Айыпберген Балтабайұлы – Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының тумасы. Құрылыс мамандығы бойынша инженерлік жоғары білімге ие болғанымен, шығармашылыққа жаны жақын, бірнеше кітаптың авторы және әлемге танымал қаламгерлердің туындысын қазақ тіліне тәржімалаған аудармашы. Жиынға қатысқан ақын, драматург, манасшы Баянғали Әлімжанов жазушының жарыққа шыққан жаңа кітабы мен аударма өлеңдері жайында сөз қозғады.
– Біздің ұқсастығымыз – екеуіміздің де әкеміз Ұлы Отан соғысының ардагері. Ал өзіңіз құрылысшы әрі ақынсыз. Жаңа кітабыңыз «Сөз өнеріне ғашық жан» деп аталуы тегін емес. Және оның астары терең деп ойлаймын. Бұл атау – кітапқұмарлықтан, ғашықтықтан туған. Өлең жазып қоймай, А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың өлеңдерін аудардыңыз. Бұл әйгілі ақындардың өлеңін Абай атамыз да аударды. Содан қалғанын сіз қазақ тіліне тәржімалап, ұлы ақын ізімен келе жатқаныңыз ұрпаққа мәңгі мұра болып қалмақ, – деді жазушы Б.Әлімжанов.
Айыпберген Балтабайұлы шығармашылық жолын 1998 жылы бастаған. Ғылыми-іздену жұмыстарымен қатар айналыса жүріп, «Жүрек жылуы», «Назеркем», «Ғашықтар әні», «Сағыныш сазы», «Жұлдызды ғұмыр», «Біздің Димекен», «Оңтүстік Әділханы», «Алтын қолды хирург», «Тағдыр», «Жан жылуы», «Сырласу мен мұңдасу», «Бақыт жолында» атты кітаптары мен «Бес томдық таңдамалы шығармалар жинағы» жарық көрген. Енді солардың қатары «Сөз өнеріне ғашық жан» атты кітабымен толықты. Бұл кітапты жоғары бағалаған журналист Қарашаш Тоқсанбай авторды мерейтойымен құттықтап, руханиятқа қосқан үлесі туралы да аз-кем сөйледі.
– 2010 жылы «Ауыл ақыны» тақырыбында жазылған мақала бердім. Сонда әріптестерім де қызығып, кітаптарыңызды алып оқыды. Бұдан шығармашылық қуатыңыздың пісіп-жетілгенін көреміз. Ауылдан шыққан ақындарды қаламгерлер ортасына қосып, мерейін үстем етіп, қолдау білдіріп, жақсылықтарды ұрпаққа ұластырып отыруымыз керек. Көңілімізге жақсы ой ұялатып, ауылдың әдемі иісін, тазалығын әкеліп, аңсап отырған көңілге жылылық ұялатқаныңыз үшін ризалығымызды білдіреміз, – деді Қарашаш Тоқсанбай.
«Сөз өнеріне ғашық жан» кітабы – А.Балтабайұлының ұзақжылдық еңбегінің жемісі. Жазушының аудармашылық еңбегі де ұлттық әдебиетімізге қосылған сүбелі үлес болып отыр. Қысқасы, бұл жиын – ауылдан түлеп ұшқан ақынның руханиятқа қосқан зор үлесінің, әдебиетке деген шексіз махаббатының айғағы болды. Жиында бас қосқан қаламгерлер қазақ руханиятына қосылған туындының авторына жылы лебізін айтып тарқасты.
С. БЕГІМБАЙ