in

Қызметі – ақылы, қандай қақылы?

Бұрын аналар мемлекеттік ауруханаларға ғана жүгінсе, қазір таңдау кеңейген. Бірі – заманауи жабдықтар мен жайлы жағдай ұсынады, екіншісі – қолжетімді әрі тегін қызмет көрсетеді. Болашақ ананың ақылы перзентхананы таңдауына не себеп? Мемлекеттік медицинаға сенім шынымен азайып бара ма? Әлде жекеменшік перзентхана бизнеске айналып кетті ме? 

Қазақстанда әрбір әйелдің жүктілік кезеңінде, босану сәтінде және босанғаннан кейін тегін медициналық көмек алуға заңды құқығы бар. Бұл қолдау мемлекет бекіткен бағдарламалар аясында – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы көрсетіледі. Дегенмен шынайы өмірдегі босану тәжірибесі ресми стандарттармен шектелмейді. Денсаулық сақтау министрлігі ақылы босану қызметтеріне қатысты нақты статистика жүргізбейді, яғни жалпы босанулардың ішінде қаншасы ақылы негізде өткенін ешбір ресми есеп көрсетпейді.

Соған қарамастан әлеуметтік желілердегі пікірлер мен жеке емханалардың жарнамаларына, сондай-ақ босанған аналардың тәжірибесіне сүйенсек, ақылы қызметке жүгінушілер саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл таңдау көбіне жай ғана қауіпсіздік пен медициналық бақылаумен шектелмейді. Болашақ аналар үшін басты артықшылық – жеке палатадағы жайлылық, дәрігерді өз қалауымен таңдау мүмкіндігі және әрбір анаға жеке көзқараспен қарайтын кәсіби командаға сенім арту.

Мықты дәрігерлер жеке клиниканы таңдаған

– Мен үшінші баламды жеке емханада  босандым. Ал екі баламды мемлекеттік клиникада босанғанда жанымның аман қалғанына шүкір дегенмін. Өйткені Астана сияқты үлкен қалада бір сәтте ондаған бала дүниеге келеді. Дәрігерлер әр ананың қасына келіп, жағдайын сұрап тұруға үлгермейді. Ал акушерлер дөрекі. Тіпті, бірінші баламды босанған кезде «сүйінші берсеңші» деп менен ақша да сұраған. Ол кезде ақылы клиникалар аз еді, қалтамыз да көтермеді. Осы жолы күйеуіме: «босансам ақшаңды жина, тек жеке клиниканы таңдаймын» деп талап қойдым, – дейді елордалық ана Гүлбақыт Самалова. 

Оның айтуынша, Астанада ақылы босану шамамен 260 мың теңгеден басталса, толықтай жеке бағдарлама құны 1,5 миллион теңгеден жоғары. Бағаның өзгеруіне әсер ететін басты факторлар – көрсетілетін жайлылық деңгейі, медициналық мамандардың тәжірибесі, қосымша қызметтердің қолжетімділігі және босану барысын толықтай жекелендіру мүмкіндігі. Сондай-ақ көптеген клиника босану процесін жеңілдетіп, босанғаннан кейінгі кезеңді жайлы өткізуге арналған қосымша қызметтер ұсынады. 

№ 3 қалалық көпсалалы ауруханада жартылай люкс-палатада асқынусыз босану құны 260 200 теңгені құрайды. Асқынулар болған жағдайда баға 310 мың теңгеге дейін өседі. Ал жайлылықты қалайтындар үшін бұл баға 509 200 теңгеге дейін барады. Сондай-ақ перинаталдық профилактика орталығында, мысалы, босану құны есепте тұрған әйелдер үшін 875 мың теңгеден басталады және үш күндік стационарда болуды, тамақтануды және медициналық сүйемелдеуді қамтиды. Бірнеше жүктілік кезінде баға 925 мың теңгеге дейін өседі.

№ 2 қалалық көпбейінді ауруханада бо­санудың базалық құны 350 мың теңгені құрайды. Босанудың күрделі ағымы ке­зінде, мысалы қосымша акушерлік арала­су­ларды пайдалану кезінде баға 450 мың тең­геге дейін артады. Мұнда кесарь тілігі бір­дей – 450 мың теңге (анестезия бөлек төленеді – 60 мыңнан 80 мың теңгеге де­йін). Сонымен қатар босанған әйелдер бо­сануды сүйемелдеу үшін алдын ала жеке дәрігерді таңдай алады. Мұндай қызмет маманның деңгейіне және шарт талаптарына байланысты 130 мыңнан 200 мың теңгеге дейін тұрады.

Ана мен бала орталығында Қазақстан резиденттері табиғи босану үшін 600 мың теңге төлеуге мәжбүр, ал шетелдіктер үшін құны 720 мың теңгеден басталады. Кесарь тілігі айтарлықтай қымбатқа түседі – Қазақстан азаматтары үшін 850 мың теңгеден басталады. Босанғаннан кейінгі бөлімдегі аналарға арналған жеке палата жағдайларға байланысты тәулігіне 12 мыңнан 22 500 теңгеге дейін тұрады.

Танымал адамдардың жиі таңдайтын «Рахат» клиникасында есепте тұрған пациенттерге физиологиялық босану үшін 790 мың теңгеден және кесарь тілігі үшін 890 мың теңгеден басталады. Пакетке жеке палатада тұру, күніне төрт рет тамақтану, барлық қажетті дәрі-дәрмектер мен процедуралар, соның ішінде жаңа туған нәрес­тенің нейросонографиясы кіреді. 

Алайда барлығының қалтасы бұл бағаны көтере бермейтіні анық. Бір баланы жарық дүниеге әкелудің құны кей перзентханада миллион теңгеге жетеді. Осы тұста сұрақ туады: сапалы медициналық қызмет көрсету ме, әлде табыс табудың көзі ме? Әрине, медицина – адам тағдырына жауапты сала. Бірақ нарық заңдылығы мұнда да өз ықпалын жүргізіп тұр.

– Перзентхана – өте киелі жер. Адамзаттың дүние есігін ашатын орны. Қазір ақылы перзентханалар пайда болып, бұл саланы бизнеске айналдырып жібергені жасырын емес. Әрине, жекеменшік перзентхананы ашудағы негізгі мақсат – ақша табу. Дегенмен кейбір перзентханалардың жағдайы бекітілген талаптарға сәйкес келмейді. Ол өз кезегінде дәрігерлер жұмысының сапасын төмендетеді. Жақында мен жұмыс барысымен Алматыдағы жекеменшік перзентханаға бардым. Ол ұлттық аккредитациядан өткен, талаптарға сәйкес, жалпы жұмысты жүйелеген мекеме екен. Барлық жағдайы жасалған мұндай перзентханаларға кез келген ана қорықпай бара алады. Ал мемлекеттік перзентханалардың деңгейі әртүрлі. Көмек  те соған сай көрсетіледі. Кейбір перзентханалар заманауи технологиямен жабдықталса, кейбір перзентханалардың құрал-жабдықтары тозған. Негізі, дәрігерлері білікті жердің жұмысы да жүйелі болады, – дейді 30 жылдық еңбек өтілі бар жоғары санаттағы акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының кандидаты Жұпар Наханова.

Дәрігердің пікірінше, мемлекеттік перзентханалардағы акушерлердің аналардан ақша алатын жағдай кездесетіні рас. Оның бірден-бір себебі дәрігерлердің айлығы өте төмен. Оны шешу үшін медбикелер мен дәрігерлердің еңбекақысын көтеру керек. 

– Шетелде неге мұндай мәселе жоқ? Өйткені ол жақта медицина қызметкерлерінің айлығы жоғары. Табысы жоғары дәрігер біреуден тіленіп, ақша да сұрамас еді. Сондықтан бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде қарау қажет. Несиесі мен берешек қарызы көп адамның айлығы тамағынан ары аспайды, – дейді медицина ғылымдарының кандидаты. 

Ана мен бала өлімі азаяр емес

Шынымен де, қазір сапалы медицина ма­мандарының басым бөлігі жекеменшік кли­никада жұмыс істейді. Өйткені ол жақ­та айлық та, жағдай да жасалған. Бұл өз ке­зегінде мемлекеттік перзентханаға деген па­циенттердің сенімін азайтады. Сонымен қа­тар болашақ аналардың мемлекеттің пер­зентханадан қашуының тағы бір себебі – сәби өлімінің көптігі. Статистикаға сүйенсек, 2019 жылы Қазақстанда 3 360 сәби шетінеп кеткен, 2020 жылы 3 286 сәби, 2021 жылы 3 732 бөпе бақилық бол­ған. 2022 жылы 3 154 нәресте, 2023 жылы 2 998 сәби шетінеп кеткен. 2024 жылы 2 598 сәби анасының құшағына енбеген. Сәби өлімі жиілеген аймақтар қатарында Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау об­лыстары бар. Бұл тақырып сөз болғанда ана өлімі тақырыбына тоқталмай кетуге болмас. Ресми дерек ке­йінгі 6 жылда елімізде 563 ана босану үстінде көз жұмғанын айғақтайды. Ана өлімі Жетісу, Қостанай, Ұлытау мен Ақтөбе облыстарында көбейген.  2024 жылдың қорытындысы бойынша көз жұмған аналардың 54 пайызы қалада, 46 пайызы ауылда тұрған. 4 немесе одан да көп баласы бар әйелдер арасындағы өлім-жітім де көбейіп, салдарынан 97 бала жетім қалған.

– Салада проблема жеткілікті, басқасын былай қойғанда, Астана қаласындағы перзентханаларда 550 төсек тапшы. Оған қоса, маман жеткіліксіз. Елімізде 4 702 акушер-гинеколог жұмыс істейді, тағы 389 маман керек. Босандыру ұйымдарында тек 1 679 акушер-гинеколог жұмыс істейді, оның 560-ы ғана (35%) ампутация жасай алады. Ал акушерияда операциялық техниканың барлық түрлерін тек 438 дәрігер ғана (21%) орындай алады. Бұл үлкен проблема,– дейді Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев. 

 Еліміздегі кей перзентханалардың халықаралық талаптарға сай келмейтінін депутат Мәжіліс мінберінде де көтерді. Оның айтуынша, инфрақұрылымы нашар, ғимарат әбден тозған. Мәселен, орталықтандырылған оттегі жеткізгіші, сығылған ауа және сору вакуумы, қабылдау бөлімдері жоқ. 3-деңгейдегі босандыру ұйымдарында экспресс бак жоқ. Флора мен антибиотиктерге сезімталдықты уақытылы анықтауға арналған зертханалар жоқ. Бұдан бөлек, медициналық жабдықтардың тозуы мен медициналық мекемелердің төмен жарақтандырылуы да өзекті мәселе. Мәселен, бірнеше орталықта УДЗ, КТГ аппараттары, анестезия аппараттары, ҚСТ анализаторлары, СМАД аппараттары жоқ. Ол осы мәселелерді шешу үшін ана мен бала денсаулығына тікелей жауапты перинаталдық орталықтар мен перзентханалардағы дәрігерлердің, санитарлардың, техникалық мамандардың айлығын көтеру сынды бірнеше ұсынысын ортаға салды. 

– Өңірлерге мықты дәрігерлерді тарту үшін бірреттік көтермеақы мен арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қосу қажет. Мықты мамандарды даярлау үшін балалар бейіні бойынша кафедраларды қалпына келтіру керек. Облыс орталығынан шалғайдағы ауылдық жерлерде және аудандарда жүктілігі ауыр өтіп жатқан  әйелдерді алдын ала емдеуге арналған пансионаттарды дереу салу керек. Себебі алыстағы ауылдан толғақ қысқан ананы орталыққа әкелгенше түрлі жағдай болуы мүмкін. «Патронаждық медбике» лауазымын енгізу қажет. Перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың, балалар ауруханаларының материалдық-техникалық базасын жаңарту керек, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

P.S. Ақылы немесе мемлекеттік перзентхана – әрбір ананың жеке таңдауы. Бірі «ақшасын төлесем де, жағдайым жақсы болсын» дейді, екіншісі «қызмет бірдей, бастысы – дәрігердің білімі» деп сенеді. Бірақ қай жолды таңдаса да, бастысы  ана мен сәбидің амандығы екені даусыз. Тек бір нәрсені ұмытпайық, шілдеханамыз «шотханаға» айналып кетпесе игі!

Көктем ҚАРҚЫН