Ол күлкі мен ойды қатар өрген өнер иесі ғана емес, қоғамның өзекті мәселелерін қозғап, жастарға ой салатын контент жасаушы ретінде де танылып келеді. Оның «Кітапхан» подкасты қазір көптеген тыңдарманның сүйікті алаңына айналды. Подкаст – жай әңгіме емес, жастардың қазақ әдебиетіне деген махаббатын оятатын орда. Біз Хамит Ердеханмен сұхбаттасып, әзіл мен ой, сахна мен қоғам жайлы әңгімелестік.
– Сізді халық «Жайдарман» ойындары арқылы таныды. Жалпы, «жайдарманға» қалай келдіңіз?
– «Жайдарман» ойындарына студент кезімде келдім. Мектепте «Шаншар», «Бауыржан шоудың» әзілдерін көріп, оны мектеп сахнасына қайталап қойып жүрдік. Ешкім бізге сахнаға шығып өнер көрсетіңдер демесе де, бала көңіліміз сол бір іске құштар болды. Сол әзілді түсініп, күлетінбіз. Кейін Астанаға оқуға түстім. Академияның «Жұмыр» деген «жайдарман» командасының ойынын көріп, қазақша квн-ге көңілім ауды.
– 2010-2016 жылдары «Жайдарман» ойындары үлкен бұқаралық сипат алып, шарықтап тұрған кезі еді. Одан кейін көңілді тапқырлар алаңы ашылып, жастардың тағы бір қозғалысы басталды. Жалпы, қайсысын алып қарасақ та, әзіл сахнасында бой көрсеткендер қазір қазақ руханиятына үлес қосып жүр. Көпшілік арасында да танымал. Мұның себебі неде?
– Біздің оқып, теориялық түрде жеткен жетістігімізге қарағанда, тәжірибемен келген жетістігіміз көп. Қазақ «көре көре көсем боласың, сөйлей сөйлей шешен боласың» деп бекер айтпаған ғой. Сахнада жүріп аз уақыттың ішінде көп образға кіріп, сценарийдің ішінде ойнап жүргеннен кейін шығар, «Жайдарман» ойнаған жігіттердің ойлау креативі ұшқырлау болады. Өйткені «Жайдарман» – импровизацияның ошағы. Сахнада әзіл тауып, сол жерде сөз тауып алған сәттер көп болды. Мен әзіл ойнап жүргенде «Жайдарман» ойындары «Қазақша квн» деп аталатын. Ол уақытта не ойнайтынымызды қойып-қойып алып, қалған әзілдерді сахнада аяқастынан шығаратынбыз. Ондай әзілдер де қызық болады. Бүгінде кинода да, медиажобаларда да жайдарманшылардың көптеп жүргені – олардың сол бейімділігінің арқасы. Әбден машықтанып, қолына ешкім диплом бермесе де, осы саланың нағыз маманына айнала алды. Жайдарманшылар – өнердегі кез келген салаға оң иығын беріп тұратын жігіттер. Сахнаны қатты сүйетіндер әлі де сол өнер саласына адал еңбек етіп келеді.
Дегенмен «Жайдарманда» көп адам ойнады. Оның барлығы өнер адамы, өнерге ғашық жандар, руханиятқа барлығы үлес қосып жатыр деп айту қиын. Әркімнің өз талғамы мен бітімі, мақсаты бар. Біреудің жан дүниесі шынымен де сахнаға ғашық, өнер жолын өлердей сүйеді. Енді біреулері көптің бірі, бірдеңенің кірі болып ілініп-салынып жүре береді. Сол сияқты әркімнің өз өмір танымы, алға қойған мақсаты көп нәрсені шешеді.
– Ал сол кездегі әзіл мен бүгінгі әздің сапасында айырмашылық бар ма?
– Жақсы әзіл қай заманда болса да сапасын жоғалтпайды. «Жақсы әзіл жазылған кезде де, айтқан кезде де қызық» деп бір ағамыз айтып еді. Міне, осындай әзілдер сәтті шығады. Оны қай ғасырда оқысаң да, қай ғасырда тыңдасаң да өз сапасын жоғалтпайды.
– Сіз «Жайдарманда» да, КТА-да да ойнадыңыз, жұмыс та істедіңіз. Сахнада цензура болуы керек пе? Болса қандай?
– Біз сахнада жүрген кезде ешқандай шектеу болған жоқ. Тек бір жылдары ешқандай орысша сөз қоспай, тек қазақша әзіл айтуға қатаң қарады. Одан кейін сол анайы сөйлемеу, боқтамау, белден төмен сөз айтпау сынды ережелер бар. Ал «Жайдарманда» да, КТА-да да саяси әзілдер ойналып жүр. Ешкім келіп шектеу айтқан емес.
– Қазір «Кітапхан» подкасты жастар арасында кеңінен танымал. Әсіресе, қазақ әдебиетін оқып көрмегендер мен кітапты серік етпейтіндер осы подкасты сүйіп тыңдайтынын жиі естіп жүрміз. Подкасттың негізгі мақсаты қандай? Жобаның басталуына не түрткі болды?
– Мен баяғыдан кітап оқығаннан кейін ойымды балаларға айтып жүретінмін. Кітаптағы қызықты оқиғаларды әңгімелеп беретінмін. Қасымдағы достарым таңырқап, қызығып қарайтын. Жоба авторы – жанымда жүрген інім Еркебұлан Бердалиев. Ол менің кітап оқитынымды, қалай сөйлейтінімді біледі. Менің әлеуметтік желідегі, өмірдегі мақсатым «қоғамға пайдамды тигізбесем де, зиянымды тигізбеу». Жеке өзімнің қара басым мен қарным үшін емес, қолымнан келгенше пайдамды тигізу. Мені экранның арғы жағынан көріп отырған іні-қарындастарым жаман әдет емес, жақсылық үйренсе екен деймін. Артымыздан өсіп келе жатқан жастарға жаман жақтан үлгі болмасам деймін. Бұл менің жеке мақсатым ғана емес, «Кітапхан» подкастындағы мақсатым да – осы.
Подкасттың алғашқы түсірілімін жасаған кезде «кім көре қояр дейсің» деп жобаның болашағына сенбедім. Өйткені мен Instagram-ға 2013 жылдан бері кітап төңірегіндегі ойларымды, поэзияларды саламын. Бірақ көп ешкім қарамайды. Өйткені аудиторияның сұранысы басқа арнаға бұрылып кеткен. Бірақ карантин кезінде де кітапты насихаттауымды тоқтатқан жоқпын. «Кітапхан» подкастын шығармас бұрын, бірінші техникалық кеш жасап, көрерменмен отырып, бұл дүниенің қоғамға пайдалы екеніне көз жеткіздік.
– Подкастта айтқан кейбір ойларыңыз бен сөздеріңізді әлеуметтік желі қолдаушылары қағып әкетіп, трендке айналдыруда. Тіпті, кейбір көрермен сізді «бүгінгінің Омар Хаямы» деп атайды екен. Бұған қалай қарайсыз?
– Қазір подкаст өз аудиториясын тауып, жұрттар көре бастағаннан кейін «біздің мақсатымыз – жұртқа рухани азық беру» деп өтірік көпіретін ештеңесі жоқ. Мақсатым – жоғарыда айтқандай, қоғамға зиянымды емес, кішкентай да болса пайдамды тигізу.
– Ал өзіңіз кітаппен қай жастан бастап доссыз? Ең жақсы көретін авторыңыз кім?
– Кітапты оқушы кезімнен бастап қызыға оқимын. Ең алғаш ертегілерден бастап оқыдым. Мектеп қабырғасында өлең де жазатынмын. Мүмкін, кітап оқуға құмарлығым табиғи болмысымнан да шығар. Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовты ерекше жақсы көремін.
– Оқырман ретінде қазіргі қазақ әдебиетінен не күтесіз?
– Қазақ әдебиетінен ештеңе күтпеймін, тек жақсылық тілеймін, «солай болса ғой» деп армандаймын. Шынайылық пен әділдік, адалдық іздген, осы қасиеттер жан дүниесін саялаған жазушылар қазақ әдебиетіне келсе екен деп тілеймін. Шынымен-ақ қазаққа жаны ашитын азаматтар ұлт үшін деп шығарма жазып қалдырса деп армандаймын. Қазір жұрттан гөрі өзін ойлайтын, танымалдылық пен атақ үшін кітап жазатындар көбейді. Олар ертең сұхбат бергенде «ел игілігі үшін» деп те ұялмай айтады. Ал жазғанын ашып қарасаң, шындықтың көлеңкесін де көрмейсің. Көп кітапты оқып, саралағаннан кейін де шығар, қазіргі жазушылардың кітабын оқығанда мақсатын бірден байқап қоямын.
Ал мен қазақ классиктерінің өткен ғасырда жазып кеткен шығармаларын оқып біткенше де біраз жасқа келетін шығармын. Өйткені 1950 жылдар мен 2000 жылдардың арасында жазылған том-том кітаптардың санына жету оңай емес. Соларды оқып алғаннан кейін арғы жағын көрерміз. Мүмкін, елі үшін, ұлты үшін жаны жабырқап, жүрегі шырылдап қалам тербейтін ақын-жазушылар шығып та қалар. Менің күтетінім – сол шындық, ақиқат, әділдік, елге деген махаббат. Мұхтар Шаханов сияқты жүрегіне осы сезімдер ұялаған жазушы шықса деп үміттенемін.
– Жақында «Келінжан» телесериалына түстіңіз. Бұл кинодағы алғашқы дебютіңіз бе? Ондағы образыңызды «Қылышбектің көшірмесі» деп жатқандарға не дейсіз?
– Жоқ, «Келінжанның» алдында да телесериалдарға түсіп жүрдім. Былтыр үлкен екі киноға түстім. Продюсер Гүлнұр Мамасарипова «Келінжанға» түсуге шақырғанда Қылышбекпен бірге-бір сахнада ойнайтын шығармыз деп ойладым. Өйткені Рүстем Жаныаманов – жақсы көретін актерім. Кино түсірілімі басталғанда өз сахналарыма түстім де, қайттым. Бұл жерде «Қылыштың рөліне таласу» деген ой да болған жоқ. Адамдардың не айтып, не жазып жатқанын оқымаймын. Ондай негатив пікірлерді оқыған кезде маған әсер етпейді. Себебі менің өз ұстанған бағытым мен мақсатым бар. Ол жерде мен Қылышбектің рөлін ойнағаным жоқ. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Рахман ағайдың рөлін сомдадым. Режиссерден біткеннен кейін «көңіліңізден шыға алдым ба?» деп сұрап едім, өз ризашылығын білдірді. 6-маусымға Рүстем Жаныамановтың түспейтінін кейін білдім. Білген жағдайда да маған ол әсер етпейтін еді. Себебі мен түсірілімге біреумен жарысу үшін, рөлге таласу үшін барған жоқпын. Керісінше, «мұғалімнің рөлі» дегенде қуанып бардым. Өмірде оқушыларға ақыл айта алмасақ та, кинода айтып қалайын дедім. «Келінжанға» түскеніме өкінбеймін. Алдағы сезондарына шақырса тағы да түсемін. Ал халық болған соң әртүрлі пікірдің айтылатыны да анық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН