Сондықтан оған шебердің қолынан шыққан бұйым деп қана емес, ғасырлар қойнауынан сыр шерткен шұрайлы шежіре, тағылымды тарихтың бір парасы деп қарағанымыз абзал.
Осынау ұлттық құндылығымызды заман ағымымен үндестіріп, бүгінмен қайта қауыштырған қалалардың бірі – Тараз шаһары. 2022 жылы екі мың жылдық тарихы бар көне шаһар Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енді. Әрине, ықылым заманнан бері сауда-саттықтың ордасына айналған, тарихы тереңде жатқан қаланың бұл тізімге енуі – кездейсоқтық емес, заңдылық. Осылайша, Тараз бұл мәртебеге ие болған әлемдегі 56-шы, ал еліміздегі алғашқы қала атанды.
Ал өткен жылы қолөнершілер қалаларының қатарында болуға Алматы қаласы лайық деп танылса, күні кеше бұл тізім Түркістан шаһарымен толықты. Соған орай Түркістан төрінде TURKISTAN WORLD CRAFT FEST-2025 атты халықаралық фестиваль өтті. Ұлттық құндылықты ұлықтаған айшықты іс-шараға тараздық қолөнершілер де құрметті қонақ ретінде шақырылып, арнайы делегацияны Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бастап барды.
Халықаралық фестивальға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және Ресей мемлекеттерінен 100-ге жуық қолөнерші келсе, еліміздің әр аймағынан 300-ге тарта қолөнер шебері қатысты. Солардың сапында әулиеаталық 30-дан астам шебердің жүннен жасалған бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.
Маңызы зор іс-шараның шымылдығы Түркістан қаласының рухани-мәдени орталығында орналасқан «Қолөнершілер қалашығының» ашылуымен түрілді. Салтанатты рәсімде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров көпшілікті айтулы сәтпен құттықтап, алыстан ат арытып келген құрметті қонақтарға алғысын жеткізді.
– Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» арнайы Заңға қол қойды. Қабылданған Заңда қолөнер саласындағы шеберлерге мемлекеттік қолдау шаралары күшейтіліп, жергілікті қолөнершілердің кәсібін дамытуға жол ашылды. Ұлттық дәстүрді қолдау мақсатында «Қолөнер қалашығының» құрылысын жүргіздік. Биыл Түркістанға «Халықаралық қолөнершілер қаласы» мәртебесі берілді. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан тарихи шаһар ежелден қолөнер мен сауда орталығы болған. Қазір облысымызда 130-дан астам шебер еңбек етуде. Кешенде ұлттық қолөнердің сан түрлі бағыттары тоғысып, өңірімізге келетін туристер үшін жаңа мәдени орталыққа айналады. Қалашық тек сауда-саттық орны ғана емес. Бұл – шеберлердің тәжірибе алмасатын, жаңа туындыларын ұсынатын, жастарды өнерге үйрететін үлкен орталық. Қолөнершілер қалашығы Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтады, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Туристік және мәдени бағыттағы орталық 8 негізгі функционалды бөліктен тұрады. 20 шеберхана, көрме залдары, 2 шоурум, мейрамхана, қонақүй және туристік инфрақұрылымы бар қалашық 2,5 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда шеберлер ұлттық нақыштағы бұйымын жасап, көпшілікке ұсынып қана қоймай, тәжірибе алмасады. Нысан құрылысы жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылған.
Келесі кезекте «World Craft Council» халықаралық ұйымының құрметті елшісі Азиз Муртазаев сөз алып, Түркістан қаласының Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгенін растайтын ресми куәлікті табыстады. Түркістан бұл тізімге қыштан жасалған бұйымдары арқылы кіріп отыр.
Орталық Азия қолөнер ұйымының президенті, қырғызстандық Эльдар Аттакуровтың айтуынша, Тараз бен Түркістан қалаларының бұл мәртебеге лайық деп танылуы – Қазақстанның ғана емес, тұтас Түркі елдерінің рухани-мәдени өміріндегі маңызды белес.
– Бұл фестиваль – Орталық Азия кеңістігіндегі қолөнер шеберлерінің басын қосатын аса маңызды әрі ауқымды мәдени оқиға және ежелгі дәстүрлер мен заманауи көзқарастың тоғысқан, ұлттық мұраны ұлықтайтын бірегей алаң. Біз осындай бастамалар арқылы шеберлер еңбегін дәріптеп қана қоймай, бауырлас елдердің рухани сабақтастығын тереңдете түсеміз. Мен осыған дейін былтыр Тараз қаласында өткен қолөнер фестиваліне арнайы қатысып, тараздық шеберлердің еңбегімен жіті танысқан едім. Тараз – тек көне тарихымен емес, қолөнер мәдениетінің үзілмей келе жатқан дәстүрімен де ерекшеленетін ерекше шаһар. Осындай халықаралық деңгейдегі іс-шаралар қол-өнерді тек өткеннің мұрасы ретінде емес, бүгінгі өміріміздің бөлшегі, мәдени дипломатияның маңызды құралы ретінде дамытуға мүмкіндік береді, – дейді Э.Аттакуров.
Фестиваль әрі қарай «Достық үйінде» өткен «Түркістан қолөнер мұрасы және туризмнің болашағы» атты халықаралық қолөнершілер форумымен жалғасты. Жиында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков сөз алып, көне шаһардың Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы атануы саланың өрістеуіне тың серпін бергенін айрықша атап өтті.
– Ұлы Жібек жолының бойындағы талайғы тарихтың куәсі – Тараз қаласы бұл тізімге өзінің үлкен туристік және қолөнер әлеуетінің арқасында еніп, құрмет пен мәртебеге лайықты түрде ие болды. Бұл мәртебе шаһарымыздың халықаралық деңгейде танылуына жол ашты. Мәртебе берілген кезде қалада 70-тен астам қолөнерші жұмыс істеген болса, қазір олардың саны 250-ден асты, – деді.
Түркістан төрінде үш күнге ұласқан ауқымды фестиваль аясында қолөнер көрмелері, шеберлік сабақтары, ұлттық киімдер мен бұйымдар жәрмеңкесі, Fashion этно сән үлгісінің көрсетілімі мен танымал эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды. Бұл шара екі өңір арасындағы рухани һәм экономикалық байланысты тағы нығайта түскені хақ.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы