Пәкістанда 26 маусымнан бері нөсер жауын салдарынан болған су тасқынынан мыңнан астам адам қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Пәкістанның Төтенше жағдайлармен күрес жөніндегі ұлттық басқармасының (NDMA) хабарлауынша, жалпы апат 1002 адамның өмірін қиды. Оның ішінде – 274 бала мен 163 әйел бар. Сонымен қатар мыңнан астам адам жарақат алған.
Пенджаб провинциясында 2,4 миллионнан астам адам табиғи апаттың зардабын шекті.
Су тасқыны елдің инфрақұрылымына да үлкен зиян келтірді: 12 мыңнан астам үй бүлінген, 6 509 бас мал қырылған.
Билік өкілдерінің айтуынша, биылғы су тасқыны 2022 жылғы апаттан кейінгі ең ірі зілзала болды. Ол кезде 1 700-ден астам адам қаза тауып, ел аумағының үштен бірі су астында қалған, ал жалпы шығын 32 миллиард доллардан асқан еді.