осыны жақсы түйсінді. Сондықтан олар батырлар жырын таңды таңға ұрып жырлайтын болған, – деді Смағұл Елубай.
Қалам ұстаған жазушы ғана ұлт үшін отқа түсе алады
Әдебиет – ұлттың жаны. Кезінде руханияттың ең көне, ең асыл арнасы – батырлық дастандар болды. Әр буын өзінің рухани қуатын осы мұрадан алып отырды. Жыраулар толғауы елдің бірлігін бекемдеп, бүтін бір елдің болашаққа деген үміт отын жақты. Халқымыздың өмір сүруіне, жау табанында тапталмауына дем берген осы дәстүр туралы қаламгер былай дейді.
– Қазіргідей кино, театр, қолымызда ұялы телефон болмаған заманда халық батырлар жырын рухани талшық етті. Жырауларға деген сұраныс өте мықты болды. Сол дәуірде олардың ел арасындағы беделі айрықша еді. Жыраулар ел-елді аралап, жұртты жинап, сөз өнерімен халықтың рухын көтерді, жүрегін тазартты, санасын шыңдады. Мыңдаған жылдарға жалғасқан бұл дәстүр – ұлтты жойылудан аман сақтап қалған киелі өнердің өзі. Ойланып көріңізші, егер жыраулар болмағанда не болар еді? Мүмкін біз тарих сахнасынан жойылар ма едік… Батырлар жырын тыңдап өскен бізге басқа мамандықтың қажеті жоқтай көрінетін. Арманымыз бір – батыр болу! Қобыландыдай қалың қолдың алдында ту көтеру, Алпамыстай елін қорғау, Ер Тарғындай жауға қарсы аттану. 17-18 жасқа дейінгі жастығымыз осындай асқақ арманмен, рухани толқумен өтті. Сол арман, сол жырдың рухы біздің даламызды жаудан қорғауға, ұлы мекенді сақтап қалуға дем берді. Әдебиеттің құдіреті – осында. Қалам ұстаған жазушы ғана ұлт үшін отқа түсе алады. Тарихтың өзі осыны талай мәрте дәлелдеді, – деді қаламгер.
Қазақ халқының өткен тарихында ақтаңдақ беттер аз емес. Солардың ең қасіреттісі – ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы ашаршылық жылдары. Миллиондардың тағдырын жалмаған бұл нәубет ұзақ уақыт бойы көпшілік алдында айтылмай, тарих пен әдебиеттен де тыс қалды. Кеңестік идеологияның қатал цензурасы халықтың басынан кешкен шындығын бүркемелеп, тасада ұстады. Дегенмен ауыл арасындағы көнекөз қариялардың естеліктерінде сол сұмдықтың ізі сақталып, өзінен кейінгі ұрпаққа ауызша жетіп отырды. Кейіннен әдебиетке қадам басқан жас қаламгерлердің ішінде осы ауыр тақырыпқа оралуға талпынғандар да болды. Соның бірі – «Ақ боз үй» романын жазуға бет бұрған Смағұл атамыз еді.
– Бала күнімде тоғызыншы сыныптан кейін қаладағы №12 мектепке келдім. Тарихқа үңіліп қарасақ, Голощекиннің зұлмат жылдарында, яғни 1920 жылдары біздің ауыл Ақтөбеден Үстірт арқылы Қарақалпақстанға, одан әрі Түрікменстанға көшіп кеткен екен. Ал біз 1961 жылы ғана Түрікменстаннан елге қайта оралдық. Сол уақытта тарихта да, әдебиетте де 1920–1930 жылдардағы ашаршылық жайлы бір ауыз сөз жоқ еді. Барлығы «асыра-сілтеумен» бүркемеленіп келген. Біз баламыз ғой, үлкендердің әңгімесіне сенетінбіз. Сонда шынымен-ақ олар өз көздерімен көрген сұмдықтарын айтуға батпай ма? Әлде өтірік айтқаны ма? Студент кезімізде 1-курста оқып жүргенде-ақ дәптеріме «Ақ боз үй» романының кейіпкерлерінің алғашқы сұлбасын түсіре бастадым. Бірақ мойындау керек, сол кезде қазақ әдебиетінде ашаршылық тақырыбына арналған шығарма жоқ болатын. Бұл, әрине Кеңес үкіметінің қатал цензурасының салдары еді. Әдебиетті оқыдық, архивтерді ақтардық, бірақ онда бұл зұлмат жайлы тек шет жағасы ғана айтылып, мардымды дерек таба алмадық. Ал ауылдың көзкөрген үлкендері шындықты айтқанда, небір адам төзгісіз сұмдықтарды жеткізетін. Иә, бұл тақырып тым ауыр еді. Университетте жүріп біз бұл тақырыпты толық игере алмайтынымызға көзіміз жетті. Сонымен, саралай-салмақтай келе, бұл тақырыпты уақытша ысырып қойып, проза мен әңгіме жанрында шығармалар жазуға ден қойдық. Кейіннен кітаптар басып шығардық. Ақыры, арада он жылдан аса уақыт өткен соң ғана ашаршылық туралы романды қайта қолға алуға бел будым, – деді Смағұл Елубай.
Шығармаға өзің жақсы білетін адамдарды кейіпкер етіп таңдау қажет
Дәрістен соң аудиторияға жиналған оқырмандар қаламгердің шығармашылық зертханасы мен жазу өнеріне қызығушылық танытып, көкейдегі бірқатар сұрағын қойып үлгерді. Солардың бірі әдебиет өкіліне: «Шығармадағы кейіпкерлердің сипатын, мінезін өз ойыңыздан шығарасыз ба, әлде олар шынайы өмірде көрген адамдар ма?» – деген оқырман сауалын жолдады. Осы тұста жазушы қолына қаламын серік еткен болашақ жазушыларға өмірлік тәжірибесінен сыр шертіп, ақыл-кеңесін де бөлісті.
– Маған туған ағамдай болып өткен Әбдіжәміл Нұрпейісов кезінде мынадай ақылын айтқан еді. «Шығармаға өзің жақсы білетін, өмірде көрген адамдарды кейіпкер етіп таңдау қажет, сонда қателеспейсің» дегені бар. Оның бұл ақылы өте дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, «Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жалған дүние» шығармаларына образ бейнесі ретінде өзіміз жақсы білетін адамдарды таңдадық. Алайда шығармада олардың есімі өзгертіліп берілді. Шынтуайына келгенде, әр адам – қайталанбайтын құбылыс. Өмірде айрықша есте қалатын адамдар болады. Тіпті, бала кезімізде бірге ойнап өскен балаларға дейін мінезі әртүрлі еді. «Ақ боз үй» шығармасының алғашқы бөлімі балалардың ойынынан басталады. Дәл осы шығармада біз сол балалардың мінезі мен сипатын кейіпкер етіп алдық, – деді қаламгер.
Бізге жеткен бейбіт күн әке-шешеміздің азапты тағдырынан кейін ғана бұйырды
Кездесу барысында студенттер әдебиет өкілінен бүгінгі жастардың жауапкершілігі мен жас жазушылардың ізденісі туралы пікірін сұрап, жаңа буынның қаламгерлері қаузауға тиіс тақырыптар жөнінде білуге талпынды. Бұл сұраққа жазушы өткеннің қасіреті мен қазіргі бейбіт заманның мүмкіндіктерін сабақтастыра отырып жауап қайырды.
– ХХ ғасыр – адамзат тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Бұл туралы біз талай рет айтып та, жазып та жүрміз. 1916 жылдан бастап 1956 жылға дейінгі қырық жыл – күллі халық үшін қиямет-қайым кезең еді. 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс, ашаршылық, қуғын-сүргін, революциялар… Қазақ халқы басынан осындай адам төзгісіз заманды өткерді. Тек 1956 жылы ғана Сталин әшкереленді. Осы аралықта халқымыз көрмеген азап жоқ. Сол қияметтің бар салмағын біздің әке-шешеміз, ата-бабамыз арқалады. Кейде сол ұрпаққа жаның ашиды. Бізге жеткен бейбіт күн солардың азапты тағдырынан кейін ғана бұйырды. Лайым, мұндай қайғы-қасірет қайталанбасын!
Ал ХХІ ғасыр мүлде басқа. Қазіргі заманның жазушысы «Мен не туралы жазамын?» деп сұрамауы қажет. Өйткені әдебиетке адал жанға Құдайдың өзі сыбырлайды. Мәселен, бір кездері құлағы естімей қалған атақты композитор Бетховен: «Құлағыма Құдай сыбырлап тұрады», – деп айтқан екен. Нағыз жазушы үшін де жағдай солай, – деп сөзін түйіндеді жазушы Смағұл Елубай.
Кездесу соңында жазушы жастарға жүрекжарды лебізін білдіріп, ақ батасын берді. Студенттер жазушымен естелікке суретке түсіп, рухани серпін алып қайтты.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы